Қазақстанды «алтын безгегі» қысып тұр...
Қазақстанды тағы да «алтын безгегі» шарпығандай. Кейінгі кезде елдің әр өңірінен алтын барлайтын компаниялардың заңсыз әрекеттері туралы, өзен арнасын бұрып алу фактісі, геологиялық барлау лицензиясын алып, іс жүзінде кен өндірген кәсіпорындар мен жасырын алтын өңдеу цехтарын жасап алғандар туралы хабар жиі шығып жүр.
Бұл жай ғана сыртқы әсер емес. Мемлекеттік статистиканың өзі жер қойнауын барлауға берілген рұқсаттың күрт көбейгенін көрсетеді. 2018 жылы қатты пайдалы қазбаларды барлауға небәрі 29 лицензия берілсе, 2024 жылы олардың саны 606-ға жеткен. Ал 2025 жылы бір жылдың ішінде тағы 707 барлау лицензиясы табысталған. Былтырғы жылдың соңында елде қатты пайдалы қазбалар бойынша 2 904 лицензия қолданыста болған. Оның 2 777-сі – барлауға, 127-сі ғана өндіруге арналған. Яғни қазір жер қойнауын пайдалануға берілген әрбір жиырма лицензияның шамамен он тоғызы – барлау лицензиясы.
Мемлекет мұны «инвестиция тарту, минералдық-шикізат қорын көбейту және жаңа кен орындарын табу саясаты» деп түсіндіреді. Кейінгі жылдары геологиялық зерттеулерге жеке инвестиция көлемі артқан. Жер қойнауын игеруге қолжетімді аумақтар кеңейтіліп, ел территориясының едәуір бөлігі инвесторларға ұсынылған. Алтын қорының өсуі де ресми есептерде экономикалық жетістік ретінде көрсетіледі.
Бірақ лицензия саны өскен сайын ауыл тұрғындарының арыз-шағымы да көбейіп барады. Өйткені қағаз жүзінде «геологиялық барлау» деп аталатын жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын қарапайым халық ауыр техниканың гүрілінен, қазылған жайылымнан, лайланған судан және өзгерген өзен арнасынан көріп отыр. Ең басты мәселе – барлау мен өндірудің арасындағы шекараның көмескіленуі.

Барлау мен өндірудің арасы
Геологиялық барлаудың мақсаты – жерастында пайдалы қазба бар-жоғын анықтау, оның мөлшері мен өндірістік әлеуетін бағалау. Барлау лицензиясы компанияға алтынды өнеркәсіптік көлемде өндіріп, өңдеп, сатып жіберуге құқық бермейді. Кен орны анықталған жағдайда өндіруге бөлек рұқсат пен жаңа жобалық-экологиялық құжаттар қажет. Алайда құқық қорғау органдарының кейінгі операциялары кейбір компаниялардың барлау лицензиясын іс жүзінде кен өндіруге пайдаланғанын көрсетті.
Мысалы, жақында Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында бес кәсіпорынның қызметі тоқтады. Бұл компаниялардың қолында тек геологиялық барлау лицензиясы болған. Соған қарамастан олар «арнайы техника мен өндіріс жабдықтарын пайдаланып, алтын құрамды кенді кең көлемде өндірді» деген күдікке ілінді.
Тергеу барысында олардан 6 700 тоннадан астам алтын құрамды кен, 300 тонна пульпа, 120 тонна селитра, жарылғыш заттар мен детонаторлар тәркіленген. Оқиға орнынан 45 арнайы техника алынған. Полицияға 62 адам, оның ішінде бірнеше компанияның директорлары мен құрылтайшылары жеткізіліп, бес қылмыстық іс тіркелді.
Бұл деректің өзі барлау жобаларына жасалатын мемлекеттік бақылаудың қаншалықты әлсіз екенін көрсетеді. Мыңдаған тонна кен бір күнде өндірілмейді. Оған экскаватор, жүк көлігі, кенді үгітетін және өңдейтін жабдық, жұмысшылар мен инфрақұрылым қажет. Осынша жұмыс жүріп жатқанда жергілікті әкімдік, экология департаменті, Геология комитеті мен құқық қорғау органдары қайда қараған? Қағазда барлау деп көрсетілгенімен, жерде өндіріс жүрсе, құзырлы органдар оны қалай «көрмей» қалған?
Қытай азаматтары қайдан жүр?
