Сауд Арабиясы Иранға жауап соққыларын жасады
Иран өз аумағына жасалған шабуылдарға жауап ретінде Сауд Арабиясы жария етпей, Ислам Республикасына қарсы бірқатар жауап шабуылдарын жүзеге асырған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Шабуылдардың нақты қандай нысандарға бағытталғаны әзірге нақтыланбаған.
2026 жылғы сәуірде Иран шабуылынан кейін Эр-Риядтағы жарылыс.
Сауд Арабиясы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы кезінде Ислам Республикасының шабуыл нысанасына айналған болатын.
Reuters агенттігінің 12 мамыр, сейсенбі күні хабарлауынша, Саудияның бұл шабуылдары туралы бұған дейін жарияланбаған. Агенттік ақпаратты екі батыстық және екі ирандық шенеунікке сілтеме жасап таратқан.
«Сауд Арабиясының бұл шабуылдары корольдіктің алғаш рет Иран аумағында тікелей әскери операция жүргізгені туралы белгілі жағдай. Бұл оның аймақтағы басты қарсыласына қарсы қорғаныс мәселесінде әлдеқайда сенімді бола бастағанын көрсетеді», – делінген жарияланымда.
Батыстық екі шенеуніктің айтуынша, Саудияның шабуылдары шамамен наурыз айының соңында жасалған. Олардың бірі мұны «Сауд Арабиясына жасалған шабуылдарға берілген жауап қадам» деп атаған.
Сауд Арабиясының Ирандағы нақты қандай нысандарға соққы жасағаны белгісіз. Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігінің бұл жөніндегі сұрағына нақты жауап бермеген. Ал Иран СІМ журналистердің сауалына пікір білдіруден бас тартқан.
Сауд Арабиясы — Таяу Шығыстағы АҚШ-тың негізгі әскери одақтастарының бірі. Дәстүрлі түрде Эр-Рияд Вашингтонның қорғаныс қолдауына сүйеніп келген. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы кезінде Ислам Республикасы америкалық қорғаныс «қалқанын» бірнеше рет бұзып өте алғаны айтылады.
Бұған дейін The Wall Street Journal да дереккөздерге сілтеме жасап, Біріккен Араб Әмірліктері сәуір айының басында Иранға шабуыл жасағанын хабарлаған. Бірақ Абу-Даби мұны ресми түрде мойындамаған.
Басылым мәліметінше, Әмірліктердің нысаналарының бірі Иранның Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауыты болған.
WSJ есебіне сәйкес, соғыс басталғалы бері Иран Біріккен Араб Әмірліктері аумағына жалпы саны 2800 дрон мен зымыран жіберген. Бұл — Иранның кез келген басқа мемлекетке, соның ішінде Израильге жасаған шабуылдарынан да көп көрсеткіш.