«Шерзат ісінен кейін де ештеңе өзгерген жоқ»: Талғар неге тыншымады?
Қазақ қоғамында үлкен резонанс тудырған қылмыстық істердің бірі – жасөспірім Шерзат Болаттың қазасына екі жыл толмай жатып, Талғар ауданында тағы да қанқұйлы қылмыстар жасалып жатыр.
Бұл жолы 20 жастағы Анвар Мұсаевтың туыстары көмек сұрап, қоғамға үндеу жасады.
Қаза болған жігіттің туыстарының айтуынша, Анвар бір топ жігіттің қолынан қаза тапқан. Оқиға 2026 жылғы 12 сәуірде Талғар ауданында болған. Жақындарының сөзінше, оған 10-нан аса адам шабуыл жасап, пышақтап өлтірген. Туыстары тергеудің ашық әрі әділ жүруін талап етіп, шырылдап жүр.
Талғарда жасөспірімдердің қылмысы, адам өлімі неге тоқтамады? Соңғы жылдары бұл ауданның аты қылмыстық хроникадан түспей тұр. Әр оқиғадан кейін «тергеу бақылауда», «кінәлілер жазаланады», «профилактика күшейеді» деген ресми сөздер айтылды. Бірақ арада көп уақыт өтпей, тағы да кісі қолынан адам өледі. Анвар Мұсаев қазасы – осы тізбектің соңғы буыны ғана. Оған дейін Шерзат Болат, Әлихан Даниярұлы, Ғалымжан Кәрімов көз жұмды, бала ұрланды. Мұны кездейсоқтық деуге келе ме? Талғардағы қылмыс туралы сөз қозғалғанда, біз тек көшедегі бұзақылықты ғана емес, сол бұзақылыққа жол беріп отырған орта мен оны тоқтата алмаған жүйе туралы айтуға мәжбүрміз.
Анвар Мұсаевтың өлімі туралы алғашқы ақпарат әлеуметтік желі арқылы тарады. Жас жігіттің туыстары оның бір топ адамның шабуылынан кейін көз жұмғанын айтып, қоғамнан көмек сұрады. Олардың айтуынша, бұл жай төбелес емес, соңы адам өлімімен аяқталған аса ауыр қылмыс. Бұдан бөлек, Анвардың туыстары өздеріне қысым жасалып жатқанын да мәлімдеді. Оқиғаға қатысты бейнежазбалар бар екен, бұдан бөлек 30-дан астам куәгер де анықталған көрінеді. Соған қарамастан, қамауға алынғандар тым аз. Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта 20 жастағы бір күдікті ұсталған, тағы үш адам бұзақылық бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалған, екі адам үйқамаққа алынған, кәмелетке толмаған бір жасөспірімге бұлтартпау шарасы қолданылған. Алайда марқұмның жақындары тергеудің бір адамды ғана қылмыс жасады деп танығанымен келіспейді. Олар бұл істің қоғам назарынан тыс қалмауын және толыққанды тергелуін талап етуде. Олар заңгерлік көмек қажет екенін айтып, жұртшылықтан қолдау сұраған.
Мұның себебі бар. Өйткені Талғардағы бұрынғы қылмыстық істердің көбі күдік қалдырды. Бірінде күдіктілер кеш ұсталды, тағы бірінде туыстары полицияға сенбеді, енді бірінде ресми нұсқаға жұрт иланбады. Сондықтан да марқұмның жақындарының алаңдауы түсінікті. Талғардағы әр трагедия бұрынғы жараның бетін қайта тырнайды. Шерзаттың өлімінен кейін қоғам «енді бұл аудан қырағы бақылауға алынады, тәртіп күшейеді, мұндай қылмыс қайталанбайды» деп үміттенген. Бірақ ол үміт ақталмаған сияқты...
Шерзаттың қазасы: құпиясы көп қылмыс
2024 жылғы қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза болды. Бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Жасөспірімнің өлімі қатардағы қылмыс ретінде қабылданған жоқ. Қоғам оны «Талғардағы қылмыстық топтардың әрекеті, топтық зорлықтың салдары, полицияның әлсіздігінің көрінісі» деп бағалады. Шерзаттың қазасынан кейін ел ішінде «Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ бар ма?» деген сұрақ жиі қойылды. Кейбір белсенділер мен тұрғындар жергілікті жерде қорқыныш атмосферасы барын, белгілі бір топтардың ықпалы сезілетінін айтты. Алайда Ішкі істер министрлігі «Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ» деп жауап берді. ІІМ-нің мұндай мәлімдемесі қоғамда екіұшты қабылданды. Шерзат ісі тергеліп жатқанда тағы да бірнеше күмәнді оқиға болды. Марқұмның үйі өртенді, ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ресми органдар оның өлімін суицид деп түсіндірді. Бірақ туыстары бұл нұсқаға сенбеді. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов наразылық танытқаны үшін қамалды.
