Кейіпкер

Серік Жұманғарин. «ӘНБИЕ»

Әдетте қазақ әулие-әнбиені қосарлап айтады. Алайда жеке-дара атаса да, олардың салмағы кемімейді. Екеуіне ортақ дүние – тылсымды түйсіну қасиеті, алдағыны болжай алу артықшылығы және көріпкелдік Һәм сәуегейлік.

Фото: ашық дереккөз

«Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымның кейбір элементтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен біте қайнасып, әулие-әнбиелер ұғымының мазмұны толыға түсті», – дейді Уикипедия. Білесіз, «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстанның» кейбір «дүниетанымдық элементтері» үйлескен сәтте де, «әнбие» ұғымының мазмұны артқандай көрінеді. Өкініштісі, жоғары билікте «көріпкелдер» аз, «сәуегейлер» сирек. Ал «тылсымды түйсінуге» келгенде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен шендесетін кісі жоқ.

Әнбиенің әйгілі сөзі

Кейде шенеуніктің бір ауыз сөзі – оны не көкке көтереді, не биіктен «былш еткізіп», жерге түсіреді. Сондай бір даулы пікірді кейіпкеріміз 2019 жылы айтқан. Бірақ біз «Жұманғариннің жұрт ешқашан ұмытпайтын сол сөзі өзіне пайда әкелді немесе зиянын тигізді» дей алмаймыз. Анығы, көптің ішінде, қою шаңның арасында жүрген шендіні сол оқиға бүкіл Қазақстанға танытты. Әйтпесе, кейіпкеріміз оған дейін де талай қызметтің құлағын ұстаған. Жеке сектордағы директорлығын былай қойғанда, бірқатар министрліктерде департамент, комитет басқарған білдей басшы еді.

Әлгі әйгілі сөзін айтарда ол Ұлттық экономика вице-министрі-тұғын. Жиыннан кейінгі журналистермен кездесуінде түтігіңкіреп, біртүрлі болып тұрған. Сұрақ тариф тақырыбына ауысқанда, морт кетті. Алдында бірнеше журналист, әлденеше камера тұрғанына қарамастан: «Жынымды келтірмеңізші, блин!», – деп салды.

Шын болса, осы сөзді әлеуметтік желіден көрген әріптестері «Қап блин, «блинді» бекер айтты-ау» деп өкінген деседі. Бірақ өкінгеннен не пайда, айтылар сөз айтылып кетті. Саяси «сөз өнерінен» сауаты бар дөй басшылардың өзі әсте мұндай тіркесті қолданбайтын. Ал Жұманғариннің орысша-қазақшаны қосақтап қолдану әдісі былайғы жұртқа «шаңқай түсте жұлдыз көргендей» әсер етті. Оның ыңғайсыздау ықпалы жоғары биліктегілерге де жақпады ма, көп ұзамай кейіпкеріміз жынын алған бақсыдай болып, кешірім сұраған. Жалғыз Жұманғарин емес, сол кездегі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов те журналистердің алдында «басын иіп», былай деді: «Қазіргі вице-министр Жұманғарин жұмысын жалғастыруда. Кешірім сұрады. Әрине, ол уайымдап жүр».

Қызығы, осыны айтқан Дәленовтің өзі кейін қарамағындағы шендінің істі болуына байланысты отставкаға кетті де, бірнеше жылдан соң тап сол орынға Жұманғарин отырды. Бұл аралықта журналистер «жынын келтіріп алмайық» деп кейіпкеріміздің жел жағына шықпай жүрді ме, әлде министрдің өзі «мінезін буындырып» ұстады ма, әйтеуір, кейіпкеріміз анау айтқандай дау-жанжалға ұрынбаған. Есесіне, әйгілі сөзі мен сөз иесінің қызметте өсу деңгейі – бұл кісінің тегін адам емес екенін байқатқан алғашқы «белгі» болды деп шамалаймыз.

Фото: Informburo.kz

«Тәпішкесі – мың доллар...»

