Сараптама

Риэлторларға енді талап күшейеді

Қазақстандағы риэлторлық нарықты алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұр.

Тұрғын үй

Баспана сатушы мен сатып алушының қалтасынан комиссия төлемдерін қағып алатын делдалдардың дәурені аяқталуы мүмкін. Қазір елімізде риэлторлық қызметті реттеудің бірыңғай тәртібі әзірленуде. Бұл бастама баспана іздеген азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Жаңа талаптар қабылданса, риэлторлар өз қызметіне жүгінбеген және келісімшарт жасаспаған азаматтардан ақы талап ете алмайды.

Әдетте баспана алуға ниеттенген кез келген адамның алдынан риэлторлық қызметке қатысты кедергілер шығып жатады. Мұны тұрғын үй нарығына қатысты азаматтардың шағымынан аңғаруға болады. Бірі үйдің кілтін алғанына дән риза болса, енді бірі пәтерді көрсеткені үшін қомақты комиссия сұраған делдалға өкпелі. Әсіресе сатушы риэлтор жалдап, ал сатып алушы онымен ешқандай келісім жасамаса да, екі тараптан бірдей ақы талап етуі көпшіліктің наразылығын туғызған. Негізгі мәселенің неден туындайтынын да аңғару қиын емес. Мысалы, үй иесі баспанасын өткізу үшін маманмен келіседі. Делдал сатып алушыны тауып, пәтерді көрсетеді. Алайда баспана алуға ниетті адам да ақы төлейтін болып шығады. Сөйтіп, сатып алушы өзі игілігін көрмеген қызметтің ақысын төлеуге мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Енді мемлекет бұл мәселеге шектеу қоймақ.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, делдалдық қызмет көрсететін 1 157 заңды тұлға мен 1 636 жеке кәсіпкер тіркелген. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінде баспана және өзге де жылжымайтын мүлікті сату, сатып алу мен жалға беру кезіндегі делдалдық қызметпен айналысатын 4 875 кәсіпкерлік субъектісі көрсетілген.

Қарашаның ортасында Сауда және интеграция министрлігі риэлторлық қызметке бірыңғай талап енгізу жөніндегі ұсыныстарды жариялады. Ведомство Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, делдалдардың жұмысын тәртіпке келтіру жолдарын қарастырып жатыр. Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, "маманды кім жалдаса, ақысын да сол төлейді" деген қағида енгізілмек. Риэлторлар қауымдастығының өкілдері мұндай өзгерістерді қолдауға дайын екенін айтады. Яғни маманның қызметіне жүгінбеген азамат оның ақысына жауапты болмауы керек. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басқарма басшысы Әділет Шәкірбаевтың айтуынша, енді делдалдың қандай қызмет көрсететіні, оның құны қанша болатыны және маманға төленетін сыйақы мөлшері құжатта бүге-шігесіне дейін көрсетіледі. Демек, клиент үшін түсініксіз шарт болмайды.

"Келісімшартта көрсетілетін қызметтердің тізімі мен құны, сыйақы мөлшері және оны төлеу тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты жазылады. Комиссия төлемі ашық әрі түсінікті болуы керек. Қызметке тапсырыс бермеген адамдардан ақы өндіріп алуға жол берілмейді. Сондай-ақ риэлторлар кімнің мүддесін қорғайтынын ашық көрсетуге міндеттеледі", – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда қызметін реттеу басқармасының басшысы Ә.Шәкірбаев.

Бұдан бөлек, риэлторлардың кәсіби жұмысына ортақ талап белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, саладағы ұлттық стандартты міндетті ету ұсынылуда. Бұл әркімнің өзін риэлтор ретінде таныстырып, баспана саудасына араласуына жол бермейді. Министрлік делдалдардың кәсіби біліктілігін ғана емес, жұмыс әдебін де бақылайды. Осы мақсатта риэлторларды арнайы тізімге енгізіп, олардың қызметін қадағалайтын кәсіби бірлестіктер құру ұсынылған.

2025 жылы тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 448 мыңнан астам мәміле тіркелген. Алайда риэлторлық қызметтердің 70 пайыздан астамы ресми тіркеусіз, көлеңкелі нарықта жұмыс істейді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл нарықтың жылдық айналымы шамамен 170 млрд теңгеге жетеді. Ал төленбеген салықтар мен алымдардың салдарынан мемлекет бюджеті жыл сайын 22 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылады.

Алайда мұндай өзгерістерге сарапшылардың көзқарасы әртүрлі. Бір тарап кәсіби сүзгінің енгізілуін қолдаса, екінші тарап талаптың күшеюі риэлторлар санын азайтып, қызмет құнын қымбаттатуы мүмкін екенін алға тартады. Мұндай алаңдаушылықтың да жаны бар. Өйткені тұрғын үйдің бағасы онсыз да қарапайым отбасының қалтасына салмақ салып тұрғанда, делдал қызметінің қымбаттауы баспана іздегендерге тағы бір шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекет үшін тек риэлторларды бақылау емес, жаңа талаптардың қарапайым азаматқа қосымша қаржылық жүк түсірмеуін де ескеру маңызды. Сатып алушыдан комиссия алуға тыйым салу оңай болғанымен, риэлторлар табысының екі есе азаюына келісе қоюы екіталай. Шығынды сатушының мойнына артып, комиссияны пәтер бағасына қосуы мүмкін. Ал меншік иелері дәл сол қызмет үшін көбірек ақша төлеуге дайын ба?