Сайып келгенде, Шерзаттың қазасы полицияға деген ел сенімінің қаншалықты екенін көрсетті. Бұл істің қоғамдық резонансына байланысты жоғары билік біраз лауазымды тұлғаларды қызметінен босатты. Талғар ауданында полиция бастығы ауысып, ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев қызметінен кетті. А.Рысбаев бұл қызметте небәрі 11 ай отырды. Алайда бұл отставкалардың нәтижесі ел күткендей болмады. Арада екі ай өтпей, 2024 жылғы желтоқсанда А.Рысбаев қайтадан жоғары лауазымды қызметке тағайындалды. Ол ІІМ министрінің бұйрығымен Көліктегі полиция департаментінің бастығы болды. Бұл жайт реформаның формалды сипатын көрсеткендей және ішкі істер жүйесіндегі «өз адамдарын қолдау» дәстүрі сақталып қалғанын аңғартты.
Әлиханның өлімі: 17 күн ес-түссіз жатқан жасөспірім
Шерзат ісінен кейін Талғар жұрты әлі есін жия алмай жатқанда, тағы бір жасөспірімнің өлімі туралы хабар тарады. 14 жастағы Әлихан Даниярұлы түнде үйіне қайтып бара жатқанда жоғары сынып оқушылары оны жұрт көзінен таса, қараңғы жерге алып барып, соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған жасөспірім 17 күн ес-түссіз жатып, тілге келместен көз жұмды. Бұл хабар талғарлықтарды тағы дүрліктірді.
Алғашқы кезеңде жасөспірімнің «өзі құлаған болуы мүмкін» дегендей күмәнді нұсқалар айтылды. Алайда Әлиханның әкесі баласының жай құлап жарақат алмағанын, оны әдейі ұрып-соққанын мәлімдеп, полицияның іс-әрекетіне күмән келтірді.
Шерзат ісінен кейін Талғар ауданында профилактика күшейгені, құқық қорғау органдары бақылауды арттырғаны, жастармен жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылған. Алайда қылмыс көрсеткіші мен нақты мысалдар жағдайдың мүлдем басқа сипатта екенін көрсетіп берді.
Әрекетсіздіктің салдары: зорлық жасалды, адам өлді, бала ұрланды
Талғар ауданында болған тағы бір қайғылы оқиға мынау: жәбірленуші әйел полицияға зорлық туралы арыз жазған. Алайда полицияның әрекетсіздігінің салдарынан ол әйелдің ағасы қазаға ұшырап, екі жасар қызы ұрланды. Бұл ауыр қылмыстардың бәрі бір күнде жасалмаған. Қылмысқа дейін жәбірленуші әйел өзіне зорлық жасалғаны туралы полицияға арыз түсірген. Яғни полицияның қолында күдікті туралы мәлімет пен арыз болған. Тіпті жәбірленушінің туыстары күдіктіні өздері тауып, полицияға тапсырған. Бірақ оны полиция босатып жіберген. Кейін не болды? Әлгі күдікті қарумен қайта келіп, үстінен арыз жазған жәбірленуші әйелдің 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, екі жасар баласын ұрлап әкетті. Арнайы жасақ баланы кейін аман алып қалды. Бірақ полиция аса ауыр қылмысқа жол беріп қойды.
Бұл іске қатысты кейін учаскелік инспектор істі болды. Ол қызметтік салғырттық пен жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Сотта инспектордың қорғау нұсқамасын рәсімдеу кезінде жәбірленушінің қолы жалған екені айтылды. Сараптама қолтаңбаның әйелге тиесілі емес екенін растағаны, айыпталушының өзі де мұны мойындағаны белгілі болды.
Ғалымжан Кәрімовтің қазасы: «Іздеуші-сұраушысы жоқ» деп көміп тастаған
Талғардағы тағы бір күмәнді іс – Ғалымжан Кәрімовтің өлімі. Оның әке-шешесі ұлының өліміне қатысты істі қайта қарап, ашық тергеуді талап етті. Кейбір деректерге қарағанда, оқиға былай болған: Ғалымжан интернет арқылы бір қызбен танысып, Талғарға барған. Кейін ол полиция бөліміне жеткізілген. Туыстарының айтуынша, Ғалымжан кейін үйіне келгенде полиция бөлімшесінде қысым көргенін, басына пакет кигізіп тұншықтырғанын, ұрып-соққанын, осы заңсыз әрекеттер кезінде камералардың өшірілгенін жазып кеткен.
