Үкімет пен нарықтың арасы "нашарлап" барады
Соңғы уақытта үкімет халықтың табысын өсіру, адам капиталын дамыту турасында жиі-жиі айта бастады.
Бұған қатысты тіпті арнайы бағдарлама да қабылданып, кешенді жоспарлар да құрылды. Мәселен, бізде "Халықтың табысын арттыру жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар" бар. Бұл жоспар негізгі 6 бағыт бойынша 56 іс-шараны қамтиды. Ең басты бағыты – жалақыны өсіру, сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру, өңірлік деңгейде дамуды қолға алу.
Бұдан соң "2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасы" деген бар. Бұл бағдарламаның да мақсаты – елдің ахуалын жақсартып, несие жүктемесінен арылтып, инфляцияны тежеп, халыққа жайлылық тудыру. Осылай тізе берсек, халықтың тұрмысын, табысын жақсартатын да қилы-қилы бағдарламалар жеткілікті.
Үкімет келер жылы да елдің табысын өсіруді жоспарлап отыр. Жыл сайын осындай жоспарлар құрылады. Бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына үстеме қосылады. Қазірдің өзінде дәрігерлердің, тағы басқа мамандардың жалақысы өсетіні, ең төменгі жалақының 110 мың теңге болатынын жарияға жар салды. Алайда осылай жалпақ жұртқа сауын айтылып, түрлі жоспарлар құрылып жатқанымен, халық табыстың өскенін шынайы сезініп отырған жоқ. Осы арада "неліктен бұлай?" деген сауалдың шеті қылтыяды.
Жоспарда мін жоқ, бірақ…
Мұндайда "Үкіметтің жоспарының өзі дұрыс па?" деген сауалды зерттеуге тура келеді. Салалық мамандардың ойынша, қағаз жүзінде жоспар дұрыс. Дегенмен сол қағаздағы жоспарды нарық қабылдамай жатқан көрінеді. "Осы себепті Үкіметтің "елдің табысын өсіреміз" деген ниеті орындалмай жатыр" дейді қаржыгерлер.
Бұл ретте Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат ТЕМІРХАНОВТЫҢ пікіріне сүйенсек, халықтың табысы өсуі үшін екі нәрсе керек. Біріншісі – еңбек өнімділігі өсуі. Екіншісі – инфляцияның тоқтауы. Өкінішке қарай, Қазақстанда осы екі нәрсенің бірі де болған жоқ. Маманның пайымдауынша, еңбек өнімділігі жағынан ешқандай жақсару жоқ. Халықтың табысын өсіруге қатысты бағдарламаның, жоспардың ең үлкен қатесі де осы жерде. Бағдарлама экономиканың өнімділігін өсіруге бағытталмаған. "Табысты өсіреміз" дейді, бірақ "ол табыс қайдан келеді" деген сұраққа нақты жауап жоқ.
Экономист-ғалым Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ ойынша, қазір инфляция жағынан үйлесім жоқ. Маман бұған қатысты бюджет саясаты мен Ұлттық банктің ақша саясаты бірлесіп жұмыс істемейтінін алға тартады.
"Мәселен, Ұлттық банк ақша-несие саясатын реттеу үшін айналымдағы ақша массасын қысады. Екінші деңгейлі банктер несиені халыққа өлшеп, сараптап берсін деген ниетпен несие алу тәртібін де қатаңдатады. Тіпті қайсыбір банктерге айналымдағы қаражаттың басым бөлігін нарыққа шығармай, депозитте ұстауға міндеттейді. Осы арқылы бас банк нарықтағы ақшаның массасын азайтады. Ал енді бұл арада үкіметтің бюджет саясаты тіптен қызық өрбиді. Үкімет бюджет тапшылығын жою үшін Ұлттық қордан қаражат алады. Зейнетақы қорының қаражатын да пайдаланады. "Бәйтерек" холдингі арқылы да экономикаға қаржы тартады. Ұлттық банк ақша массасын қысады, ал үкімет аталған көздер арқылы нарыққа қайтадан ақша жібереді және ол қаражаттардың нақты сала-салаға бөлініп, үнемді жұмсалып жатқанына қадағалау мардымсыз. Осыдан барып инфляция қайта өседі. Бөлінген қаражатты бақылаудың аздығынан өнідіріс орындары жоспардағыдай жұмысын істемей қалады. Жоспарлаған жұмыстар уақытылы бітпейді, артынша еңбек өнімділігі де төмендейді", – дейді экономист-ғалым.
