Live

СІМ вице-министрі Мақсат Дүйсеновті Германиядан экстрадициялау туралы айтты

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлибек Бакаев бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде Германияда ұсталған болатын.

Фото: ашық дереккөз

Жақында Германия тарапы күдіктіні Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқаны белгілі болды. Алайда оның себептері түсіндірілмеген.

Мәжіліс кулуарында журналистер Әлибек Бақаевтан СІМ Дүйсеновті экстрадициялау бойынша жаңа сұрау жолдай ма деп сұрады.

— Жалпы мұндай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрине, мемлекеттердің мұндай құқықтары бар. Біз де шетел азаматтарын экстрадициялаудан бас тартуға құқылымыз. Бірақ әрекеттер жасалып жатыр, жұмыс жүріп жатыр. Келісімге келе аламыз деп үміттенемін, - деді вице-министр.

Ол барлық рәсімдер Германия мен Қазақстан заңнамасы аясында, сондай-ақ екі ел арасындағы қолданыстағы келісімдерге сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

Еске салсақ, 2025 жылдың тамыз айының соңында Алматының Алмалы аудандық полициясы прокуратураның бастамасымен Мақсат Дүйсеновке қатысты іздестіру ісін тіркеген. Сол кезде оған халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ал қыркүйек айының соңында Германия құқық қорғау органдары Дүйсеновті ұстаған.

2026 жылғы 21 мамырда Германия Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялау туралы өтінішінен бас тартқаны хабарланған болатын. Бұл ақпаратты Қазақстан Бас прокуратурасы да растады.

Сайт Әкімшілігі