Ең сорақысы, әке-шешесі жоғалған ұлын іздеп жүргенде оның мәйітін «іздеуші-сұраушысы жоқ» адам ретінде көміп тастаған. Туыстары бұл туралы тек 40 күн өткен соң білген. Бұл істе де марқұмның туыстары ресми нұсқаға күмән келтіреді. Олар істі ҚР ҚК-нің 105-бабы – өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша қайта қарауды талап етіп отыр.
Асылбек ҚАРАЕВ, заңгер: Өзін қорғай алмайтын полиция сені қалай қорғайды?
– Талғар ауданында полиция қызметкерлері ескі ғимаратта отыр. Жаңа ғимарат салуға жер бөлінген, бірақ ғимарат салуға ақша бөлінбеген. Талғардағы бүкіл ғимаратта газ болғанымен, оларда газ жоқ. Жанармай сатып алып, ғимаратты қыста сонымен жылытады. Полиция қызметкерлерінің жағдайы жасалмаса, интернеті болмаса, олардың жұмыс нәтижесі де төмендейді. Айтайын дегенім, Талғар полициясының басшылығы «жағдайымызды жасаңдар» деп жоғарғы басшылығынан талап ете алмайды. Қорқады.
Мен бұл жағдаймен толық таныспын. Өйткені қыста қамалғаным бар. Камера суық болды. Сосын мен: «Қашан жылытасыңдар?!», – деп талап ете бастадым. Олар «жанармай бітіп қалды, насос бұзылды» деп сылтау айтты. Бастықтарын шақырдым, «прокурор келсін» дедім. Осы талабымнан кейін олар камерама жылытқыш қойып, өздері тоңып отырды. Оларға «сендер тоңып отырсыңдар ғой» десем, «үйреніп қалғанбыз, бүгін тұрсам, ертең орныма басқа біреу келеді» дейді.
Міне, жағдай осындай. Құқық қорғау органдары халықты қорғауы керек. Сол үшін жалақы алады. Алайда олар өзін қорғай алмай жатса, сені қалай қорғайды?! Өзінің тоңып жатқанын айта алмаса, саған қалай қорған болады?! Сенің мәселеңді қалай шешеді?!
Бізде мемлекеттік қызметкерлер туралы заң бар. Бірақ мемлекеттік қызметкер сорлы болсын деген талап жоқ. Мысалы, сіз екеуміз – біріміз журналист, біріміз заңгер ретінде ой-пікірімізді халыққа ашық жеткізіп отырмыз. Егер менің орныма прокурор немесе полиция бастығын шақырсаңыз, мұндай нәрселерді ашық айта алмайды.
Егер біз болашағымызды ойласақ, жұмыс істеуге мүмкіндік жасауымыз керек. Ал жалған ақпарат беріп, «сен тимесең, мен тимен...» деп қол қусырып отыра берсек, Қазақстан ешқашан дамымайды.
Қағаз жүзінде ғана орнаған тәртіп
Осындай оқиғалар бірінен соң бірі болып жатқанда ресми органдар «Талғарда құқықбұзушылық азайғанын» хабарлады. Ауданның 10 мектебі мен 3 колледжінде құқықтық тәрбие сабақтары өткізілгені, шамамен 9 мың сабақ ұйымдастырылғаны, 400-ге жуық оқушымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілгені айтылды. Ресми мәлімет бойынша, қылмыстық құқықбұзушылықтар саны алты есе азайған, әкімшілік құқықбұзушылықтар 29,5 пайызға төмендеген-мыс.
Егер құқықбұзушылық шынымен алты есеге азайса, Талғар неге тыншымай тұр? Неге адам өлімі тоқтамады? Жасөспірімдер арасындағы қылмыс неге азаймады? Полицияның әрекетсіздігіне неге тоқтам болмады? Жәбірленушілер не себепті тергеу органдарына күмән келтіре береді? Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ.
«Ішкі істер органына түбегейлі реформа керек» деген қоғам талабы көптен бері айтылып келеді. Түрлі қанқұйлы қылмыстардан соң құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі көрініп қалғанда бұл талаптың маңызы арта түсетіні белгілі. Алайда түбегейлі реформа қашан жасалатыны, қағаз жүзінде ғана орнаған тәртіп қашан шынайы тыныштыққа айналатыны әзірге белгісіз.
Тұрсынбек БАШАР