Live

Шымкентте 100 мың теңге пара алған полковникке 24,5 млн теңге айыппұл салынды

Ол Қытай азаматтарына құжат рәсімдеген

Фото: скриншот

Шымкентте 100 мың теңге көлемінде пара алған Ішкі істер департаменті Көші-қон қызметі басқармасының уақытша басшысы, полковник Жеңіс Әуелбековке 24,5 млн теңге айыппұл салынды.

Полковник биыл маусым айында парамен ұсталған. Тергеу мен сот процесі екі айға жетпей аяқталған.

Әуелбеков кінәсін мойындап, процестік келісімге келді. Осыған байланысты ол бас бостандығынан айрылған жоқ. Алайда қызметінен және әскери атағынан айрылды.

100 мың теңге Қытай азаматтарына көші-қон құжаттарын рәсімдеп бергені үшін берілген. Ақшаны делдал жеткізгеннен кейін, ҰҚК-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі полковникті қылмыс үстінде ұстаған.

Айта кетейік, Шымкенттегі көші-қон қызметінің басшылық құрамындағы қызметкерлерге қатысты мұндай істер бұған дейін де болған.

Биыл мамырда басқарма басшысының орынбасары, 45 жастағы Нұрлан Сембаевқа қатысты үкім шыққан. Оған Өзбекстаннан келген заңсыз жұмысшылар мәселесін шешу үшін пара ретінде құрылыс материалдары ұсынылған.

Кәсіпкер полковниктің ауласына жалпы құны 142 мың теңге болатын мың дана шлакоблок жеткізген. Осыдан кейін оның үйіне ҰҚК қызметкерлері кіріп, пара беру фактісін тіркеген. Тіпті шлакоблок тиелген паллеттерге «Пара» деген белгі қойылған.

Сот Нұрлан Сембаевты екі жылға бас бостандығынан айырып, әскери атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырған.

Ал көші-қон саласында қызмет еткен тағы бір бұрынғы полицей Сұңғат Түгелбаев шетел азаматтарынан бірнеше рет пара алғаны үшін 2024 жылы 7,5 жылға сотталды.

Сайт Әкімшілігі