Солтүстік Корея бірнеше зымыран түрін сынақтан өткізді
Ким Чен Ыннің бақылауымен Солтүстік Кореяда тактикалық баллистикалық, артиллериялық және жоғары дәлдіктегі қанатты зымырандардың сынағы өтті. КХДР басшысы ұшыру нәтижелеріне қанағаттанғанын айтты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сынақтар қазіргі заманғы соғыс қимылдарына арналған қару түрлерін тексеру мақсатында жүргізілген.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, бұған дейін Оңтүстік Корея әскері Солтүстік Пхёнан провинциясындағы Чонджу қаласы маңынан Сары теңіз бағытына қарай бірнеше қысқа қашықтықтағы баллистикалық және артиллериялық зымырандардың ұшырылғанын тіркеген.
КХДР Орталық телеграф агенттігінің мәліметінше, 26 мамырда өткен сынақтар Солтүстік Кореяның ұлттық қорғанысын дамытудың бес жылдық жоспары аясындағы артиллериялық және зымырандық күштерді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып саналады.
Хабарламада Ким Чен Ын сынақ нәтижелерін жоғары бағалап, оны елдің әскери басымдығы мен жауынгерлік әлеуетінің артып келе жатқанының «айқын сигналы» деп атағаны айтылған.
Әсіресе, ол КХДР-дың оңтүстік шекарасына жақын орналасқан алыс қашықтықтағы артиллерия бөлімшелеріне орналастырылатын тактикалық қанатты зымыранды ерекше мақтаған.
Мәліметке сәйкес, бұл зымыран бірнеше навигациялық жүйемен жабдықталған. Оның ішінде жер бедерін картаға түсіру және жасанды интеллект арқылы нысананы дәлдеу технологиялары бар. Соның арқасында зымыран 100 шақырым радиустағы кез келген нысанды жоғары дәлдікпен жоя алады.