Сәтбаев Сиднейге аттанды
2025 жылдың басында «Қайрат» футбол клубының жас шабуылшысы Дастан Сәтбаев Англияның атақты «Челсиіне» ауысқан.
Ол кезде Дастан 16 жаста ғана болғандықтан, Тұманды Альбионға 18 жасқа толған соң, 2026 жылы тамыз айында баратыны айтылған. Содан бастап қазақ жанкүйерлері осы трансферді асыға күтіп жүрді.
Сәтбаев тамызды күтпей, биыл маусым айының аяғында Лондонға аттанған. «Челсидің» жаңа жаттықтырушысы Хаби Алонсо жас футболшының өнерін өзі бағалағысы келіп, Дастанды ертерек шақырып алған. Содан бері жанкүйер қауым екі көзі төрт болып, лондондық клубтың әлеуметтік желісін аңдумен болды. Ресми парақшадан Сәтбаевтың суретін көре қалса, шаттанып, шапалақ соғумен болды.
Сөйтіп жүргенде «Челси» Аустралия мен Азия елдерінде өтетін маусым алындағы жаттығу жиынына қатысатын 28 футболшының тізімін жариялады. Тізімде Коул Палмер, Жоау Педру, Лиам Делап, Эстевао Виллиан, Джейми Гиттенс сияқты үздіктер бар. Дастан Сәтбаев осы үздіктермен бірге маусым алды турға аттанды. Ол 36-нөмірлі жейдемен өнер көрсетеді.
Команда Аустралия мен Азияға сапар шегіп, бірқатар жолдастық кездесу өткізеді. Атап айтқанда, 28 шілдеде Сиднейде «Вестерн Сидней Уондерерспен», 1 тамызда осы қалада лондондық «Тоттенхэммен» кездеседі. Екі матч та Accor Stadium стадионында өтеді.
Ал 5 тамызда «Челси» Гонконгте италиялық «Ювентуспен», 8 тамызда Джакартада «Миланмен» матч өткізеді. 9 тамызда Малайзияның Искандар-Путери қаласында жергілікті «Джохор Дарул Тазим» клубына қарсы кездесу өткізеді. Дастан бұл ойындарда алаңға шыға ма, жоқ па, белгісіз. Жас футболшы 12 тамызда 18 жасқа толады.
БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, «Челси» Сидней қаласына ұшып барғанда Аустралияда тұратын қазақстандықтар жиналып, Сәтбаевқа қолдау көрсетіпті. Команданың ашық жаттығуына да қазақстандықтар көптеп барған. Бұл жас футболшыға жақсы қолдау болғаны анық.
Дастан Сәтпаев 18 жасқа толған соң ресми түрде «Челси» ойыншысы атанады. Ол негізгі команда сапында қала ма, жастар командасына қосыла ма, белгісіз. «Челси» жас қазақстандықты басқа командаға жалға береді деген де ақпарат бар. Лондондық клуб нақты шешімді Аустралия мен Азиядағы жаттығу жиынынан кейін қабылдайтын шығар.
Айта кетейік, қазір шетелде доп теуіп жүрген қазақстандық футболшылар көп емес. Атап айтқанда, Нұралы Әліп («Зенит»), Ғалымжан Кенжебек («Ахмат»), Максим Самородов («Ахмат»), Бахтиер Зайнутдинов («Динамо» Мәскеу), Лев Скворцов («Серикспорға») қатарлы ойыншылар шетелде өнер көрсетеді. Бұл тізімге еуропалық академияларда тәлім алатын жастарды қосқан жоқпыз.
Қуаныш Қаппас