Шымкентте Қазақстан чемпионы Әділ Тілектес жұмыс орнында қаза тапты
Шымкентте есту қабілеті нашар спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған 28 жастағы Әділ Тілектес жұмыс орнында қаза тапты.
Қайғылы оқиға 12 қыркүйекте қаладағы кәсіпорындардың бірінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, спортшы жұмыс кезінде электр тогына түсіп, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Марқұмның досының айтуынша, Әділ Тілектес керамикалық плитка шығаратын зауытта жұмыс істеген. Ол жұмыс барысында электр сымына тиіп, ток соққаннан кейін биіктен құлаған. Бұл туралы «Қазинформ» хабарлады.
Шымкент қалалық полиция департаменті жұмысшының қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Ер адам жұмыс жүргізу кезінде электр тогының соғуынан өлімге әкелген жарақат алған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбаған.
Әділ Тілектес кім?
Әділ Тілектес есту қабілеті нашар спортшылар арасында еркін және грек-рим күресінен жарыстарға қатысқан.
2018 жылы ол 55 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атанды. 2019 жылы 60 келіге дейінгі салмақта ересектер арасындағы командалық Қазақстан чемпионатында бірінші орын алды. Сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанған.
Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.
Чемпион неге зауытта жұмыс істеген?
Әділ Тілектестің қазасы кәсіби және жоғары жетістік спорты өкілдерінің әлеуметтік жағдайы туралы мәселені де қайта көтеріп отыр. Қазақстан чемпионы атанған спортшының неліктен спорттан тыс салада, өндіріс орнында жұмыс істеуге мәжбүр болғаны әзірге белгісіз. Сондықтан оның зауытта жұмыс істеуін мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігімен тікелей байланыстыруға нақты дерек жоқ.
Дегенмен қазақстандық спортшылар бұған дейін дайындық пен жарыстарға қатысу шығындарын өз қаражатынан өтеуге тура келетінін бірнеше рет ашық айтқан.
Мәселен, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиададағы жеңісінен кейінгі сұхбаттарының бірінде 2022-2025 жылдары жаттықтырушылар, хореографтар, бағдарламалар қою, костюмдер мен дәрігерлер қызметіне кететін шығынның едәуір бөлігін өзі көтергенін айтқан. Оған демеушілер де көмектескен.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева да 2026 жылы халықаралық турнирлерге дайындықты қаржыландыру мәселесін көтерген. Оның сөзінше, Norway Chess турниріне дайындық шығындары жеке жүлдеақысы мен отбасының қаражаты есебінен өтелген.
Әділ Тілектестің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.