Сараптама

Ұрланған малдың ізі қайда?

Ұрланған малдың ізі қайда?

Мал шаруашылығы

Бір түнде қорадағы бірнеше малдың жоғалуы – ауылдағы ағайын үшін жай ғана шығын емес, маңдай тері мен адал еңбектің зая кетуі. Төрт түлігін түлетіп, соның табысымен күн көріп отырған шаруаның ұрлықтан кейінгі шығынын өтеу оңай емес. Ал егер "мал басын көбейтемін" деп несие алған болса ше? 

Мал ұрлығы мен барымта жасауға заңмен тосқауыл қойылғанымен, мұндай қылмыстар әлі де жалғасып келеді. Бұған осыған қатысты тіркелген істер куә. Сонымен ұрылардың ізіне түсу, қолды болған малды қайтару, қылмыстың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Мал ұрлығының тыйылмай отырған себебі неде?

Әсіресе бұл мәселемен ауылдағы ағайын жиі бетпе-бет келеді. Қарапайым шаруаның берекесін қашырған мал ұрлығы бойынша тіркелген дерек азайды делінсе де, төрт түлікті қолды қылатындардың әрекетіне әлі тосқауыл болмай тұр. Тіпті құқық қорғау органдары қылмыстың ашылу көрсеткіші де жақсарып келе жатқанын айтады. Алайда ұрланған малдың барлығы өз иесіне дін аман қайтарыла ма?

Бір түнде 42 тоқты ұрланған

Жақында "Жас Алаш" реакциясына Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек би ауылының тұрғыны Нұрбек Баққожаұлы хабарласып, бір түнде 42 тұяқ қойынан айырылғанын жеткізді.

Оқиға 3 қарашада болған. Шаруаның айтуынша, ұрылар қорадағы 220 тұяқ қойдың ішінен іріктеп, семіз малын ғана алып кеткен.

"Қорада 220 тұяқ қой бар еді. Соның ішінен 42-сін таңдап алыпты. Алдымен жергілікті учаскелік полицияға хабарластық. Бір-екі күн іздестіргендей болды. Одан кейін Есік қаласындағы полиция мекемесіне бардық. Олар да іздестіріп жатқанын айтты. Бірақ әуелі өзімді тергеп, "Малды өзің сатып жіберген жоқсың ба? Мойындай салсаңшы" деп мазақ етті. Бұған кәсіпті серіктесіммен бірге жүргізетінім себеп болған шығар. Екеуміз мал базарда сауда жасаймыз. Қора-жайым кең болғандықтан, малды бір жерде ұстағанбыз, – дейді ол.

Оның айтуынша, жоғалған малдың бәрі бірдей өз қаражатына алынбаған. Шаруашылықты кеңейту үшін несие рәсімдеп, сонымен қатар жекелеген адамдардан бір-екі ай мерзімге қарызға мал алып отырған. Енді сол қарызды қайтаратын уақыт келгенде, малдың қолды болуы жағдайды қиындатып жіберген.

"Малдың басын көбейту үшін несие де алдық, кісілерден қарызға да мал жинадық. Енді ақшасын қайтаратын уақыт келді. Ай сайын несиемізді төлеп отырмыз. Қарызға, пайызға алған ақшаның да мерзімі таяп қалды. Сатайын десек, ұрылар малдың ішіндегі ең семіздерін таңдап әкеткен. Қазір не істерімізді білмей, тығырыққа тіреліп отырмыз", – дейді мал иесі.

Бәйдібек би ауылының тұрғыны Нұрбек Баққожаұлының айтуынша, көрші ауылдарда да мал ұрлығы бірнеше рет қайталанған. "Бір жолы тұрғындар күдіктіні өздері ұстап, полицияға тапсырыпты. Алайда күдікті кейін босап кеткен. Полиция қызметкерлері "қашып кетті", "ұстай алмадық" деген уәж айтқан. Тіпті күдіктілердің мал ұрлайтындай қауқары жоқ екенін алға тартып, олардың сөзін сөйлегендей әсер қалдырған", – дейді ол.

