2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні
Live

«Сәтті Жұлдыз» акцияларын AIX биржасына шығармақ

Қазақстандағы лотереяның бірыңғай операторы «Сәтті Жұлдыз» АҚ өз акцияларын Astana International Exchange (AIX) биржасының ресми тізіміне енгізбек.

Фото: ашық дереккөз

Мұндай шешімді компания акционерлері 10 қыркүйекте өткен жалпы жиналыста қабылдаған.

Компанияның корпоративтік оқиғалар туралы хабарламасына сәйкес, акционерлер «Сәтті Жұлдыздың» жай акцияларын AIX ресми тізіміне енгізу және оларды биржаның сауда жүйесінде саудалауға жіберу рәсімінен өтуге келіскен. Бұл туралы ақпарат 24 қыркүйек күні жарияланды.

Әзірге биржаға компания акцияларының қандай бөлігі шығарылатыны және қазіргі акционерлер өз үлестерін сатуды жоспарлап отыр ма, жоқ па – нақтыланбаған.

2025 жылдың соңындағы дерек бойынша, «Сәтті Жұлдыз» акцияларының 70%-ы кәсіпкер Сергей Шваловқа, ал 30%-ы TLC System Ltd компаниясына тиесілі. TLC System Ltd-тің түпкі иесі – кәсіпкер Николай Неплюев.

Компания 2025 жылы 232,95 млрд теңге түсім алып, 2,5 млрд теңге таза пайда тапқан. Салыстырсақ, 2024 жылы компания 121,1 млрд теңге түсіммен 1,4 млрд теңге шығынға ұшыраған. Осылайша, бір жыл ішінде түсім 92%-ға өскен. Компания басшылығы 2026 жылы түсім тағы 25%-ға артады деп болжаған.

Сонымен қатар, акционерлер 10 қыркүйектегі жиналыста компанияның корпоративтік басқару кодексін бекіткен.

Айта кетейік, «Сәтті Жұлдыз» – Қазақстан аумағында лотерея өткізу құқығына ие бірыңғай оператор. Үкіметтің 2017 жылғы шешімімен компанияға бұл құқық 15 жыл мерзімге берілген.

Қазіргі таңда акциялардың AIX-ке шығарылуы нақты қанша үлестің сатылатынын немесе жаңа инвестордың компания капиталына кіретінін білдіре ме – белгісіз. Бұл жөнінде «Жас Алаш» редакциясы «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ға ресми сауал жолдады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: сәтті жұлдыз