Саясат

Талдықорғанда «Атажұрт» белсенділеріне қатысты үкім шықты

13 сәуірде Талдықорған қалалық сотында 2025 жылғы қарашадағы антиқытайлық акциядан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, «араздық тудырды» деп айыпталған 19 адамға қатысты үкім жарияланды.

Бұл туралы "Азаттық Азия" жазды.  

Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, олардың бір бөлігіне бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын кессе, қалғандары шартты түрде жазаланды.

  • Бекзат Мақсұтхан, 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы қазақтар мен басқа да байырғы халықтардың қысым көру мәселесін көтеріп, Пекиннің этникалық азшылықтарға қатысты саясатын сынап жүрген «Атажұрт» бірлестігінің жетекшісі бес жылға түрмеге кесілді.

  • Дәл осындай жаза Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерінің» бұрынғы тұтқыны Тұрсынбек Қабиге де тағайындалды.

Тергеу изоляторында отырған сотталушылар қорытынды отырысқа онлайн режимде қосылды, оларды сот залына әкелген жоқ. Үкімді тыңдауға тек үйқамақтағылар ғана қатысты.

Үкім шыққаннан кейін сот ғимаратының алдында бірнеше сотталған әйел жылап тұрды. Олардың бірі — Гүлнар Шаймұраттың денсаулығы сыр беріп, оны жедел жәрдем қызметкерлері алып кетті.

Прокуратура өкілдері сот ғимараты алдында журналистерге сұхбат беріп тұрған сотталғандар мен олардың туыстарына бұл әрекеттері «заңсыз жиын» ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті. Оқиға орнына полицияның арнайы жасағы (СОБР) тартылды.

Сотқа тартылғандардың барлығы 2025 жылғы 13 қарашадағы антиқытайлық акцияның қатысушылары немесе куәгерлері. Сол күні наразылық білдірушілер Қазақстан шекарасынан өткеннен кейін Қытайда ұсталған этникалық қазақ Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап еткен болатын. Наразылық кезінде Қытайдың үш туы мен сол елдің лидері Си Цзиньпиннің портреті өртелген.

Фото: Азаттық Азия

Сайт Әкімшілігі