Елімізде әлдебір шенді аяқасты көтерілсе немесе үлкен қызметтің құлағын ұстаса, әріптестеріміз «бұл кісі қалай өсті?» деген сұраққа жабыла жауап іздейтіні бар. Кейіпкеріміз Ұлттық экономика министрі деген қызметке Премьер-министрдің орынбасары деген лауазымды қосып алған тұста, «бәле іздеген» журналистер оның айналасына көз салған. Міне, сол кезде министрдің үлкен қызы білегіне 5 мың доллардың сөмкесін іліп, аяғына 1 мың доллардың тәпішкесін сүйрететіні әлеуметтік желі арқылы байқалып қалды. «Ойпыр-ай, Ұлттық экономика министрі экономдауды өз отбасынан неге бастамайды?» деген сұрақ күш алды да, «зерттеу» өрістеді. Сол кезде Дмитрий Шишкин министрдің інісі Еркін Жұманғарин мен әпкесі Қалқа Жұманғарина, сондай-ақ қайын інісі Әлімжан Әбубәкіровтің бизнестеріне қатысты әп-әйбат зерттеу жасаған. Бірақ оның бәрін қайталай беру шарт емес.

Бірақ кімнің кім екені отбасына қарап бағаланатыны анық. Ал кейіпкерімізге бала-шағасына қатысты сұрақ қойылса, басын ала қашады. Мұны отбасының «қауіпсіздігі мәселесі» деп санайды. Алайда Серік Жұманғарин отбасының қауіпсіздігін он жерден қатаң бақылап, жүз жерден жасырып-жапса да, жұртшылық бәрібір әйелінің атын біліп алды. Әйелдің аты жайшылықта шыға ма, «Жұманғариннің Ақтөбедегі 10 пәтері» туралы дерек ютуб арналардың бірінде тараған. Сосын бүкіл БАҚ оны көшіріп басты. Сол бейнематериалда «Серік Мақашұлы 2016 жылы комитет басшысы болып жүргенде, параны мүлік күйінде алды. Кейінірек әйелі Сәния Садықова пәтерлерді Арслан Сапашев деген адамның атына аударған. Ал әр пәтердің бағасы 5,7-8 млн теңгенің аралығында» деген мәлімет берілген.

Бұл – көп министрдің бірі емес, Үкімет басшысының орынбасары деген дардай аты бар адамның абырой-беделіне әжептәуір нұқсан. Дегенмен кейіпкеріміз кейін даулы пәтердің өздерінікі екенін, өтірік айтып, жала жапқан арнаны сотқа беретінін мәлімдеген. Берді ме, бермеді ме, беймәлім, әйтеуір, Жұманғариннің «жала жапқыш» арнамен соттасып жүргені туралы дерек жоқ.

Әсілі, ақшаны еркек тауып, әйел жұмсайтынын білесіз. Әнбиелік қасиетінен бе екен, осы үрдіс кейіпкерімізге келгенде, керісінше «мән көрсетіп» тұр. Жыл басында Жұманғариннің әйелі 2014 жылы 88 678 984 теңге қосымша табыс тапқаны белгілі болды.

Сәния Садықованың сандығына түскен бұл қаржы бағалы қағаздар нарығына инвестиция салудан түскен кірістер, яғни дивидендтер мен сыйақылар ретінде алынған көрінеді. Шынын айтқанда, біз үшін қайдан келгені аса маңызды емес. Маңыздысы, жоғарыдағы 88 миллионды шотқа салсаңыз, айына 7,3 миллион теңгеден айналады. Демек, әйелінің табысы министрдің жалақысынан бірнеше есе көп деген сөз. Міне, осы есеп-қисаптың дерегіне үңілгендер «Қатыны күреп тауып жатса, Жұманғарин неменеге басын қатырып, жұмыс істеп жүр?» деген әңгіме шығарды. Бұл сөздің де біршама шындығы бар. Өйткені кейіпкеріміз «бас қатырғының» бастауын көбінесе өзінің тілінен табады. Соның бірі – шегірткенің шырылындай министрдің құлақ етін жеп келе жатқан төмендегі әңгіме.

Фото: primeminister

Шегірткеден чипсы қашан жасалады?

