Таиландтан тәтті ретінде есірткі тасымалдаған 20 жастағы қыз 16 жылға сотталды
Астанада Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізіп, заңсыз айналымына қатысы бар екі азаматқа сот үкімі шықты.
Бірі есірткіні тәттілер ретінде алып өтпек болса, екіншісі оны пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған.
Бірінші іс бойынша 20 жастағы қыз ақшалай сыйақы үшін Таиландтан жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты салынған екі шабаданды жеткізген. Ол тыйым салынған заттарды тәттілер ретінде көрсетіп, елге алып кіруге тырысқан. Алайда заңсыз жүк Астана әуежайына ұшып келген бойда анықталып, тәркіленді. Сот оны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға есірткіні пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған. Ол тыйым салынған заттарды халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып жөнелткен.
Бұл сәлемдемелерді алуы тиіс болған үш адам бұған дейін сотталып, тиісті жазаларын алған. Ал есірткіні жөнелтуді ұйымдастырған ер адамға іздеу жарияланған. Кейін ұсталып, сот алдында жауап берді. Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Екі іс бойынша да мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.
Сот үкімдері әзірге заңды күшіне енген жоқ.