Шілденің соңында Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндірген топқа қатысты сот үкімі шықты. Прокуратураның мәліметінше, жергілікті тұрғындар мен Қытай Халық Республикасының азаматтары 2024-2025 жылдары Ұлан ауданындағы орман қоры аумағында алтын өндіруді ұйымдастырған. Олар Үлкен және Кіші Шыбынды өзендерінің алқабында арнайы техникамен жұмыс істеген. Тергеу қорытындысы бойынша топ заңсыз жолмен 15 келі алтын өндірген. Мемлекетке келтірілген залал – 766 млн теңге. 21 шілдеде сот айыпталушыларды әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Мұнда да тек экономикалық емес, экологиялық мәселе бар. Алтын іздеушілер орман қорына кіріп, өзен алқабында ауыр техника жүргізген. Қылмыстық топтың әрекеті біраз уақытқа жалғасқан. Алтын өндірілген, техника жұмыс істеген, жұмыс күші тартылған, шикізат тасымалданған. Сонда осы уақыт ішінде жергілікті атқарушы және бақылаушы органдар ештеңе көрмеген бе?
Ал Шыбынды өзені маңындағы бұл оқиға жалғыз емес. Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін заңсыз алтын іздеушілердің өзен арнасын өзгертіп, экологияға жүздеген миллион теңге залал келтіргенін хабарлаған. Бұл – алтын өндірудің табиғатқа қаншалықты зиян келтіргенін көрсететін нақты мысал.
Ақмоладағы жасырын алтын цехы
Шілде айында Ақмола облысының Шортанды ауданынан алтын өңдейтін жасырын цех табылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, онда алтын құрамды кенді ұсақтап, балқытып, бағалы металды бөліп алатын өндіріс ұйымдастырылған. Цехтан салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, 2 млн теңгеден астам ақша, 8 мың доллар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді. Ұйымдастырушы қамауға алынды, тергеу жалғасып жатыр.
Бұл оқиға алтынның қай жерден келгені, кімнің кенінен өндірілгені, шикізаттың жасырын цехқа қалай жеткізілгені жөнінде сұрақтар туғызады. Заңсыз цех табылды делік. Ал оны бірнеше тонна алтын құрамды шикізатпен қамтамасыз еткен арна қайда? Барлау учаскелерінен шығарылған кеннің есебі қалай жүргізіледі? Сынама ретінде алынған материалдың көлемін кім өлшейді? Жүздеген тонна кенді «зертханалық сынама» деп шығарып әкетуге бола ма? Бұл басы ашық сұрақтардың жауабы әзірге жоқ.

Қайыршақтыдағы «клондайк»
«Жас Алаш» бұған дейін Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Қайыршақты өзені маңында жүргізіліп жатқан алтын барлау жұмыстары туралы көлемді зерттеу жариялаған. Керейіт ауылының тұрғындары қазба жұмыстары басталғалы өзен суының лайланғанын, арнаның өзгергенін, мал жайылатын жерлердің терең орға айналғанын айтып шағымданған. Редакция тілшісі даулы аумаққа арнайы барып, өзен суының басқа арнаға бұрылғанын және жердің бейберекет қазылғанының куәсі болды.
Арыс ауылдық округі әкімдігінің ресми хатында Қайыршақты өзені бойындағы 400-500 метр аумақтың канал тәрізді қазылғаны көрсетілген. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ғани ҚҰРМАНБАЙ Aurum Mining және «КЕН ӨЗЕН» компанияларына алты жылға барлау лицензиясы берілгенін растады. Сонымен бірге Қайыршақты тұрғындарының қатысуымен бұл жобаға байланысты қоғамдық тыңдау өтпегенін де мойындады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЙЫРШАҚТЫДАҒЫ «КЛОНДАЙК»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ «ӘЛДЕКІМДЕР» ІРГЕСІНЕН АЛТЫН ҚАЗЫП ЖАТҚАНЫН БІЛЕ МЕ?
Тұрғындардың айтуынша, жұмыс жүрген аумақта Қытай азаматтары болған. Ауыл адамдары өзеннің лайлануы мен жердің қазылуын солардың жұмысымен байланыстырады. «Жас Алашта» мақала жарияланғаннан кейін көп ұзамай Түлкібас ауданында экскаватор мен жүк көлігін пайдаланып, жер қойнауына байланысты заңсыз жұмыс жүргізген 12 шетел азаматы анықталды. Ауыл тұрғындары кен орнында Қытай азаматтарының жұмыс істегенін дәлелдеп бергенімен, полиция ұсталғандардың азаматтығын ресми хабарламада нақтыламады.
Әкімдік жариялаған мәліметті келтірейік: «Түркістан облысында полиция қызметкерлері тарапынан көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу, шетелдік жұмыс күшін тарту саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы іс-қимыл бағытында тұрақты түрде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, Түлкібас ауданының аумағында көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Тексеру барысында 12 шетел азаматының экскаватор мен жүк автокөлігін пайдалана отырып заңсыз жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізгені анықталды.
