Live

Солтүстік Қазақстан облысында балабақша меңгерушісі мен екі тәрбиеші жол апатынан қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында Астана-Петропавл республикалық тасжолында болған ірі жол апатынан үш адам қаза тапты.

Фото: ашық дерекккөз

Олардың бірі – балабақша меңгерушісі, қалған екеуі – тәрбиешілер. Бұл туралы Halyqstan телеграм арнасы жазды.

Жол апаты 15 қазанда сағат 08:00 шамасында Кременчуг ауылының маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолда бес көлік – үш жеңіл автомобиль мен екі КамАЗ жүк көлігі соғысқан.

Апат салдарынан Audi автокөлігіндегі үш жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Көлікте болған тағы екі адам – 20 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы жолаушы ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, оларға ота жасалып жатыр.

Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шекпеген.

Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы қаза тапқандардың Жамбыл ауданындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жұмыс істегенін растады. Олардың арасында балабақша меңгерушісі мен екі тәрбиеші бар.

Ведомство марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ олардың сапары жеке мақсатта болғанын және қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты емес екенін нақтылады.

Жол апатына байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты