Қоғам

Сенат ҰҚШҰ қызметіне қатысты заңды мақұлдады

Сенат депутаттары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдары құрылымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізуді көздейтін хаттаманы ратификациялау туралы заңды қабылдады.

Фото: ашық дереккөзден

Сенатор Геннадий Шиповскихтің айтуынша, түзетулердің басты мақсаты – ҰҚШҰ әскери құрылымдарының мүше мемлекеттер аумағында уақытша орналасуы мен тасымалдану тәртібін нақтылау.

Құжатқа сәйкес, келісімге «транзит», «әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету», «аэронавигациялық қызмет көрсету» сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі. Сондай-ақ әскери күштерді қабылдаушы ел аумағына жіберу шарттары нақтыланып, төтенше жағдайларда әскери тасымалдауға өтінім беру мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылады.

Бұдан бөлек, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен жүзеге асырылатын тасымалдар кезінде қабылдаушы немесе транзиттік тарап әуе кемелерін қабылдау және жөнелту, тұрақ орындарын ұсыну, күзет ұйымдастыру және аэронавигациялық қызмет көрсету секілді бірқатар қызметті ақысыз негізде қамтамасыз етеді. Ал жанармай мен арнайы техникалық материалдар бөлек келісімдер арқылы беріледі.

Сенатордың сөзінше, хаттаманы ратификациялау Қазақстанның мүддесіне және елдің ҰҚШҰ аясындағы халықаралық міндеттемелеріне сай келеді. 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: сенат ҰҚШҰ