Қайрат Шопанов, заңгер:  Риэлторлардың келісімшартсыз ақы талап етуі заңсыз

Қайрат Шопанов
Фото: жеке мұрағатынан/Қайрат Шопанов

Риэлторлық қызметті реттеу әлі де пысықталып жатыр. Дегенмен бір мәміле бойынша сатушы мен сатып алушының екеуі де риэлторлық қызметке өз еркімен тапсырыс берген жағдайда, екі тараптан да ақы алуға тыйым салатын арнайы норма заңнамада көзделуі керек деп ойлаймын. Ол үшін заңнамаға өзгерістер енгізіп, риэлторлық қызмет көрсету қағидаларында бұл мәселені нақтылауға болады. Мысалы, риэлтор қызмет көрсетуге кіріспес бұрын сатушымен және сатып алушымен жазбаша келісімшарт жасауы тиіс. Онда әр тараптың қандай мөлшерде ақы төлейтіні нақты көрсетілуі қажет. Меніңше, осындай талап енгізілген жағдайда ғана риэлтордың бір жақты мәміле бойынша сатушы мен сатып алушының екеуінен де бірдей ақы талап ету құқығын шектеуге болады.

Егер адам ақылы қызметке тапсырыс бермесе және келісімшарт бойынша комиссия төлеуге міндеттеме алмаса, риэлтордың одан ақы талап етуге құқығы жоқ. Демек, қазір мұндай талаптың заңды негізі жоқ. Белгілі бір құқықтар мен міндеттер туындауы үшін келісімшарт тиісті тәртіппен рәсімделуі керек. Азаматтық кодекске сәйкес, қызмет көрсету шарты бойынша тапсырыс беруші қызмет ақысын тек келісімшартта белгіленген тәртіппен төлеуге міндетті. Ал егер тек сатушы риэлтормен келісімшарт жасаған болса, риэлтордың сатып алушыдан комиссия талап етуге құқығы жоқ. Себебі Азаматтық кодекстің 270-бабына сәйкес, бір тұлғаның өзіне алған міндеттемесі үшінші тұлғаға міндет жүктемейді. Сондықтан риэлтор комиссияны тек өзімен келісімшарт жасасқан тұлғадан ғана талап ете алады.

Қазіргі таңда риэлторлар арасында өздеріне жүктелген міндеттемені толық орындамай, ақша талап ететіндер көбейген. Егер тараптар арасында келісімшарт жасалып, бірақ риэлтор өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған болса, ең алдымен, ақшаны алған риэлторға немесе агенттікке жазбаша талап жолдау қажет. Келісімшарт негізінде туындағандықтан, бұл рәсім сотқа дейінгі талап қою тәртібімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қызмет көрсетілмеген тарап риэлторға жазбаша түрде қандай келісімшарт жасалғанын, риэлтордың қандай міндеттемелерді орындамағанын көрсетіп, төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы. Егер риэлтор немесе агенттік талапты қанағаттандырудан бас тартса не оған жауап бермесе, тұтынушы өз құқықтарының бұзылуына байланысты өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдана алады. Жалпы ереже бойынша, департаментке шағым риэлторға немесе агенттікке жазбаша талап жолданған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей берілуі тиіс. Егер департаментке жүгінгеннен кейін де мәселе шешілмесе немесе департамент сотқа жүгінуді ұсынса, келесі кезеңде сотқа талап-арыз беруге болады. Бұл жағдайда Азаматтық кодекстің 953-бабына немесе 277-бабына сәйкес, міндеттемелердің орындалмауына байланысты төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқығы бар. Алайда келісімшарт әлі де заңды күшінде болса, ақшаны қайтару туралы талаппен қатар келісімшартты бұзу туралы талап та қойылуы керек. Яғни тұтынушы төленген ақшаны қайтаруды және тараптар арасында жасалған келісімшартты бұзуды талап ете алады.

Сот шешімімен ақша өндірілгеннен кейін және шешім заңды күшіне енген соң, оны мәжбүрлеп орындату үшін атқарушылық құжат жеке сот орындаушыларына жолданады. Мысалы, өз тәжірибемде осындай іс болған. Риэлтор сатушымен тиісті тәртіппен келісімшарт жасасып, пәтерді сатуға көмектесу міндеттемесін алған. Алайда келісімшартта белгіленген 30 күн ішінде өз міндетін орындамаған. Кейін сатушы пәтерді өз бастамасымен, өз бетінше сатады. Арада жарты жыл өткен соң риэлтор сатушының үстінен сотқа талап-арыз береді.

Талап-арызда риэлтор келісімшартқа арнайы енгізілген тармаққа сүйенген. Онда: "Егер пәтерді өз еркіңізбен, өз бастамаңызбен сататын болсаңыз, бізге 1 млн теңге көлемінде айыппұл төлейсіз" деп көрсетілген. Осы тармақты негізге алған риэлтор сатушы келісімшарттың талаптарын бұзды деп есептеп, одан 1 млн теңге айыппұл өндіріп алуды талап еткен.

Алайда сот бұл келісімшарттағы арнайы тармақты жарамсыз деп танып, риэлтордың талабын қанағаттандырудан бас тартты. Яғни сот сатушыдан 1 млн теңге айыппұл өндіріп алу туралы талапты негізсіз деп таныды.

Маржан Сәбет

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз