Әлеумет

Семейде Лениннің 15 метрлік ескерткішін бұза бастады

Семейде Владимир Лениннің биіктігі 15 метр болатын ескерткішін бөлшектеу жұмыстары басталды.

Фото ашық дереккөз

Кеңес дәуірінен қалған алып монументтің басы алынып, айналасы қоршалған.

Ескерткіш қаланың орталық бөлігіндегі Жамақаев көшесінде орналасқан саябақта тұрған. Бұған дейін мұнда кеңестік қайраткерлердің бірнеше мүсіні мен бюсті болған. Олардың басым бөлігі саябақты қайта жаңғырту кезінде алынып тасталған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Ленин ескерткішінің техникалық жағдайына қатысты тұрғындар бірнеше рет шағым түсірген. Осыдан кейін арнайы комиссия монументті тексеріп, оның құлау қаупі бар екенін анықтаған.

Мамандар ескерткіштің тірек бөліктері зақымданғанын, металл конструкциялары қатты тот басқанын, сондай-ақ жарық пен саңылаулар пайда болғанын тіркеген.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аталған ақаулар монументтің беріктігін айтарлықтай төмендетіп, оның жекелеген бөліктерінің құлау қаупін туғызған.

Осыған байланысты ескерткішті апаттық жағдайда бөлшектеу туралы шешім қабылданған.

Лениннің қола ескерткіші 1977 жылы 5 қарашада Қазан төңкерісінің 60 жылдығына орай Семейдің орталық алаңына орнатылған. Ол Кеңес Одағындағы Ленинге қойылған ең ірі ескерткіштердің бірі саналған.

1995 жылы монумент орталық алаңнан көшірілген. Кейін бірнеше рет орны ауыстырылып, Жамақаев көшесіндегі саябаққа орналастырылған.

Айта кетейік, 2023 жылы Абай облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ұранхаев кеңестік кезеңнен қалған ескерткіштерді жоймай, саябақты ашық аспан астындағы музей ретінде сақтап қалу жоспары бар екенін айтқан.

Әзірге қала әкімдігі бөлшектелген қола ескерткіштің кейінгі тағдыры туралы нақты мәлімет берген жоқ.

Сайт Әкімшілігі