"Доңыз" тұмауының "қорсылы" қанша адамды түшкіртті?
Биыл қыркүйек айының басынан бері Қазақстанда ЖРВИ-дің 1 млн 500 мыңға жуық дерегі тіркелген.
Оның 295-і A (H1N1) вирусын жұқтырған. Аурудың алғашқы жағдайлары Астанада байқалды. Көпшілік арасында шошқа тұмауы аталып кеткен бұл вирустың елде таралуы алаңдаушылық туғызғанымен, мамандар жалпы эпидемиологиялық ахуалды күзгі маусымға тән қалыпты деңгей дейді.
Қауіпті вирустардан қалай қорғанамыз?
Тұмаудан бөлек, елде риновирус, бокавирус және аденовирус сияқты басқа да респираторлық инфекциялар таралған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат БЕЙСЕНОВА мәлімдеді.
"Зерттеу нәтижесінде 345 риновирус, 195 бокавирус және 189 аденовирус жағдайы анықталды. Бұл бір-біріне ұқсас белгілердің әртүрлі вирустардан туындауы мүмкін екенін аңғартады. Сондықтан аурудың түрін өз бетінше анықтап, ем тағайындауға болмайды. Қажет болған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралған жөн", – деді Сархат Бейсенова баспасөз мәслихатында.
Сырқаттанғандарға медициналық көмек көрсету үшін республика бойынша 13 335 инфекциялық төсек-орын әзірленген. 23 қарашадағы мәлімет бойынша, олардың 63 пайызы науқастарға толған. Дегенмен балалар бөлімдеріндегі жағдай күрделірек. Онда инфекциялық бөлімдегі төсек-орындардың 69,4 пайызы бос емес. Ал тұмауға қарсы вакцина алғандардың саны 2 065 649 адамға жеткен.
"Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға 2,2 млн доза "Гриппол плюс" вакцинасы сатып алынды. Вакцина құрамында ДДҰ ұсынымдары ескеріліп, тұмау вирусының үш нұсқасына қарсы компоненттер бар: A (H1N1), A (H3N2) және B. Вакцинациялау жұмыстары 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін жалғасады", – деді Сархат Бейсенова.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 381 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе аз. Соңғы апталарда коронавирустың зертханалық талдау арқылы расталған 29 оқиғасы анықталды. Коронавирус бойынша мониторинг апта сайын жүргізіледі. Мамандардың мәліметінше, әзірге вирустың жаңа түрлері тіркелмеген. Соңғы секвенирлеу нәтижелері бойынша, былтырдан бері елімізде коронавирустың "Омикрон" штамының "Стратус" тармағы айналымда жүр.
Терапевт-дәрігер Фариза НҰРЫМБЕТОВА "дүрбелеңге негіз жоқ, бірақ босаңсуға да болмайды" дейді. Оның айтуынша, эпидемиологиялық маусым әлі аяқталмағандықтан, алдағы қыс айларында ауру деңгейі қайта жоғарылауы мүмкін. Сондықтан ол тұмау өршіп тұрған уақытта қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді. Оған қолды үнемі жуу, үй-жайларды желдету, науқас адамдармен тығыз байланыстан аулақ болу жатады.
Шошқа тұмауы қаншалықты қауіпті?
Шошқа тұмауының анықталуы көпшілікті алаңдатқаны рас. Әзірге вирустың кеңінен таралу қаупі жоғары емес. Егер науқастар дәрігерлердің нұсқауын қатаң сақтап, үйде оқшауланса, вирустың одан әрі таралуын тежеуге болады дейді мамандар. Фариза Нұрымбетованың айтуынша, шошқа тұмауы (A (H1N1)pdm09) – жедел респираторлық ауруды тудыратын А тұмауы вирусының қосалқы типтерінің бірі. Вирус негізінен науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Бұл аурудың вирустары жануардан адамға және керісінше, адамнан жануарға беріле алады.
"Шошқа тұмауы, әдетте, аяқастынан басталады. Науқастың дене қызуы 38-40°C-қа дейін көтеріліп, қалтырау, бас ауруы, бұлшықеттердің сырқырауы мен қатты әлсіздік байқалады. Кейбір жағдайда вирус тыныс алу жүйесін зақымдап, вирустық пневмонияға және жедел тыныс жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ науқастың жүрегі айнып, құсуы немесе іші өтуі мүмкін.Кейбір науқастарда жүрек айну, құсу және диарея байқалуы мүмкін. Ең қауіпті асқынуларының бірі – вирустық пневмония", – дейді дәрігер.
Сонымен қатар тұмау кезінде кейбір белгілер аурудың асқынып бара жатқанын білдіруі мүмкін.
"Тыныс алу қиындаса, ентікпе пайда болса, кеуде тұсы ауырып немесе қысылса, ерін мен бет көгере бастаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Сондай-ақ сананың шатасуы, құрысу, сұйықтық іше алмау немесе зәрдің азаюы да қауіпті белгілерге жатады. Науқастың жағдайы алғашында жақсарғанымен, кейін дене қызуы қайта көтеріліп, жөтелі күшейсе, мұны да елеусіз қалдыруға болмайды. Балаларға қатысты да ерекше сақтық қажет. Тынысының жиілеуі, дем алған кезде қабырға арасының ішке тартылуы, әдеттен тыс ұйқышылдық пен сұйықтық ішуден бас тарту – шұғыл назар аударуды қажет ететін белгілер. Ал үш айға толмаған нәрестенің дене қызуы 38°C-қа немесе одан жоғары көтерілсе, оны дереу дәрігерге көрсету қажет", – дейді Ф.Нұрымбетова.