Құқық бұзушылардың барлығына қатысты көші-қон заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік материалдар жинақталып, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны мен шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін қабылдаушы тарапқа да әкімшілік шара көрілді», – делінген.

Айтпақшы, «Жас Алаштың» зерттеуінен соң Түркістан облысында Қайыршақты өзені бойында алтын барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпорындардың қызметіне қатысты жан-жақты зерделеу және бақылау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері кірген. Түркістан облысы әкімдігінің редакцияға жолдаған жауабына сәйкес, «AURUS» ЖШС, «Aurum Mining» ЖШС және «КЕН ӨЗЕН» ЖШС Қайыршақты өзені бойында жұмыстар жүргізу үшін Бассейндік су инспекциясының келісімін алмаған.
«Қазіргі уақытта жұмыс тобы өз құзыреті шегінде зерделеу жұмыстарын жалғастыруда. Лицензияланған учаскелердің шекаралары мен жұмыстардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін анықтау мақсатында маркшейдер мамандарының қатысуымен тиісті өлшеу және тексеру жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтар болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Кеңтарлаудан жеткен жанайқай
Қайыршақтыдағы дау басылмай жатып, «Жас Алаш» редакциясына Абай облысы Жарма ауданының Кеңтарлау ауылының тұрғындары хабарласты. Олардың айтуынша, ауыл маңында алтын барлау жұмыстарын жүргізген компания өзен арнасын өзгертіп, жердің астан-кестеңін шығарған. Қазылған аумақтар мал жайылымына, су көздеріне және ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына кедергі келтіре бастаған. Тұрғындар жауапты компания ретінде Orient Gold атауын атайды.
Бірақ Кеңтарлау маңындағы алтын жобаларын зерттеу барысында редакция бұл өңірде бір ғана емес, кемінде үш компанияның аты аталатынын анықтады. Олардың лицензиялық учаскелері мен жұмыс түрлері бірдей емес. Бірі бұрыннан кен өндіріп келген кәсіпорын болса, екеуі кейінгі жылдары барлау жобаларын рәсімдеген.
Кеңтарлау ауылының Нұрлан есімді тұрғынының айтуынша, ауыл азаматтары бұған дейін аудан мен облыс әкімдігі, прокуратура, ҚМА-ға да арыз жазған. Бірақ одан нәтиже болмапты. Қазір ауылдың айналасын алтын барлау мақсатында қазып тастаған көрінеді. Тұрғындардың сөзінше, компания алтын барлаумен емес, алтын жуумен айналысып жатқан көрінеді.
«Жұмыс істеп жатқандар – Қытай азаматтары. Жұмыс істетіп жатқандар – қазақтар. Бұлар Қызылсу өзенінің бастауын қазып тастады. Өзен суы шабындыққа келіп жатқан су еді. Жиналыс кезінде «біз алтын жумаймыз, тек барлау жұмыстарын жүргіземіз» деген еді. Біз барлау жұмысы дегесін келісім бергенбіз. Алайда алтын жуғанын көрген соң наразылық білдірдік. Полицияға хабарластық. Олар келіп, жұмысшы қытайларды алып кетті. Одан кейін әкімдікті, прокуратураны шақырдық. Суды қорғайтын «Ертіс бассейнге» ресми арыз түсірдік. Біз бұл компанияның алтын өндіруге рұқсаты бар ма, біле алмай отырмыз. Бұлардың алтын жуғанынан Кеңтарлау жұрты зардап шегуде.
Шабындықта су жоқ. Өзі екі-ақ бастау бар еді. Азамат есімді қызметкер өзін осы компанияның өкілімін деп таныстырған. Наразылықтан кейін біз ауылда жиналыс аштық, оны шақырдық. Келмей қойды. Әкімдік те шақыртып, келтіре алмады. Демек, бұлар жергілікті шенеуніктермен санаспайды. Егер бәрі дұрыс болса, құжатын көрсетер еді. Мына заманда бір жапырақ құжат сөйлейді. Сондықтан олар құжатын көрсетіп, «міне, алтын жууға рұқсат» деген құжатымыз бар, жанжалдаспайық, өздерің қол қойдыңдар» десе, болды емес пе? Біз алтын жууға емес, барлау жұмыстары үшін қол қойғанбыз», – дейді ауыл тұрғыны.
Абай облысындағы «алтын барлаушы» кімдер?