Маманның сөзінше, қазір біздегі табыстың өсімін нарық қабылдамайды. Елдегі салық саясатының шикілігі, бюджетті жоспарлаудағы сауатсыздық, экономика қызғанда шығынды азайтудың жоқтығы, үкімет жоспарының орындалмай қалуына апарады. Мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, биыл Үкімет 2026-2029 жылдарға арналған жаңа жоспарды бекітті. Оның ішінде халықтың табысын арттыруға бағытталған 56 түрлі шара бар. Бірақ, шындығына келгенде, бұл құжат елдегі жұмыс істейтін халықтың аз бөлігіне ғана мүмкіндік береді. Олардың біріншісі – мемлекеттік қызметшілер (85-90 мың адам). Бұл – еліміздегі барлық жұмыс күшінің 1 пайызына да жетпейтін топ. Олардың жалақысы бағаның өсуіне (инфляцияға) қарай үш жылда бір рет міндетті түрде көтеріліп отырады.
Екіншісі – ұлттық компаниялар мен коммуналдық сала қызметкерлері (700-800 мың адам). Бұл – жұмыс істейтін халықтың шамамен 8-9 пайызы. Мұғалімдер мен дәрігерлер (1,2-1,3 млн адам). Олар барлық жұмысшылардың 13-14 пайызына тең. Ал қалған жекеменшік фирмаларда, шағын және орта бизнесте істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің саны 7 миллионнан асады. Яғни еліміздегі еңбекке жарамды халықтың 75 пайыздан астамы осы топқа жатады. Жаңа жоспарда дәл осы 7 млн адамның табысын тікелей өсіретін нақты ереже немесе тетік жоқ. Жоспар бойынша әкімдіктер мен шенеуніктер жеке кәсіпкерлермен сөйлесіп, "қызметкерлеріңнің айлығын көтер" деп үгіттеуі керек.
"Бірақ нарық заңы бойынша мұндай әдіс нақты нәтиже бермейді, бұл – міндеттеу емес, жай ғана өтініш сияқты дүние. Сондықтан осыны ескерсек, үкімет халықтың табысын арттыру үшін бірінші жоспардағы осы бір қателікті түзеу керек", – дейді экономист Бейсенбек Зиябеков.
Маманның ойынша, бұл тәсіл нарықтық қатынастарды бұрмалайды. Жалақыны көтеруді талап ету бизнесті ресми жұмысқа алудан бас тартып, шығынды азайту үшін көлеңкелі экономикаға кетуге итермелеуі мүмкін.
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор: Мемлекеттік кадр саясатын реттеу қажет
– Экономиканы мемлекеттік реттеуде ең бірінші білікті мамандар керек. Бізде қазір мемлекеттік қызметке барып жатқандардың басым бөлігінің дипломы көп, білімі жоқ. Экономикамызды басқарып, бар шаруаны реттеп отырған солар.
Мысалы, бізде тағайындаулар болып жатады. Сол жаңадан лауазымға тағайындалғандардың биографиясына қарасаң, бір емес, бес мамандықты меңгерген болып шығады. Мемлекеттік қызметте жүріп, оның барлығын қалай оқып алғанын түсінбейсің. Сосын, "Бұлар осынша оқу орнын бітірген болса, қай кезде жұмыс істеп үлгерген?" деген де ойға қаласың. Білімсізден білікті идея туады деп ойламаймын. Сондықтан қармаққа балық ілінуі үшін бірінші маман біліктілігін, мемлекеттік кадр саясатын реттеу қажет Рас, барлық мемлекеттік қызметкерлердің дені сауатсыз, біліксіз деп айтудан аулақпын. Олардың ішінде де білімділері бар. Әттеген-айы, мемлекеттік қызметшілердің арасында жауапкершілікті өзіне алу, бастамашыл шешім шығару үрдісі аз және бізде мұндай шешім шығара алатын кадрларды қолдау жағы кемшін. Қазір мемлекеттік қызметте отырғандар бастығы тапсырма бермесе, ешнәрсе істемейді. Алайда ол бір ғана басшы бүкіл саланың мәселесін біле қоюы мүмкін емес қой. Сондықтан біздегі әрбір салада, әсіресе осы халықтың жағдайын, табысын өсіруге қатысты салада білікті менеджерлер легі қалыптасуы тиіс.
