«Самұрық-Қазына» биыл бюджетке 4 трлн теңгеден астам салық төлеуді жоспарлап отыр
Мәжіліс отырысында депутат Олжас Нұралдинов квазимемлекеттік сектордан түсетін салықтардың жартысынан астамы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі екенін айтты.
Оның сөзінше, өткен жылы бірқатар квазимемлекеттік компаниялардың бюджетке аударған төлемдері азайған, ал салық түсімдері бойынша көшбасшы ретінде бұрынғысынша «Теңізшевройл» қалып отыр.
Осыған байланысты депутат Үкіметтің «Самұрық-Қазынадан» түсетін салықтарға тәуелділікті қалай азайтатынын сұрады. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бұл мәселені шешудің негізгі жолы – экономиканы әртараптандыру және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту.
– Біз өңдеу секторындағы кәсіпорындардың санын арттыруға күш салып жатырмыз. Қазірдің өзінде шикізаттық емес салалардан түсетін түсімдердің өсімі байқалады, – деді министр.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» өкілі 2025 жылы қор компанияларының салық төлемдері өткен жылмен салыстырғанда 240 миллиард теңгеге өсіп, 3,6 триллион теңгеге жеткенін мәлімдеді.
Қордың болжамынша, жыл соңына дейін бюджетке аударылатын салық көлемі одан әрі артып, 4 триллион теңгеден асады. Осылайша, «Самұрық-Қазына» алдағы уақытта да ел қазынасын толықтырудағы негізгі салық төлеушілердің бірі болып қала бермек.