Талғарда 20 жастағы жігіт пышақталып қаза тапты – туыстары көмек сұрайды
Алматы облысы Талғар ауданында тағы бір адам өлімі қоғамда алаңдаушылық туғызды. 2026 жылғы 12 сәуірде 20 жастағы Анвар Мұсаев бір топ жігіттің шабуылынан кейін қаза тапқан.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға досының тойынан кейін болған. Анварға 10-нан астам адам шабуыл жасап, оны қоршап алған.
«Бұл кездейсоқ жанжал емес – алдын ала ойластырылған топтық шабуыл болды. Оны қоршап, қорғануға мүмкіндік бермеді», – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Оның сөзінше, Анвар алған пышақ жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Куәгерлер көп, бірақ күдікті аз
Туыстарының айтуынша, оқиғаға қатысты бейнежазбалар бар және 30-дан астам куәгер анықталған. Соған қарамастан, қамауға алынғандардың саны аз.
Полиция мәліметінше, аталған факті бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта:
-
20 жастағы бір күдікті ұсталған;
-
тағы үш адам бұзақылық бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалған;
-
екі адам үйқамаққа алынған;
-
бір кәмелетке толмағанға оқшаулаусыз бұлтартпау шарасы қолданылған.
Алайда марқұмның жақындары адам өлтіру ісі бойынша тек бір адамның ғана күдікті ретінде қарастырылуымен келіспейді.

«Бізге қысым көрсетіліп жатыр»
Марқұмның әпкесінің айтуынша, шабуылға қатысқан өзге адамдар әлі күнге дейін бостандықта жүр.
«Біздің отбасымызға қысым көрсетіліп жатыр. Бізді “татуласу” туралы құжатқа қол қоюға және шағымнан бас тартуға мәжбүрлеуде. Бұл – жауапкершіліктен қашу әрекеті», – дейді ол.
Оның айтуынша, отбасы әділдік үшін күресті тоқтатпайды.
«Біз үнсіз қалмаймыз. Құқық қорғау органдарынан бұл істі жеке бақылауға алуды сұраймыз», – деп жазды ол.
Қоғамдық қолдау сұрайды
Қаза болған жігіттің туыстары бұл істің назардан тыс қалмауын және толыққанды тергелуін талап етуде. Олар заңгерлік көмек қажет екенін айтып, жұртшылықтан қолдау сұраған.
«Бұл – орны толмас қайғы. Бірақ біз тек қайғырып қана қоймай, әділдік үшін күресуге мәжбүрміз», – делінген үндеуде.

Айта кетейік, бұған дейін Талғар ауданында Шерзат Болаттың өлімі де қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 2024 жылы 4 қазанға қараған түні бір топ жігіт әке-шешесінің көзінше ұрып, пышақтап өлтіріп кетті. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың қайтыс болғаны белгілі болды.
2025 жылы маусым айында Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот үкімі шықты.
Басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жыл, Равиль Сакиев 20 жыл, Шыңғыс Белғожаев 7 жыл, Дархан Әскентай 7 жыл, Нұрқияс Ілиясов – 9 жыл (бұрынғы 2,5 жылға шектеу жазасын қосқанда), Нұрбол Тоқтаубаев, 7 жыл, Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл (бұрынғы жазасын бірге қосқанда), Дидар Қалиахмет 7 жыл, кәмелетке толмаған Думан Ысқақ 1,5 жылға сотталды.
Шерзаттың отбасына сотталушылардан моральдық шығын өндірілді. Шерзаттың әкесі мен шешесіне, әжесіне:
▪️Шынасыл әр жәбірленушіге 20 млн теңгеден;
▪️Сакиев әр жәбірденушіге 15 млн теңгеден;
▪️Қалған сотталушыларың әрқайсысы 10 млн теңгеден береді.
Кейіннен Думан Ысқақ жазасын өтеп түрмеден шықты.