СҚО-да мұғалімдер батпақ кешіп жүр
Солтүстік Қазақстан облысында Архангелка ауылына апаратын жолдың жағдайы тағы да тұрғындардың наразылығын тудырды. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл жол көктем сайын батпаққа айналып, қатынасты қиындатады.
Көліктер терең шұңқырларға батып, кейде жарты сағаттап әрең шығарылады. Сондай-ақ балаларымен бірге келе жатқан жеңіл көлік батпаққа тұрып қалған жағдай да болған.
Ауыр техника да бұл жолмен жүре алмай, жүргізушілерге қосымша шығын келтіріп жатыр. Ең қиыны – көрші ауылдардан қатынайтын мұғалімдердің жағдайы. Олар күн сайын лай кешіп, мектепке кейде үсті-басы былғанып жететіндерін айтады.
Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бір жылдан бері емес, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, жол сапасы ұзаққа шыдамай, қайтадан жарамсыз күйге түскен.
Ал жергілікті биліктің бұл түйткілді қашан шешетіні әзірге белгісіз.