спорт

"Siuuu": басы – Қазақстан, соңы – Уэльс

2026 жылы 5 қарашада футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын жариялады.

Фото ашық дереккөз

 Бұл ақпараттың дүмпуі АҚШ-тағы аралық сайлаудың дүрмегінен кем түспегені анық. Әлемдік БАҚ ол туралы жарыса жазып жатыр. Тіпті әдетте спорт тақырыбына мойын бұрмайтын басылымдардың өзі Роналдудың мансабы жайлы ақпарат таратты.

Мұның өз себебі бар. Роналду – қатардағы көп футболшының бірі емес. ХХІ ғасырдағы ең үздік ойыншылардың бірі, тіпті бірегейі десек те болады. Криштиану Португалия құрамасы сапында 234 матчқа қатысып, 146 гол соқты және 45 нәтижелі пас берді. Мұның алғашқы екеуі әлемдік рекорд, ал соңғысы Португалия құрамасы тарихындағы ең үздік көрсеткіш. Демек, ұлттық құрама деңгейіндегі барлық рекорд қазірше Роналдудың еншісінде деуге болады. Ал оларды кім, қашан жаңартатыны уақыттың еншісіндегі сұрақ.

Португалияның Мадейра аралындағы кедей отбасында дүниеге келген Криштану 25 жылда әлем футболының аңызына айналды. Қазір жер бетінде оны білмейтін адам кемде-кем. Роналду – әлеуметтік желіде жазылушылары ең көп спортшыл. Мысалы, оның Instagram парақшасында – 680 млн, Facebook желісінде – 170 млн, X (бұрынғы Twitter) парақшасында – 113 млн, YouTube арнасында 83 млн оқырман бар.

Португалия тұрғындарының жалпы саны 10 млн шамасында ғана екенін ескерсек, бұл сан-цифрлар Роналдудың әлем жұртының сүйіспеншілігіне бөленген тұлға екенін аңғартады. Бірақ мұндай жетістікке жету оңайға соққан жоқ. Криштиану 25 жыл ғұмырын жұмсап, адам қиялына сыймайтын осы ғажайып ертегіні жазып шықты. Айтпақшы, оның ертегідей мансабы әлі аяқталған жоқ. Ол ұлттық құрамамен ғана қоштасты. Футбол сүйер қауым Роналдудың 1000 гол соғар сәтін асыға күтіп жүр. Әлемдік сұрмергеннің еншісінде қазір – 985 гол! Яғни көпшілік күткен меже қол созым жерде ғана тұр.

Фото ашық дереккөз/Роналду

Роналду ұлттық құрама сапында 234 матч өткізгенін айттық. Ол Португалия құрамасы сапында 23 жыл өнер көрсетті. 2003 жылы тамызда ұлттық құрама жейдесін киіп, жасыл алаңға алғаш рет шыққан арықша келген жас жігіттің бейнесі жанкүйер қауымның көз алдында әлі тұрғаны анық. Талантты, жылдам, доп алып жүргенді жақсы көретін, қарсыласын алдап өтуден ләззат алатын жас футболшы сол кездің өзінде талайды талантына тамсандырған болатын.

Ең қызығы, Роналду ұлттық құрамадағы дебютін Қазақстан құрамасына қарсы өткізген. Ол кезде жас пері небәрі 18 жаста болатын. Жақсының жақсылығын айтуды жаны сүйетін қазақ жұртының "Криштанудың ұлттық құрамадағы тұсауын біз кескеміз" деп өзімсініп жүретіні сондықтан. Португалияның Шавиш қаласында өткен бұл кездесуде Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ Еуропа туы астына енді ғана өтіп жатқан қазақ футболы үшін бұл үлкен тәжірибе болған еді.

Фото ашық дереккөз/Роналду

Португалия – Қазақстан – 1:0 (0:0)

Гол соққан: Симау Саброза, 64 минут

Португалия: Рикарду (Бруно Вале, 82), Мигуэль, Фернанду Мейра (Манише, 46), Фернанду Коуту, Руй Жоржи (Нуну Валенте, 60), Коштинья (Жоржи Андраде, 46), Угу Виана, Руй Кошта (Кристиану Роналду, 46), Деку, Фигу (Симау Саброза, 46), Паулета (Элдер Поштига, 60).

Бас бапкер: Л. Ф. Сколари

Қазақстан: Новиков, Дубинский, Артемов, Солошенко, Шкурин (Нұрдәулетов, 83), Карпович, Смақов (Абдулин, 85), Ловчев, Жұмасқалиев (Аксенов, 69), Богомолов (Лунев, 76), Булешев.

Бас бапкер: Л.Пахомов.

Осы тұста Қазақстан құрамасына қатысты бір проблеманы айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Біздің құрама Португалиядан кейін ешбір алпауыт командамен жолдастық матч өткізген емес. Қазақстан құрамасының жолдастық матч өткізетін қарсыластары санаулы ғана. Үнемі Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Молдовамен кездеседі. Кейінгі 23 жылда біздің құрама жолдастық матч өткізген ең азулы команда – Ресей ғана. Мысалы, Өзбекстан құрамасы Уругваймен, Грузия Испаниямен жолығып жатады, ал біз өзіміз сияқты аладопты енді үйреніп жүрген командалармен күш сынасуға әуеспіз.

