Шығыс Қазақстанда заң бұзған алтын іздеушілердің 15 лицензиясы қайтарылды
Шығыс Қазақстан облысында заң талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың алтын іздеуге берілген 15 лицензиясы қайтарылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірлік кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жер қойнауын пайдалану учаскелеріне көшпелі тексеру жүргізіп, компаниялардың лицензия талаптарын қаншалықты сақтап отырғанын тексерген.
Тексеру барысында алтын іздеу жұмыстарына рұқсат етілмеген техниканы пайдалану және заңнамада белгіленген өзге де талаптарды бұзу фактілері анықталған.
«Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың алтын іздеуге арналған 15 лицензиясы қайтарылды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Басқарма жер қойнауын пайдаланушыларды тексеру жалғасатынын мәлімдеді. Заң бұзушылықтар анықталып, белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданбақ.
Айта кетейік, «Жас Алаш» бұған дейін Қазақстандағы алтын барлау және өндіру саласындағы заң бұзушылықтар туралы «Қазақстанды «алтын безгегі» қысып тұр...» атты зерттеу жариялаған. Онда кейінгі жылдары барлау лицензияларының күрт көбейгені және бірқатар өңірдегі тұрғындардың экологиялық зардаптарға қатысты шағымдары көтерілген.
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында жергілікті тұрғындар мен Қытай азаматтарынан құралған топтың 2024-2025 жылдары орман қоры аумағында заңсыз алтын өндіргені туралы жаздық. Тергеу дерегінше, Үлкен және Кіші Шыбынды өзендері маңында арнайы техника қолданылып, заңсыз 15 келі алтын өндірілген. Мемлекетке келтірілген залал 766 млн теңгеге бағаланған.
Сондай-ақ «Жас Алаш» Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Қайыршақты және Абай облысының Жарма ауданындағы Кеңтарлау ауылдары маңындағы алтын барлау жұмыстарына қатысты тұрғындардың шағымдарын зерттеген. Жергілікті жұрт өзен арналарының өзгергенін, судың лайланғанын және жайылымдардың қазылғанын айтқан. Қайыршақтыдағы жағдайдан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, лицензиялық талаптардың сақталуы тексеруге алынған.