спорт

Шахмат тақтасындағы жас чемпион

Шахмат тақтасында 64 шаршы ғана бар. Алайда сол шағын тақтаның үстінде терең ой, жүйрік ақыл және сабыр мен мінез сыналады. Бір қарағанда үнсіз өтетін партияның артында сағаттаған дайындық, сан түрлі комбинацияны есептеу және жеңіске деген жігер жатыр.

Фото: ашық дереккөз

Онда асығыстыққа орын жоқ, әр жүріс тиянақты есеппен жасалады. Осындай қасиеттерді қаршадайынан бойына сіңірген Данис Қуандықұлы бүгінде Қазақстанның жас шахматшылары арасында ғана емес, халықаралық аренада да танылып жүрген спортшы. Шахматтан екі дүркін әлем чемпионы өткен аптада ғана Қырғызстанда өткен жарыста топ жарып, халықаралық шебер атағына ие болды.

13 жастағы Данис Қуандықұлы шахмат әлеміне ерте араласып, өз жас санатында жоғары нәтиже көрсете бастады. Оның қабілетін жақындары кішкентай кезінен байқап, шахмат үйірмесіне берген. Анасының айтуынша, Данис екі жас шамасында-ақ шахматқа ерекше қызығушылық танытыпты. Тіпті шахматты алғаш үйреткен адам кейін оны жеңе алмай қалған. Осыдан кейін ата-анасы баласының бойындағы қабілетті байқап, оны кәсіби түрде шахматпен айналысуға бағыттаған.

Жас спортшының алғашқы үлкен жеңіске 2023 жылы жетті. Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Данис U10 санатында бақ сынап, алтын медаль иеленді. 11 турдың қорытындысында ол 9 ұпай жинап, бірде-бір партияда жеңілмей, жеті рет ұтып, төрт рет тең түсті. Бұл жеңіс Қазақстан шахматы үшін де тарихи жетістік болды. Данис үшін әлем чемпионы атағы үлкен мақсаттарға бастайтын жаңа баспалдаққа айналды. Ал 2024 жылы Данис әлем чемпионы ретінде Италияның Монтесильвано қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының U12 санатында ойнап, 7,5 ұпаймен 13-орын алған.

2025 жыл Данис үшін ерекше табысты болды. Алматыда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатына 88 елден 842 жас шахматшы қатысты. Ол U12 санатында бақ сынап, 175 қатысушының арасынан 9 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Шешуші сәттерде Данис сабыр сақтап, мүмкіндігін соңына дейін пайдалана білді. Турнирдегі соңғы партиялардың бірінде қарсыласы цейтнотта қателік жіберіп, Данис сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланды. Осылайша, Данис Қуандықұлы екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл жолы ол Түркия мен АҚШ-тан келген мықты қарсыластарынан озып шықты. Осы әлем чемпионатында Даниспен бірге Қазақстанның тағы екі жас шахматшысы – Әлиша Бисалиева мен Әдинұр Әділбек те әлем чемпионы атанды. Осылайша Қазақстан құрамасы командалық есепте де үздік нәтиже көрсетті. Кейін жас шахматшылар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевпен кездесті.

Данис шахмат тақтасын мүмкіндіктер алаңы санайды. 2026 жылдың шілдесінде ол Қырғызстанда өткен Орталық және Солтүстік Азия жасөспірімдері арасындағы чемпионатта U18 санатында бақ сынап, тоғыз партияның жетеуінде жеңіске жетіп, екеуін тең аяқтады. Нәтижесінде 8 ұпай жинап, турнирде оқ бойы озық шығып, рейтингтік көрсеткіші 2 533 болды. Осы нәтижесінің арқасында Даниске халықаралық шебер (IM) атағы берілді. FIDE ережесіне сәйкес, U18 санатындағы аймақтық чемпионат жеңімпазына бұл атақ тікелей беріледі.

Жас шахматшының еңбегі елімізде де жоғары бағаланды. 2024 жылғы KazChess Awards марапатында Данис Қуандықұлы «Жыл үміті» аталымының жеңімпазы атанды. Бұл марапат оның жасөспірімдер арасындағы ерекше нәтижелерін мойындаудың бір көрінісі болды.