Кеңтарлау тұрғындары ең алдымен Orient Gold инвестициялық-өндірістік компаниясының атын атады. Ашық мемлекеттік тізілімде оның қызмет түрі бағалы металдар мен сирек металл кендерін өндірумен байланысты көрсетілген. Orient Gold бұрын Жарма ауданындағы Оңтүстік-Батыс Қалба кен орнында алтын құрамды кенді ашық әдіспен өндіріп, бастапқы өңдеумен айналысқан. Кен орны Кеңтарлау тұрған жерге – Қаратөбе ауылдық округіне жақын аумақта орналасқан. Директоры – Александр ЩУДРО. Құрылтайшысы ретінде Atrium Munai Group ЖШС көрсетілген. Ал бұл компанияның иесі – Саят ТАНСБАЕВ пен Ольга ХАН.

Тұрғындар Orient Gold өкілі деп берген байланыс нөміріне бірнеше рет телефон соқтық, алайда қоңырауға ешкім жауап бермеді. WhatsApp арқылы компанияға қатысты сұрақтарымызды жолдадық. Хат оқылғанымен, жауап тағы жоқ.

Редакция ашық дереккөздер мен ақылы бизнес-анықтамаларды салыстыру барысында Кеңтарлау маңында Orient Gold-тан бөлек тағы екі компанияның алтын барлау жобасы бар екенін анықтады. Олар – Galian Gold Ltd және ASTANAGEOGARANT. Екі кәсіпорын да Қазақстанда тіркелген. Алайда ASTANAGEOGARANT компаниясының құрылтайшысы ретінде MIRYILDIZ KZ LTD компаниясы көрсетілген. Adata.kz мәліметінше, оның иесі – Түркия азаматы Жәлел ЙЫЛДЫЗ. Ал компанияны басқаратын Эрдем ЭМРАХ – Абай облысында алтын өндіру және өңдеу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырған MIRYILDIZ KZ Ltd компаниясының да жетекшісі.

Бұл байланыс тек бизнес-тізілімдегі дерекпен шектелмейді. Бірнеше ай бұрын Абай облысының әкімі Берік УӘЛИ түркиялық инвесторлармен алтын кенін өндіру және өңдеу жобасына қатысты құны шамамен 482 млн доллар болатын меморандумға қол қойған. Жобаны іске асырушы компания ретінде MIRYILDIZ KZ Ltd аталған.
Сондықтан біз Кеңтарлау тұрғындары айтып отырған жұмыстарды бірден Orient Gold компаниясына телуден аулақпыз. Қолдағы құжаттар ауыл маңында бірнеше жер қойнауын пайдаланушының лицензиялық учаскелері бар екенін көрсетеді. Оның үстіне Кеңтарлауға ең жақын жаңа барлау учаскесі Orient Gold-қа емес, Galian Gold Ltd компаниясына тиесілі болып шықты. Алайда бұл тұрғындар көрген техниканың немесе өзен маңындағы қазба жұмыстарының дәл осы компанияға тиесілі дегенді де білдірмейді.
Қызылсу өзенінің бастауын қазып, тұрғындар «алтын жуу жұмыстары жүріп жатыр» деп көрсеткен аумақта нақты қай компания жұмыс істейді? Алтын өндіруге рұқсаты бар ма, әлде қолындағы құжаты тек геологиялық барлау лицензиясы үшін берілген бе? Бұл сұраққа лицензия берген министрлік, экология департаменті және жергілікті әкімдік нақты жауап беруге тиіс. Ал әзірге ашық деректерден Кеңтарлауда бір емес, кемінде үш компанияның мүддесі бар екенін байқадық.
P.S. «Жас Алаш» Кеңтарлау тұрғындарының шағымына байланысты Абай облысының әкімдігіне, облыстық экология департаментіне, су ресурстарына жауапты бассейндік инспекцияға және жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті органдарға ресми сауал жолдады. Қызылсу өзенінің арнасында нақты қай компания жұмыс жүргізгенін, оның қолында алтын өндіруге немесе тек геологиялық барлауға арналған лицензия бар-жоғын, шетелдік жұмысшылардың заңды негізде тартылған-тартылмағанын және тұрғындар айтқан экологиялық зардаптардың тексерілген-тексерілмегенін сұрадық.
Сондай-ақ Түркістан облысының Түлкібас ауданы Қайыршақты өзені маңындағы алтын барлау жұмыстарына қатысты құрылған арнайы жұмыс тобының қорытындысын және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты уәкілетті органның жауабын күтіп отырмыз. Қайыршақты мен Кеңтарлаудағы жағдайды «Жас Алаш» бақылауда ұстайды.
Тұрсынбек БАШАР