Оқиғалар

Шенеуніктердің суретін рұқсатсыз жариялау мәселесі Құрылтайда талқыланды

Шенеуніктердің суретін рұқсатсыз жариялау мәселесі Құрылтайда талқыланды

Фото: Ақорда

Қазақстанда шенеуніктердің фотосуреттері мен бейнежазбаларын олардың келісімінсіз жариялау тәртібін нақтылау ұсынылды. Бұл мәселе Құрылтай отырысында талқыланды.

Депутат Максим Рожин мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа сауал жолдап, заң жобасындағы азаматтардың бейнесін келісімінсіз пайдалануға қатысты нормаларды қайта қарауды ұсынды.

"Заң жобасында адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға және жариялауға рұқсат етілетін жағдайларды нақтылау көзделген. Жалпы, әлеуметтік желілер мен Deepfake технологиялары дамыған қазіргі жағдайда мұндай норма уақтылы әрі қажет болуы мүмкін. Алайда, біздің ойымызша, жеке өмірді қорғау мен қоғамның заңбұзушылық фактілерін білу құқығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық немесе өзге де құқықбұзушылықтардың нақты фактілері болған жағдайда лауазымды тұлғаның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға және жариялауға мүмкіндік беретіндей етіп ұсынылған норманы толықтыру қажет", – деді депутат Максим Рожин.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев бұл ұсынысқа қатысты өз ұстанымын білдіріп, даулы мәселелерге түсініктеме берді.

"Егер лауазымды тұлға құқықбұзушылық жасап жатқан сәтте сіздің камераңызға түсіп қалса, оның бейнесін жариялау үшін арнайы келісімін талап ету, жұмсартып айтқанда, қисынсыз болар еді. Сондықтан біз мұндай тәсілді дұрыс деп есептейміз. Мұндағы басты мақсат – қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі бейнетүсірілім мен адамның жеке, отбасылық өміріне қатысты бейнетүсірілімнің аражігін ажырату. Өйткені әр адамның жеке өмірі бар және оған қол сұғуға болмайды. Бұл, түптеп келгенде, Конституцияның талабы. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер", – деді министр.

Сондай-ақ Арман Қырықбаев ресми іс-шаралар, жиналыстар және Құрылтай қабырғасында өтетін отырыстар кезінде фото немесе бейнетүсірілім жүргізу үшін шенеуніктердің келісімін алу міндетті емес екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Құрылтай