Ресейден келетін көліктер қымбаттауы мүмкін
Қазақстанда Ресейден әкелінетін автокөліктерге салынатын утиль алымын арттыру жоспарланып отыр. Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл өзгеріс екі ел арасындағы алым мөлшерлемелерін теңестіру және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы баға айырмашылығын реттеу үшін қажет екенін мәлімдеді.
Жаңа бастамаға сәйкес, Қазақстандағы утиль алым Ресейдегі деңгейге жақындатылмақ. Бұл өз кезегінде көрші елден жеткізілетін көліктердің бағасына әсер етіп, олардың біршама қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Соған қарамастан, министрлік жалпы нарықта бағаның жаппай өсуі күтілмейтінін айтады. Себебі ресейлік автокөліктердің үлесі Қазақстан нарығында айтарлықтай төмен.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда Ресейден барлығы 883 көлік сатылған (нарықтың 0,43%-ы). Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3088 данаға дейін өсіп, 1,31%-ды құраған.
Қазақстанға негізінен Lada маркасының Granta, Vesta, Niva сияқты бюджеттік модельдері, сондай-ақ ГАЗ және КамАЗ сияқты коммерциялық техника жеткізіледі.