Тақтадағы әр жүріс – үлкен жеңіске бастар қадам

Шахмат – тек тақта үстіндегі ойын емес. Ол – мінездің, төзімділіктің және ойлау қабілетінің жарысы. Шахматта тек жақсы жүріс табу жеткіліксіз. Кейде бірнеше сағат бойы тақта алдында отырып, сабыр сақтай білу керек. Қарсылас мықты болған сайын психологиялық төзімділік те маңызды рөл атқарады. Өйткені шахматта бір партияның нәтижесі бүкіл турнирдің тағдырын шешуі мүмкін. Сондықтан әр ойынға соңғы ойын секілді жауапкершілікпен қарау қажет.

Данистің жетістіктері оның жасына қарамай, шахматтағы мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Екі дүркін әлем чемпионы атану – кез келген жас спортшы үшін ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже. Жас чемпионның жетістігіне сырттай қараған адам оның жеңістерін оңай келгендей қабылдауы мүмкін. Алайда оның артында талант қана емес, ата-анасының қолдауы, бапкерлерінің еңбегі және күн сайынғы дайындық тұр. Бұл туралы Данис өзі сұхбатында: «Бізде дайындық үздіксіз жүреді, тіпті жыл он екі ай өтеді деуге болады. Сондықтан намысты қолдан бермеуге тырысамын», – дейді. Шахматта дайындық тек жарыс алдында ғана жүргізілмейді. Қарсыластарды зерттеу, партияларды талдау, қателерді түзету, жаңа комбинацияларды үйрену – мұның бәрі тынымсыз еңбекті талап ететіні сөзсіз. Мұны оның әрбір жарысынан көруге болады. Жеңіліс болуы мүмкін, қиын партия кездесуі мүмкін, уақыт қысқаруы мүмкін. Бірақ соңғы жүріске дейін күресу – чемпионның басты қасиеттерінің бірі.

2025 жылы әлем чемпионы атанғаннан кейін Данис пен халықаралық гроссмейстер Александр Кашашвили «Доброе утро, Казахстан» бағдарламасына сұхбат берді. Бағдарламада жас чемпионның қалай дайындалатыны, үлкен спорттағы жеңіске жету жолы және шахмат тақтасындағы ойынның ойлау қабілетіне әсері сөз болды.

Данистің шахматтағы арманы да үлкен. Жас чемпион әлемге әйгілі қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлікпен ойнап, оны жеңгісі келетінін де айтқан. Бұл оның өзінен әлдеқайда тәжірибелі ойыншылардан қорықпайтынын, керісінше, мықты қарсыласпен ойнау арқылы шеберлігін шыңдауға ұмтылатынын аңғартады.

Алда асар асу, бағынар белес көп

Жасөспірімдер шахматындағы жетістіктерден кейін Данистің алдында енді мүлде басқа міндеттер тұр. Өйткені шахматта жас ұлғайған сайын қарсыластардың дайындығы да, ойынның күрделілігі де өзгереді. U10 немесе U12 санатында жақсы нәтиже көрсеткен ойыншының кейінгі жылдары сол деңгейін сақтап қалуы оңай емес. Әрбір жаңа жас санаты – жаңа бәсеке, жаңа қарсыластар және жаңа талаптар.

Сондықтан Данис үшін алдағы кезеңнің басты мақсаты тек тағы бір чемпиондық атақ алу емес, ойыншы ретінде жан-жақты қалыптасу болмақ. Әлемдік шахматта жасөспірімдер арасындағы мықты ойыншылардың өзі біртіндеп ересектер турнирлеріне ауысып, рейтингі жоғары қарсыластармен тәжірибе жинай бастайды. Мұндай жарыстарда нәтиже ғана емес, әр партиядан сабақ алу маңызды.

Қазір шахматтың кәсіби әлемінде жас ойыншылардың дайындық тәсілі де өзгеріп келеді. Бұрын шахматшының негізгі құралы тақта, кітап және жаттығу дәптері болса, бүгінде компьютерлік бағдарламалар мен арнайы шахмат платформалары дайындықтың ажырамас бөлігіне айналды. Ойыншы өзінің партиясын бірнеше минуттың ішінде талдап, қай жерде қателескенін, қандай мүмкіндікті мүлт жібергенін анықтай алады. Қарсыластың бұрынғы партияларын зерттеп, оның дебюттегі әдетін, стилін және белгілі бір позициялардағы шешім қабылдау тәсілін алдын ала саралауға мүмкіндік бар.

Бұл өзгеріс жас шахматшылардың бәсекесін бұрынғыдан да күшейтті. Қазір талантты болу жеткіліксіз. Шахматшы заманауи технологияны дұрыс пайдаланып, өз ойынын үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Әлемдік аренада бір-бірімен бәсекеге түсіп жүрген жас ойыншылардың дайындығы да барған сайын кәсіби сипат алып келеді.