Дәрігер қазіргі уақытта COVID-19 инфекциясының да кездесетінін жоққа шығармайды. Коронавирус толығымен жойылған жоқ. Сондықтан маман осындай инфекциялық аурулардың өзіне тән белгілерін де атап өтті.
"Шошқа тұмауы, COVID-19 және құс тұмауының белгілері бір-біріне ұқсас болғанымен, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Үшеуі де дене қызуын көтеріп, жөтел, әлсіздік және тыныс алу жолдарының зақымдануын тудыруы мүмкін. Дегенмен аурудың басталу сипаты, қосымша белгілері мен жұғу жолдары арқылы олардың айырмашылықтарын байқауға болады. Шошқа тұмауының негізгі белгілерін атап өттім. Ал COVID-19 инфекциясы әр адамда әртүрлі болады. Кейбір науқастарда ауру біртіндеп басталса, енді бірінде белгілер кенеттен пайда болады. Дене қызуы көтеріліп, тамақ ауырады, жөтел мен әлсіздік байқалады. Оны басқа инфекциялардан ажыратуға көмектесетін белгілердің бірі – иіс пен дәм сезудің бұзылуы. Дегенмен бұл белгі барлық науқаста кездесе бермейді. Коронавирустың тағы бір ерекшелігі – тыныс алу жүйесімен шектелмей, басқа ағзалар мен жүйелерге де әсер етуі. Кей жағдайда тромбоз қаупін арттырып, аурудан кейін ұзақ уақыт сақталатын постковидтік синдромға әкелуі мүмкін", – дейді дәрігер.
Осылайша, шошқа тұмауында дене қызуы күрт көтеріліп, бұлшықеттер сырқырай бастаса, COVID-19 инфекциясына белгілерінің әртүрлілігі және иіс пен дәм сезудің бұзылуы байқалады. Ал H5N1 вирусына (құс тұмауы) құстармен байланыстан кейін инфекция жұқтыру және көздің қабынуы тән.
"Құс тұмауы (H5N1) басқа екі инфекциядан ең алдымен жұғу жолымен ерекшеленеді. Вирус адамға негізінен ауру жұқтырған құстармен немесе жануарлармен байланыс кезінде беріледі. Инфекция дене қызуының көтерілуі, жөтел, ентігу сияқты белгілермен көрінеді. Сонымен қатар көздің қызаруы мен конъюнктивит байқалуы мүмкін. Алайда бұл белгілер вирустарды нақты ажыратуға жеткіліксіз. Себебі олардың клиникалық көріністері ұқсас болуы мүмкін. Нақты диагноз зертханалық талдау арқылы анықталады. Әсіресе ауру құстармен байланыстан кейін дене қызуы көтеріліп, жөтел немесе ентігу пайда болса, медициналық көмекке дереу жүгіну қажет", – дейді Фариза Нұрымбетова.
Терапевт-дәрігер вирустық инфекциялардан қорғанудың жолдарын түсіндірді. Вирустық инфекциялар жиілейтін маусымда денсаулыққа бейжай қарамай, аурудың алдын алу шараларын сақтаған жөн. Дәрігердің айтуынша, инфекциядан қорғанудың ең тиімді жолдарының бірі – тұмауға қарсы вакцина алу. Ол аурудың ауыр өтуі, асқынуы қаупін азайтады. Маусымдық тұмауға қарсы вакцинаның құрамында H1N1 вирусына қарсы компонент те бар. Дәрігер жабық әрі адам көп жиналатын орындарда медициналық бетперде тағуға кеңес береді. Сондай-ақ тұмау белгілері бар адамдармен жақын байланысқа түспеген дұрыс. Бұл қарапайым шаралар инфекцияның таралу қаупін төмендетуге көмектеседі. Ағзаның қалыпты иммундық қызметін сақтау үшін күнделікті әдеттерге де мән беру қажет. Құнарлы тамақтану, жеткілікті ұйықтау, тұрақты дене белсенділігі және созылмалы ауруларды бақылауда ұстау маңызды. Сонымен қатар Фариза Нұрымбетова дәрі-дәрмектерді өз бетінше қабылдамау керек деп ескертеді.
"Өкінішке қарай, халық арасында тұмаудың алдын алу мақсатында антибиотиктерді, иммуномодуляторларды және түрлі вирусқа қарсы препараттарды негізсіз қолдану жиі кездеседі. Антибиотиктер вирустық инфекциялардың алдын алмайды және оларды емдемейді. Ал иммунитетті көтереді деп жарнамаланатын көптеген препараттардың тиімділігі жеткілікті деңгейде ғылыми дәлелденбеген.Вирусқа қарсы емнің және басқа да дәрілік препараттарды тағайындаудың қажеттілігін дәрігер анықтайды", – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, вирустық инфекцияның алдын алу үшін көп дәрі қабылдау емес, ғылыми дәлелденген профилактикалық шараларды қолдану маңызды.
Маржан СӘБЕТ