Байқаған шығарсыз, Қазақстанда журналистермен басы піспей қойған бір шенеунік болса, ол осы – Серік Жұманғарин. Бірақ әділін айтуымыз керек, кез келген дау-дамайға ешқашан бір ғана тарап айыпты болмайды. Кейде әріптестеріміз ортаға түскен шендіні «жанды жерінен» ұстап алып, ары-бері бұрайтыны бар. Төртінші биліктің «тепкісіне» әбден ысылған қулар эмоцияға берілмей, ебін тауып құтылып кетеді. Ал Серік Мақашұлы ше? Бұл кісі ақ лақты кездестірген көпір үстіндегі көк лақ құсап, «айбат шегіп» аз тұрады да, аузына келген сөзді «періп» кеп қалады. Бітті, арты – қып-қызыл дау.

Кейде сұрақтан ауытқып, журналистерге өзі «бәле» тауып береді. Мысалы, «Шегірткеге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?» деген оп-оңай сұраққа бұл кісі былай деп жауап берген: «Шегіртке әрқашан бізбен бірге болды. Динозаврлар мен мамонттардың құрдасы. Біз онымен әрдайым күресіп келеміз, күресе береміз. Кейбір елдер оларды өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ шын мәнінде, бұл – халал өнім».

Енді қараңызшы, Жұманғариннен «шегірткенің құрдасын» сұраған кісі бар ма? Оның халал немесе харам екенінің сұраққа қатысы қанша? Осы сауалдар күш алып, бүкіл қоғам үйірлі шегірткенің ызыңындай гуілдеп ала жөнелгенде, кейіпкеріміз бүй деді: «Мен сіздермен көптен бері сөйлесіп жүрмін ғой. Мен кейде көңіл көтеру үшін де осындай сөздерді айтамын. Кейде сіздердің көңілдеріңізді көтеру үшін осылай сөйлеймін».

Міне, бәрі түсінікті болды. Сөз ұғатын журналист болса, Серік Мақашұлына алғыс айтуы керек. Себебі бұл кісі үнемі «түмірейіп» жүретін астаналық әріптестеріміздің кіржиген қабағын ашып, көңілдеріне «жел беру» үшін шегірткенің «жеті атасын түгендеп», әзіл айтқан. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін қазақ бұл үшін өкпелесе, жараса ма?! Өйткені кейіпкеріміздің сөзі біртүрлі болғанымен, ниеті – түзу. Бірақ «алмақтың да салмағы бар» екенін ескерген бір әріптесіміз, осы әңгімені бір жылдан соң қайта қоздатты ғой. Естеріңізде болса, Жұманғарин шегірткенің «текті» екенін айтып, ҚМДБ халал екеніне қатысты пәтуа беріп, ел-жұрт «қазанға асып жеген жөн бе, әлде табаға қуырып жеген дұрыс па?» деген сұрақты «талқылап» жүрген кез – 2024 жыл болатын. Ал 2025 жылы журналистердің бірі «Қазақстанда шегірткеден чипсы қашан жасалады?» деген сұрақты төтеден қойып кеп қалды. Былай қарасаңыз, бұл да «көңіл көтерудің» жөніне ұқсайды. Егер министр осы кезде «Әй сендерде қоймадыңдар-ау, мені бір шегірткенің «жамбасын мүжіді» дейсіңдер ме? Бұл әңгімені осы жерден доғарайық» деп бір күліп алса, құда да – тыныш, құдағи да – тыныш.

Өкініштісі, Серік Мақашұлы «көңіл көтеруге» шорқақ болып шықты. Жоғарыдағы сұрақты естігенде, оқыста сынған айғыр шегірткенің сирағындай шарт ете қалып, былай деді: «Мен қашан шегірткеден чипсы жасайық деп ұсыныс айттым? Нені ойдан шығарып отырсыздар? Мен ол шегірткені жеу керек деп айтқан жоқпын! Қайта-қайта неге бұрмалап айтып отырсыздар? Мен тек оның халал өнім екенін айттым. Бұл мәліметті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да растады. Бірақ мен оны жеу керек дедім бе? Жеймін десеңдер – өздерің біліңдер».

Білесіз ғой, шегіртке – ортаға қойып, «сен же, мен же» деп отыратын семіз тайдың телшегі емес. Оның үстіне, Жұманғарин халалдығын қуаттады екен деп ешкім шегіртке қуып кетпейтіні анық. Бірақ осы дау неден шықты? Әрине, кейіпкеріміздің өзінен шықты! Ал «неге шықты?» деп сұрасаңыз, «Шегіртке жеген бір қазақ болса, ол – осы Жұманғариннің өзі болуы мүмкін» дейтіндер бар. Мұның мәнісін ашуды келесі бөлімге қалдырайық.

Фото: Akorda.kz

Тәліптер тәрелкесіндегі астың әңгімесі

Серік Мақашұлының әнбиелік қасиетін Ақорда өте тиімді пайдаланып отырған секілді. Өйткені әлемнің басым бөлігі террористік ұйым деп таныған тәліптермен байланыс орнатуда дәл осы Мақашұлының мәмілегерлік қуаты жиі кәдеге асып жатыр. Ауғанстан билігін 2021 жылы күшпен басып алған тәліптер Астанаға келсе, «Ассалаумағалейкум!» деп алдынан Жұманғарин шығады. Ауғанстанға делегация баруы керек болса, жұлынып шығатын адам – тағы сол Жұманғарин. 2023 жылы Қазақстан Ауғанстанға 81 вагон гуманитарлық көмек жөнелткенде, қазақтың сәлемдемесін тәліптерге Серік Мақашұлының өзі барып табыстаған.

Енді қараңыз, Исламда шегірткенің халал екенін естідіңіз. Ал мұсылмандықтың «қайнап жатқан» бір аймағы – Ауғанстан. Қайда барса да, қолынан қаруын тастамайтын тәліптер дастарқанға бір табақ шегіртке қойып, «Астан алып отырыңыз, Сіз үшін ауланған» деп, буы бұрқыраған халал тағамды автоматының ұшымен Сізге қарай жақындатса, «Біз мұндайды жемеуші едік» деп, бас тарта аласыз ба? Міне, осыны ескерген қулар ғой, Жұманғаринге «шегіртке жегізгісі» келіп жүргендер. Алайда бұл жорамалды шындыққа жақындататын ықтимал себеп жалғыз ғана: кейіпкеріміз Ауғанстанға 2023-те барды, ал Астанада тұрып, шегірткенің халал екенін айтқаны – 2024 жыл.

Бірақ бірден ескертейік, біз мұндай долбарларға сенбейміз. Сонша жерге селкілдетіп, 81 вагон көмек апарғанда, таңдаған асыңды іше алмасаң, қазақтығың қайда, ғажаптығың қайда?! Сондықтан басында «көңіл көтеру» үшін айтылса да, артынан өмірі таусылмайтын жырға айналған шегіртке дауына осы жерден нүкте қойып, одан да маңыздырақ мәселеге көшеміз.

Фото: ашық дереккөз

«Баласы» үшін «әкесі» жауап бере ме?

Кейіпкеріміздің бір қасиеті – өзіне ұнамайтын сұрақ естісе, қарсы сауалмен «сабалай» жөнеледі. Болмаса, жауаптан жалтарады да, «үріккен» шегіртке құсап, «ыршып» кетеді. Мысалы, «Әйеліңіз 88 миллион теңгені қалай тапты?» деген қарапайым сұрақты қанша айналдырып сұраса да, Жұманғарин толымды жауап бермей қойған. Ал «Қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру туралы ұсыныстың авторы кім?» деген сұрақ қойылғанда, жауап былай болды:

– Оны не істейсіз?

Не істеуші еді, журналист болған соң, сұрайды. Журналист болған соң, білгісі келеді. Біздіңше, осы жердегі әңгіме ортадан үзіліп қалғандай көрінді. Егер журналист «Не істейтінімде шаруаңыз қанша? Жынымды келтірмеңізші, блин!» десе, бұл да «көңіл көтерудің» жоралғысына кеп қалар еді...

Сонымен қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру туралы ұсыныстың авторы белгісіз болып қалса да, Салық кодексінің «қожасы» нақтыланды.

«Реформа үшін кім жауап береді?» деген сұраққа Жұманғарин «жауапкершілікті өз мойныма аламын» деп ескертіп, сөзіне тағы мынаны қосқан: «Жалпы үкіметтегі экономикалық саясатқа жауапты болғандықтан, менің міндетімде. Біреу мені «салық реформасының әкесі» деп атапты. Солай-ақ болсын».

Кім біледі, бекер жүргенше, «әлдененің әкесі» болып жүрген де дұрыс шығар. Бірақ Серік Мақашұлының өзегін жарып шыққан «перзенті» халыққа не береді? Бұл өте маңызды сұрақ. Ал кейіпкерімізге сенсеңіз, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» жақындап келе жатқан түрі бар. Өйткені Ұлттық экономика министрі 2026-2035 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының даму болжамын түзіп тастапты. Ондағы болжамға, яғни әнбиелік деректерге сенсеңіз, 2029 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Ал бюджет тапшылығы кезең-кезеңімен қысқарады. 2030 жылдан бастап республикалық бюджет толықтай тапшылықсыз қалыпқа көшеді. Оны айтасыз, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылғы 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін ұлғаяды екен.

Керемет емес пе?! Кірісінен шығысы көп мемлекеттің Ұлттық қордағы автиві еселеп артса, елдің де мұртын балта шаппас еді. Бірақ ол ненің есебінен өседі? Әрине, министрдің «ұлының»! Ұлы – Салық кодексі. Қазақтың «бала берсең – сана бер, сана бермесең – ала бер» дейтін мәтелі осындайда еске түседі. Қосымша құн салығының 16 пайызға көтерілуі – бағаның жылдам өсуіне әкелді. Демек, Жұманғариннің «баласы» халықтың қалтасын қағып жатыр деген сөз. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Екінші жағы – салықтың артуы кәсіпкерлерге соққы болып тиді. Алысқа бармай-ақ, айналаңызға қарасаңыз, жұмысын доғарып, кәсібін тастаған адамдар жетіп артылады.

Бірақ мұндай деректерге Серік Мақашұлы ешқашан сенбейді. Сенбейтінін мамыр айының басында тағы көрсетіп, былай деді: «Сын айтатындар жиі эмоцияға негізделген ақпарат береді. Біреу «бизнес мынаны істеді», «бизнес басқа елге көшіп жатыр» дейді. Бірақ ешкім нақты сандарды атамайды, нақты дереккөздерге сілтеме жасамайды. Яғни ол ақпарат жалпылама сипатта және шынын айтсам, сене салуға болмайды».

Дегенмен кейіпкеріміз не айтса да, жыл соңына дейін талай шындықтың беті ашылады. Жеке кәсіпкер атанып, өз күнін өзі көріп жүргендердің қатары сиресе, бюджетке салық аспаннан түспейді ғой. Ондай жағдайда, кейіпкеріміз «әкелік құқынан» айырылып қана қоймай, «баласы» үшін жауап беруіне тура келеді. Міне, сол кезде Сіз бен біз Серік Мақашұлының сәуегейлігі қаншалықты дәл келгенін білетін боламыз.

Түйін

«Жалпы несие алатын адамды ақылды адам деп санаймын. Егер адам көп несие алып жатса, демек оны төлейтіндей жақсы табыс табады деген сөз…».

Бұл сөзді кейіпкеріміз тура осыдан бір жыл бұрын Мәжілістегі жиыннан кейін айтып, әлеуметті ырду-дырду жасаған. Мақашұлының дәл осы пікірі, біздіңше – әнбиелік «парасаттың» шыңы. Егер кейіпкеріміздің көңіл таразысымен өлшесек, біріне жеткізсе, біріне жеткізе алмай, қарызға батқан қарапайым жұрт – «ақылды». Ал «ақымақ» кісінің қызы 1 мың доллардың тәпішкесін сүйретеді де, әйелі бір жылда 88 миллион теңге сыйақы алады! Көрдіңіз бе, мәселе қайда?! Бізше болса, әнбиелік ақиқаттың бар құпиясын міне осы тұстан іздеген кісі жаңылмайтын сияқты...

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт Әкімшілігі