Ең шынайы көрсеткіш – дүкендегі баға
Сарапшылардың пайымдауынша, табыстың өскен-өспегенін нақты білу үшін министрлерге ел күнделікті сауда жасайтын шағын дүкендерге барып көрсе болғаны.
Экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем ҚАСЫМХАНОВАНЫҢ сөзінше, үкімет табысты өсіремін деп жар салғанда адамдар дүкенге барады. Дүкенде баға өскенін көреді. Жалақы 10 пайызға өскен күні, дүкендегі баға 12 пайызға көтеріледі. Айырмашылық – минус 2 пайыз. Міне, нақты табыстың құлдырауы деген – осы.
"2025 жылы елдегі инфляция 12,3 пайызға жетті. Ал нақты жалақы мен халықтың табыс индексі сол инфляцияға жұтылып кетті. Қарапайым тілмен айтқанда, қағаз жүзінде жалақымыз өскен сияқты көрінгенімен, қалтамыздағы ақшаның құны түсті. Бұрынғыдай көп тауар ала алмаймыз. Өйткені ресми есеп пен статистика не десе де, ең адал экономист – қарапайым дүкен. Дүкен сөресіндегі баға ешқашан өтірік айтпайды", – дейді Әсем Қасымханова.
Осылай деген сарапшы Ұлттық экономика министрі мен Қаржы министрі қарапайым дүкендердің, оларға тауар әкелетін делдалдардың жағдайын жасау керектігін айтады.
Әсем Қасымханованың ойынша да, нарық Үкіметтің халықтың табысын өсіру хақындағы жоспарын қабылдаған жоқ. Үкіметтің құрған жоспары бюджеттен жалақы алатын 25 пайыз адамға ғана арналды. Ал қалған еңбек ететін 75 пайыз халыққа арналмады. Нарыққа "көтер" деп бұйыруға болмайды. Нарыққа өнімділікті көтеруге жағдай жасау керек. Өнімділік өссе, бизнес өзі-ақ жалақыны көтереді. Отандық өнім арзан болса, ол дүкендерге арзан бағамен келіп жатса, дүкендер онсыз да өнімнің, тауардың бағасын арзанға қояды. Ал еңбек өнімділігі өспесе, өнім мен тауар қымбат болса, жан-жақтан Үкіметтің түрлі жоспарлары қысым жасаса, бизнес көлеңкеге кетеді. Сондықтан жаңа жоспар жасағанда осы қателерден сабақ алмаса, мұндай жоспарлар тек қағаз күйінде қалады. Ал халық сол баяғыша қымбатшылықтың қамытын киіп, тесік қалтамен жүре бермек.
ЕТЖ және нарықтың реакциясы
Үкімет табысты өсіруге қатысты келер жылдан бастап елде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ)85 мыңнан 110 мыңға өсіретін болды. Бұл жолғы ЕТЖ-ның өсімі – 29,4 пайыз. Бұл 1,8 млн адамға әсер етеді. Еңбекке ақы төлеу қоры 426 млрд теңгеге өседі. Алайда мамандардың пайымдауынша, бұл өзгерісті де табыстың нақты өсуі деп айту қиын. Бұл, негізі, инфляцияның орнын толтыру. Себебі ең төменгі жалақы 2024 жылдан бері мүлде өзгерген жоқ. Осы үш жылда баға шамамен 30 пайызға қымбаттады. Демек, ең төменгі жалақының 29,4 пайызға өсуі – халықты байыту емес, осы уақыт ішінде қымбатшылық жеп қойған ақшаның құнын қайтару ғана.
Негізінен, сала сарапшыларының түйіндеуінше, қазір бізге ұлттық экономиканы дамытуда, өркендетуде білікті мамандар ауадай қажет. Олай етпесек, қағаз жүзінде барлығы тамаша, ал шын мәнінде басқаша болатын күйді әлі талай бастан кешіреміз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