Шымкентте жасөспірім 12 метрлік құдыққа құлап кетті
Шымкент қаласында 14 жастағы жасөспірім жеке тұрғын үй аумағындағы терең құдыққа құлап кеткен.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құдықтың тереңдігі шамамен 12 метр болған. Ішінде су болмаған.
Оқиға орнына құтқарушылар шақырылып, арнайы құралдардың көмегімен құтқару операциясы жүргізілді.
– Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері арнайы жабдықтарды пайдаланып, зардап шеккен баланы құдықтан шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды, – делінген ведомство хабарламасында.
Құтқарушылар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды. Сондай-ақ ашық құдықтар, люктер мен басқа да қауіпті нысандардың маңында сақ болу қажеттігін ескертті.
Еске салайық, 2026 жылдың наурыз айында Ақтөбе қаласында 7 жастағы бала үйінің маңындағы ашық құдыққа құлап кеткен болатын. Бала жер астында шамамен жарты сағат жатқан. Оның көмек сұраған дауысын жанынан өтіп бара жатқан студент естіп, құтқарып қалған.