Данис үшін бұл – жаңа мүмкіндіктердің бірі. Себебі оның жас кезінде халықаралық жарыстарда көп тәжірибе жинауы кейінгі кәсіби жолына үлкен негіз бола алады. Әлемнің әр түкпірінен келген ойыншылармен ойнау арқылы ол әртүрлі шахмат мектептерімен танысады. Бір елдің ойыншысы позициялық шахматқа басымдық берсе, екіншісі шабуылға бейім болуы мүмкін. Осындай әртүрлі стильдермен кездесудің өзі шахматшының ойын көкжиегін кеңейтеді.

Шахматта қарсыластың әртүрлілігі – үлкен мектеп. Кейде жеңілген партия жеңіске жеткен ойыннан да көп сабақ береді. Себебі жеңілістен кейін ойыншы өз қателігін іздеуге мәжбүр болады. Қай жерде дұрыс шешім қабылдамады? Қай сәтте асығыстық танытты? Қандай мүмкіндікті байқамай қалды? Осындай сұрақтарға жауап іздеу арқылы шахматшы өз деңгейін көтереді.

Сондықтан Данистің келешегін тек медальдар санымен бағалау дұрыс емес. Оның алдағы жылдардағы ойын сапасы, рейтингтік тұрақтылығы және жоғары деңгейдегі турнирлерде қаншалықты сенімді өнер көрсететіні маңызды болмақ.

Әлемдік шахматтың жаңа буыны

Бүгінде Данис өсіп келе жатқан буынның қатарында әлемдік шахматтың жаңа келбетін қалыптастырып жатқан ойыншылардың бірі. Оның жасы шамалас шахматшылар арасында да халықаралық аренада аты шыққан таланттар бар. Олардың әрқайсысының жетістікке жету жолы әртүрлі болғанымен, ортақ ерекшелігі – шахматты ерте бастап, жоғары деңгейдегі бәсекеге жас кезінен бейімделуі.

Алматыдағы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Данис Қуандықұлы үшін ең есте қаларлық партиялардың бірі түркиялық Али Пойраз Өздемирмен өткен кездесу болды. Екеуі де турнирдің басты фавориттерінің қатарында еді. Тақта басына отырған сәттен-ақ бұл партияның жай ғана кезекті кездесу емес, көшбасшылардың өзара сынағы екені сезілді.

Жас шахматшылар ұзақ уақыт бойы бір-бірінің әлсіз тұсын аңдуға тырысты. Әр жүріс есеппен жасалып, қарсыластың келесі қадамын алдын ала болжау маңызды болды. Мұндай сәтте шахматшының шеберлігімен қатар сабыры да сыналады. Данис те асықпай, позицияны мұқият бақылап отырды. Али Пойраз да сақ ойнап, қазақ шахматшысына бастама бермеуге тырысты. Партия соңына дейін тартысты өрбігенімен, екі ойыншы да шешуші басымдыққа ие бола алмады. Нәтижесінде кездесу тең аяқталды. Бұл жарты ұпай Данис үшін де, Али Пойраз үшін де маңызды еді, өйткені турнирдің соңғы кезеңдерінде әрбір ұпайдың бағасы арта түскен.

Ең қызығы, чемпиондық тағдыр кейінгі турларда шешілді. Турнирдің соңғы, 11-туры алдында Али Пойраз 9 ұпаймен көш басында тұрды. Алайда ол сириялық Мазен Фандимен ойында жеңіліп қалды. Ал Данис соңғы турда Дамир Булгакты жеңіп, 9 ұпайға жетті. Нәтижесінде қос ойыншының ұпайы теңескенімен, Данис Бухгольц коэффициенті бойынша алға шығып, әлем чемпионы атанды.

Осылайша, Али Пойразбен болған тең ойын Данистің чемпиондық жолындағы маңызды белестердің біріне айналды. Ал шешуші сәтте қарсыласының әр партиясын жіті бақылап, соңына дейін күрескен Данис психологиялық тұрғыдан да мықтылығын көрсетті. 12 жасында әлемнің ең мықты жас шахматшылары жиналған додада алтын медаль иеленуі – оның тек шахмат тақтасындағы шеберлігін ғана емес, үлкен бәсекеге дайын екенін де аңғартты.

Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі