Live

Шекеев желтоқсаншыларды қаралаған Алматы тұрғынын сотқа бермек

Заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде Мұхтар Шахановқа қатысты айтылған пікірлерге байланысты блогерді сотқа беретінін мәлімдеді.

Фото: скриншот

Оның сөзінше, жарияланған бейнежазбада айтылған сөздер ұлттың намысына тиеді. 

«Бұл мәселеге байланысты ресми түрде арыз түсіремін», - деді ол.

Сондай-ақ заңгер TikTok-тағы «Mabethador» қолданушысына ғана емес, бұған дейін қазақтарға тіл тигізді делінген Виолетта Паршинаға қатысты да Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша шағым түсірмек.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде бір азамат Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановтың атына өзгерту бастамасына қарсы пікір білдірді.

Оның сөзінше, аталған көшені Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ақтаған «біреудің» атымен атау орынсыз. Тіпті ол адамның атын атаудың өзі жағымсыз екенін айтты.


Азамат өз пікірінде: «Абдулла Розыбакиев ел үшін көп еңбек сіңірді. Ал оның орнына ұсынылып отырған адам не істеді? Бұл петицияға қол қойған алматылықтарды көргім келеді. Бұлар бұрынғы біз білетін алматылықтар емес сияқты», - деді.


Еске салайық, бұған дейін Алматыда Розыбакиев көшесінің атауын Мұхтар Шахановтың есімімен өзгерту ұсынылған болатын. Осыған байланысты қоғам белсенділері Gosrating.kz платформасында арнайы петиция жариялаған. Қазіргі таңда бастаманы 10 мыңнан астам адам қолдап үлгерді.

Сайт Әкімшілігі