Live

Семейде оқушы сыныптасына пышақпен шабуыл жасады

Семейде екі 13 жастағы сыныптас арасындағы жанжалдан кейін екеуі де жарақат алды.

Фото: ашық дереккөз

 

Абай облысының полиция департаментінің хабарлауынша, 10 қыркүйекте полицияға дене жарақаттарымен екі адамның ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат түскен.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – делінген полиция хабарламасында.

БАҚ мәліметінше, сабақтан кейін екі 13 жастағы сыныптас мектеп маңында серуендеуге шыққан. Сол жерде олардың арасында жанжал туындаған. Салдарынан жасөспірімдердің бірі 15 жерінен пышақ жарақатын алған.

Ауыр жарақат пен көп қан жоғалтқанына қарамастан, бала жақын маңдағы үйге өздігінен жетіп, көмек сұраған. Кейін ол ауруханаға жеткізіліп, төрт сағатқа созылған ота жасалды. Дәрігерлер жасөспірімнің құрсақ қуысына пышақ кіргенін және бүйрегі зақымданғанын анықтаған.

Қазір оның жағдайы тұрақталған. Ол жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.

Екінші оқушы жеңіл жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.

Мектеп өкілдерінің айтуынша, екі жасөспірім бір сыныпта оқиды және бұған дейін жақын дос болған. Екеуі де профилактикалық есепте тұрмаған. Жанжалдың неден шыққаны анықталып жатыр.

Полиция тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою мәселесі қарастырылатынын хабарлады. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралады.

Іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім тергеу нәтижесінде қабылданады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қылмыс