Live

Шымкентте 50 шенеунік құмар ойын ойнап, 757 млн теңгеге ұтылған

Шымкентте 50 мемлекеттік қызметкер құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмысынан айырылуы мүмкін.

Фото: ашық дереккөз

Қалалық прокуратураның тапсырмасымен жергілікті атқарушы органдарда талдау жүргізілген. Нәтижесінде соңғы бір жылда бірқатар шенеуніктің букмекерлік кеңселерге белсенді түрде ақша аударғаны анықталды – жалпы сома 400 миллион теңгеден асып кеткен.

Мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға әуестігі – жай ғана жеке мәселе емес. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен этикалық кодексті тікелей бұзу болып есептеледі. 2024 жылы Қазақстанда шенеуніктерге құмар ойындардың кез келген түріне, соның ішінде онлайн-бәс тігуге тыйым салатын заң күшіне енді. Алайда Шымкенттегі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін 50 қызметкер бұл тыйымды елемеген.

Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Бегжан Құлатаев:

«Прокуратура жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында талдау жүргізді. Нәтижесінде 161 адамның Olimpbet онлайн платформасы арқылы бәс тіккені анықталды. Оның 50-і – жаңа заң күшіне енгеннен кейін. Жалпы бәс тіккен сома – 443 миллион теңге», - деді.

Ірі ұтысқа кенелгісі келген әрекет – қызметтен айырылумен аяқталуы мүмкін. Прокуратура қадағалау актісін енгізді, ал мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттері енді тәртіптік комиссияларда қаралуда. Заңда жаза түрлері нақты көрсетілген.

Бегжан Құлатаев, Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары:

«Жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларға сәйкес, интернет арқылы құмар ойындарға қатысу – еңбек шартын бұзу үшін негіз болып саналады. Бұл шешім құқықтық статистика органдарында тіркелуге тиіс және өзге де тәртіптік шараларға әкеп соғуы мүмкін», - деді.

2024 жылдың басынан бері прокуратураның мәліметінше, Шымкенттегі мемлекеттік органдардың 161 қызметкері онлайн-бәс тігуге 757 миллион теңге жұмсаған. Бұл сома бойынша шенеуніктердің ресми табысын ескерсек, біраз сұрақ туғызады. Аталған қаражаттың қайдан келгені әзірге белгісіз. Ал олар тәуелділікпен күресе ала ма – ол да ашық сұрақ.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтары eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өздеріне құмар ойындар мен бәс тігуге шектеу қоюға құқылы. Шектеу мерзімі – 10 жылға дейін.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Тегтер: бәс тігу