Ресейдің Украинаға шабылуынан кемінде 6 адам қаза тауып, 31 адам жараланды
Ресей 2 шілде күні күндіз және кешке Украинаның бірнеше өңіріне әуе шабуылдарын жалғастырды.
Бұл соққылардың алдында Киевке жасалған жаппай түнгі шабуыл соғыс басталғалы бері ең көп адам қаза тапқан шабуыл ретінде бағаланған.
Украина билігінің мәліметінше, шабуылдар Херсон, Запорожье, Днепропетровск, Николаев, Харьков, Сумы және Донецк облыстарын қамтыды.
Херсонда дронның азаматтық көлікке жасаған шабуылынан 41 жастағы ер адам қаза тапты. Кейін медициналық мекемеге жасалған соққы салдарынан 63 жастағы дәрігер көз жұмып, медбике жараланды. Сондай-ақ шөп шауып жүрген жергілікті тұрғын жарылғыш затқа тап болып, мерт болды.
Запорожьеде тұрғын үй, дүкен қоймасы, пошта сұрыптау орталығы және спорт кешені зақымданды. Жеті адам жарақат алды, олардың арасында 6, 7, 12 және 16 жастағы балалар бар.
Днепропетровск облысында екі адам, оның ішінде жеті жастағы қыз бала қаза тапты. Тағы тоғыз адам жараланды. Зардап шеккендердің арасында 11 жастағы қыз бен 14 жастағы ұл бар. Өңірге шамамен 40 рет дрондармен, артиллериямен, басқарылатын әуе бомбаларымен және зымыранмен соққы жасалған. Көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, гимназия мен автокөліктер бүлінді.
Николаев облысында жанармай құю бекетіне жақын жерде болған дрон шабуылынан бір адам қаза тауып, жеті адам жараланды. Жанармай бекетінің ғимараты қирап, тұрғын үйлер мен көліктерге зақым келген.
Харьковте көпқабатты тұрғын үйге соққы жасалып, үш адам жарақат алды. Сондай-ақ жанармай құю станциясы мен бірнеше автокөлік бүлінген.
Сумы қаласына үш басқарылатын авиациялық бомба тасталды. Медициналық көмекке 11 адам жүгінді, олардың үшеуі – балалар. Тұрғын ауданындағы мектепке айтарлықтай зақым келген. Оқиға кезінде мектепте балалар болмағанымен, екі қызметкер жараланды. Бұдан бөлек, пошта көлігіне жасалған дрон шабуылынан жүргізуші мен пошта қызметкері зардап шекті.
Донецк облысының Краматорск қаласында дронның автокөлікке соққы беруі салдарынан бір адам жарақат алды.