Фото ашық дереккөз/Роналду

CR7 – сансыз рекорд жасаған жетілік

Роналдудың бойында жастар үлгі аларлық қасиет өте көп. Ол әлем жұртына қиындыққа мойымайтын, үнемі жеңіске ұмтылатын және нағыз еңбекқор адам қандай болатынын көрсетті. Көп жанкүйер оның жігіт болып жетілген кезін, шын шебер болып қалыптасқан шағын ғана біледі. Оны жылына 50-60 гол соғатын сұрмерген, жасыл алаңда алдына жан салмайтын саңлақ, 5 мәрте "Алтын доп" алған атақты футболшы, күреп ақша табатын табысты миллионер деп қана біледі.

Бірақ оның балалық шағы дәл бүгінгідей бақытты өтті дей алмаймыз. Роналду кедей отбасында дүниеге келген. Әкесі қарапайым жұмысшы, шешесі тазалықшы болатын. Әлеуметтік желіден Криштианудың кішкентай күнінде көше сыпырып жүрген видеосын көрген боларсыз. Екіншіден, денсаулығы мәз емес еді. Бойы тым тез өсіп, бапкерлері оның қимылы ебедейсіз болып кетуінен алаңдап, командадан шығарып тастауды ойластырған кездері болыпты. Одан да қауіптісі, Роналду жүрегінің әлсіздігінен 15 жасында-ақ футболмен хоштаса жаздаған. Бірақ болашақ жұлдыз осының бәрін еңсеріп, үлкен футболға қадам басты.

Криштианудың клубтық мансабында мін жоқ. Жеңуге болатын жүлденің бәрін жеңді. "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид", "Ювентус" сияқты әлемнің үздік клубтарында сансыз рекорд жаңартты. Англияның, Испанияның, Италияның чемпионы атанды. УЕФА Чемпиондар лигасын 5 мәрте жеңді. Бес рет "Алтын доп" алды. 985 гол соқты. Ол үнемі 7-нөмірлі жейде киетін. ХХ ғасырда Пеле, Марадона, Роналдо сияқты латынамерикалық саңлақтардың әсерінен футболдағы ең танымал нөмірлер 10 мен 9 болса, Роналду 7-нөмірді осы қатарға қосты. Содан болар, жанкүйер қауым оны CR7 деп атап кетті.

Бірақ ұлттық құрамадағы жолы мұндай мінсіз емес. Португалия құрамасымен бірге сан мәрте сүрінді, талай рет финалға қол созым жерде жеңілді. 2004 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Грекиядан жеңілген сәттегі көз жасы көп адамның көз алдында әлі тұрған шығар. Өз алаңында өткен турнирдегі сәтсіздік жас Криштиануға ауыр соққы болғаны сөзсіз. Бірақ араға жылдар салып, бұл биікті ақыры бағындырды.

2016 жылы Францияда Еуропа чемпионы атанды. Бірақ алаң иелеріне қарсы финалдық матчта жарақат алып, алаңнан ерте кетті. Бұл жолы капитан ретінде командасына көмектесе алмағанына өкініп, көз жасына ерік бергені есімізде. Бірақ оның командасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Португалия құрамасы өз тарихында алғаш рет ірі турнирде топ жарды. Ал Роналду алаң жиегінде тұрып, бапкерге айналып кеткендей жан ұшыра айғайлап, командаластарына дем берді. Бір сәт орнында отырған жоқ… Кейін Криштиану кубокты көкке көтергенде ұлы ойыншының ұзақ жыл күткен арманы орындалғанын сезіндік.

CR7 Португалия құрамасымен бірге осыдан кейін де екі кубок жеңді. Екеуі де Ұлттар лигасы. Бұл УЕФА-ның жаңа турнирі болатын. 2019 жылы Португалия осы турнирдің тұңғыш чемпионы атанды. Роналдудың командасы 2025 жылы бұл атаққа қайта қол жеткізді. Осылайша, Роналду тарихында еш кубок жеңбеген Португалия құрамасына 3 бірдей чемпиондық атақ сыйлады.

Бірақ Португалия құрамасымен бірге әлем чемпионатында топ жара алмады. Бұл жалғыз Роналдудың емес, көптеген футбол жанкүйерінің өкініші сияқты көрінеді. "CR7 мундиальда топ жаруға лайық еді" деп санайтындар көп. Бірақ оның әлем біріншілігіндегі ең үздік көрсеткіші төртінші орын ғана болды.