42 тоқтының ұрланғанына жиырма күн өтсе де, құқық қорғау органдарынан хабар жоқ. Мал иесінің сөзіне сенсек, айналаның бәрі камера. "Шындап іздеп, табамыз десе, сол камералардың бәрін қарауға болады. Ұры алыстан келмейтіні анық. Бірақ арада екі апта өтсе де, әзірге нақты нәтиже жоқ. Істі қарап жатқан полиция қызметкеріне бірнеше рет хабарластым. Бірақ жауап бермейді. Малдың қайда кеткенінен де, кімнің ұрлағанынан да хабар жоқ", – деп жанайқайын жеткізді.

Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасына, осы істі алған тергеушіге хабарласып, мән-жайды сұрауға тырыстық. Өзін Біржан деп таныстырған полиция қызметкері біздің сауалымызға селқос жауап берді. "Екі аптада қаншама қылмыс болды. Біз қазір ұрыны іздестіріп жатырмыз. Ал істің барысы жайында сізге ештеңе айта алмаймын", – деді.

Ал Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин мал ұрлығы жайында былай деді: "Мар ұрлығы өте көп. Полиция әрекетсіз отыр деуге болмас. Біз бұл мәселені ішінен білеміз. Егер хабарласпаса, бір жауабын айтпаса, демек, ештеңе істеп жатқан жоқ, іздестіру жұмысын қолға алмады деп ойлайды. Жалпы, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Біраз қылмыстың беті ашылды. Қазір алдын алудың арқасында мал ұрлығы көрсеткіші төмендеді. Жыл басынан бері Алматы облысында мал ұрлығы 36 пайызға азайған. Полиция 80-нен астам деректі ашып, 75 күдіктіні, оның ішінде 14 қылмыстық топтың мүшелерін ұстаған. Заңды иелеріне 400-ден астам мал қайтарылып, 150 млн теңгеден астам шығын өтелген".

Көрсеткіш төмендегенімен, қауіп сейілген жоқ

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, кейінгі жылдары елімізде мал ұрлығының тіркелуі біртіндеп азайған. Мәселен, 2020 жылы 3 441 дерек тіркелсе, 2021 жылы – 2 271, 2022 жылы – 1 809, 2023 жылы – 1 520 болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 051-ге дейін төмендеген. Ал 2025 жылы 1 046 дерек, 2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде 266 мал ұрлығы тіркелген. Осы уақыт аралығында мал ұрлығына қатысы бар 258 адам ұсталып, 58 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Ұрланған 1 730 бас малдың 1 007-сі иелеріне қайтарылған.

Бұл сандар мал ұрлығының соңғы бес жылда едәуір азайғанын көрсеткенімен, мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Оның үстіне республикалық деңгейдегі жалпы статистика әр өңірдегі жағдайдың бірдей екенін білдірмейді. Кейбір аймақта мал ұрлығы азайса, енді бірінде қайта көбейген.Мәселен, 2026 жылғы сәуірде жарияланған деректерге қарағанда, 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығы 3-тен 11-ге, Шығыс Қазақстан облысында 34-тен 48-ге, Ұлытау облысында 15-тен 20-ға дейін өскен. Павлодар, Жамбыл және Жетісу облыстарында да тіркелген қылмыс саны артқан. Жалпы көрсеткіштің төмендеуі жекелеген өңірлердегі ахуалдың жақсарғанына дәлел бола алмайды деген сөз.

Мал ұрлығының тағы бір күрделі тұсы – оның көбіне алдын ала жоспарланып, бірнеше адамның қатысуымен жасалуы. Ұрылар жайылымдағы малды айдап әкетіп, көлікке тиеп, басқа елді мекенге немесе өңірге жеткізуі мүмкін. Кей жағдайда қолды болған мал сойылып, еті саудаға шығарылады. Мұндайда малдың ізін анықтау да, оның нақты иесін дәлелдеу де оңай емес.

Бұл жерде бір мәселені ескерген жөн. Ұрланған малдың табылуы мен мал ұрлығы фактілерінің ашылуы – екі бөлек көрсеткіш. Біріншісі іздестіру жұмысының нәтижесін көрсетсе, екіншісі қылмыстың мән-жайын анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды білдіреді. Сондықтан қылмыспен күрестің нәтижесін тек ұсталған адамдардың немесе қайтарылған малдың санымен бағалау жеткіліксіз. "Жәбірленушілердің шығыны өтелді ме, қылмыстық топтардың барлық мүшесі анықталды ма?" деген сұрақтар да назардан тыс қалмауы керек.

Ауыл тұрғынында қайдағы заманауи құрылғы?

Таяуда Ішкі істер министрлігі ауыл тұрғындарына малды қараусыз жайылымға жібермеуді, оны уақытылы таңбалап, есепке алуды ұсынды. "Қажет болған жағдайда GPS-трекерлерді пайдалану да тиімді. Мұндай құрылғылар малдың орналасқан жерін бақылауға, жоғалған жағдайда іздестіру жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді", – деген ведомсво.

Алайда барлық ауыл тұрғынының заманауи бақылау құрылғыларын сатып алуға мүмкіндігі бар ма? Әсіресе жүздеген бас малы бар шаруашылықтар үшін мұндай шығынның өзі аз емес. Сондықтан мал ұрлығының алдын алу шаралары тек жеке адамның мүмкіндігіне сүйенбеуі керек.  

Тағы бір өзекті мәселе – ұрланған малды өткізу жолдары. Егер ұрылар қолды болған төрт түлікті еш кедергісіз сатып, етін саудаға шығара алса, онда қылмыстың қайталану қаупі де жоғары болады. Осы тұрғыдан алғанда, мал мен ет өнімдерін тасымалдау, сою және сату орындарындағы бақылауды күшейту қажет. Құжатсыз мал өткізуге жол бермеу, малдың шығу тегін анықтайтын жүйені тиімді пайдалану ұрлықтың экономикалық негізін әлсіретуі мүмкін.

2019 жылдың соңында Қылмыстық кодекске мал ұрлығын жеке қылмыс ретінде қарастыратын 188-1-бап енгізілді. Бұл өзгеріс мал ұрлығына қатысты жауапкершілікті нақтылап, мұндай қылмыстарға құқықтық баға беруді күшейтуге бағытталды. Ұрлықтың ауырлығына, жасалу тәсіліне және қылмысқа қатысушылар санына қарай жаза қарастырылған.Дегенмен заңның қатаюы қылмыстың өздігінен жойылуына кепіл бола алмайды. Қылмыскер ұсталғанымен, жәбірленушінің шығыны өтелмесе, ұрланған мал табылмаса, ауыл тұрғыны үшін мәселе шешілді деу қиын.

Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мал ұрлығымен күресте арнайы маманданған қызметкерлердің болуы маңызды. Мәселен, АҚШ-тың Техас штатында мал ұрлығын тергеуге арнайы өкілеттік берілген рейнджерлер жұмыс істейді. Олар ұрланған малдың ізін анықтап, сауда орындары мен сою бекеттерін бақылап, шаруаларға жоғалған малын қайтаруға көмектеседі. Ал Аустралияда ауыл шаруашылығына қатысты қылмыстарды, соның ішінде мал ұрлығын тергейтін арнайы полиция бөлімшелері бар. Мұндай тәжірибе Қазақстанға да қажет. Өйткені мал ұрлығын ашуда учаскелік полицияның әбжіл әрекет етпейтіні, іздестіру шарасын жедел жүргізбейтіні жайында сын көп. Әр өңірде осы іске маманданған жедел топтар құрылып, мал базарлары мен тасымал жолдарына бақылау күшейтілсе, ұрланған малды дер кезінде табуға мүмкіндік артар еді. Ең бастысы, малынан айырылған шаруа полицияның табалдырығын тоздырып, өз мәселесін өзі іздеп жүрмеуі керек. Құқық қорғау жүйесі жәбірленушінің шағымын қабылдаумен ғана шектелмей, жоғалған мүлікті табуға мүдделі әрі нәтижелі жұмыс істеуге тиіс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Мал ұрлығы
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз