Щучинск қаласындағы трагедияда қаза тапқандар саны 12 адамға жетті
Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде болған жарылыс пен өрттен зардап шеккен тағы бір адам көз жұмды. Бұл туралы Астана қаласындағы ауруханалардың бірінде қайтыс болған науқас жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, ер адам санитарлық авиациямен жеткізілген, алайда ол жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды. Өрт кезінде оның тыныс жолдары қатты зақымданып, кома жағдайында жатқан.
Оқиға 2026 жылғы 26 ақпан күні кешке орын алған. Алғашында жеті адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейін ауыр халдегі зардап шеккендердің көз жұмуына байланысты бұл сан біртіндеп өсіп, алдымен 9-ға, кейін 11-ге жеткен еді. Енді соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.