Оның әлем чемпионатындағы жолы 2006 жылы Германияда басталып, 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өткен мундиальға дейін жалғасты. Алты әлем чемпионатында өнер көрсетіп, барлығында гол соқты. Роналду – алты әлем чемпионатында көзге түскен тарихтағы жалғыз футболшы. CR7 Португалия құрамасы сапында 6 мәрте әлем чемпионатына, 6 рет Еуропа біріншілігіне қатысып, соның бәрінде гол соққан. Яғни 12 ірі халықаралық турнирде қанжығасы бос қайтпаған нағыз сұрмерген. Ол әлем біріншіліктерінде – 11, Еуропа чемпионаттарында – 14 гол соққан (Еуро тарихындағы ең үздік сұрмерген).

5 қарашадағы қоштасу үндеуінде Роналду "Португалия құрамасының 7-нөмірлі жейдесін келесі буынға тапсыратын уақыт жеткенін" айтты. Жанкүйер қауым оның әр сөзінен қимастықтың лебін сезгені анық. Криштианудың енді Португалия сапында өнер көрсетпейтіні көп адамның көңіліне қаяу түсіргені де рас. Тіпті бұл құрамаға Роналду үшін жанкүйер болған жандар көп екені байқалып қалды. Кейінгі бірнеше күнде Португалия құрамасының әлеуметтік желідегі парақшалары миллиондаған оқырманынан айырылғаны осының дәлелі.

Осылайша, Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабы аяқталды. Енді ол Португалияның нар қызыл жейдесін кимейді. Екі метрден аса биікке секіріп, баппен гол соғып, "Siuuu" деп айқайламайды. Құрамасын 2013 жылдағыдай әлем чемпионатына сүйреп шығармайды (Швецияға қарсы екі матчта 4 гол соқты), 2016 жылғы Еуродағыдай жеңіске жетелемейді (3 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді). Мұның бәрі тарихқа айналды.

Роналдудың Португалия құрамасы тарихындағы орны қандай екенін бағамдау үшін бірнеше статистикаға тоқтала кетейік. Криштиану Португалия құрамасы сапында ең көп матч өткізген (234), ең көп гол соққан (146), көп нәтижелі пас берген (45), алғашқы чемпиондық атақты алып берген (2016 жыл) футболшы екенін айттық. Бұдан бөлек, ол Португалия құрамасының тұтас тарихындағы барлық голдың (1245) 11 пайызын (146) өз еншісіне жазған, ал ірі турнирлердегі голдардың (130) 19 пайызын соққан.

Сондай-ақ Португалия құрамасы 1921 жылдан бастап осы күнге дейін 710 матч өткізген, Криштиану соның 33 пайызына (234) қатысыпты. Одан да қызығы, Португалия 1973 жылдан 2003 жылға дейін 73 жылда әлем чемпионатына 3 мәрте ғана қатысса, Роналду өнер көрсеткен 23 жылда 6 мәрте мундиальге барды. Кришиану ұлттық құрама сапында жалпы 143 футболшымен бірге өнер көрсеткен. Оның ең үлкені – 1969 жылы туған Фернандо Коуту, ал ең кішісі – 2004 жылы дүниеге келген Жуан Невеш.

Роналду ұлттық құрамадағы соңғы матчын биыл 24 қыркүйек күні Ұлттар лигасы аясында Уэльске қарсы өткізді. Қазақстанға қарсы алғашқы ойыннан бастап есептесек, құрама жейдесінде 23 жыл 35 күн доп тепкен екен. Жасыл алаңда өткізген жалпы уақыты – 18 604 минут. Салыстыру үшін айтсақ, 2026 жылы өз ұлттық құрамасында дебют жасаған кез келген футболшы Роналдудың нәтижесін қуып жету үшін құрама сапында 2049 жылға дейін өнер көрсетуі қажет екен. Ал бұл екінің бірінің қолынан келмейтіні анық.

Фото: ашық дереккөзден/Роналду мен Жорже Жезус

Өкінішке қарай, Криштиану өзі 23 жыл бойы намысын қорғаған командасымен жылы қоштаса алған жоқ. Құрама бапкерімен, федерация басшыларымен тіл табыса алмай, командадан дау-дамаймен кетті.

Пеле мен Марадонаның өнерін өз көзімен көрмеген жаңа ғасыр жанкүйерлерінің өз қаһармандары бар. Сол қаһармандардың бірегейі – Криштиану Роналду. Оның ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын көрген, кейін рекордтарын санаған жанкүйер қауым енді сол рекордты жаңартатын біреуді күтері анық. Бірақ ондай "супермен" табыла қояр ма екен?

Өйткені Роналдудың жасыл алаңдағы өнері, мінезі, жеңіске деген құштарлығы, жанкүйерге сыйлаған эмоциясы ерекше болатын. Кеше ғана, Қазақстанға қарсы матчта жасыл алаңға жүгіріп шыққан жас жігіт бүгін ұлттық құрама жейдесін келесі ұрпаққа табыстап жатыр. Криштиану алғаш доп тебе бастағанда мектеп қабырғасында жүрген жас бала бүгін орта буын өкіліне айналды. Ал сол кезде орта жастағы жанкүйерлер қазір алпыстан асып барады. Бір дәуір өтті деген осы…

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі