Аймақ

Талдықорғанда дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің заманауи оқу ғимараты пайдалануға берілді

Жетісу облыс құрылғаннан бері білім беру нысандарының 41,8 % жаңғыртылды.

Фото Жетісу әкімдігі

 Биыл 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 2 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Солардың бірі - дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 300 орынды заманауи жаңа оқу ғимараты Республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Талдықорған қаласында орналасқан бұл білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото Жетісу әкімдігі

Өңір басшысы көпшілікті айтулы жаңалықпен құттықтады:

- Соңғы үш жылда жетісулық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік конкурстарда 73 медаль иеленді. Аталған марапаттардың 27-сі, яғни 40% тікелей осы лицей шәкірттеріне тиеcілі. Бұл айтулы көрсеткіш – лицейде қалыптасқан сапалы білім беру дәстүрі мен ұстаздардың кәсіби еңбегінің айқын көрінісі. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан біз жастардың терең білім алуына, жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауды жалғастырамыз, - деді Б.Исабаев.

Мектептің лентасы қиылып, жиналған көпшілік ғимараттың ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Облыс басшысы география, тарих, қазақ тілі, роботтехника кабинеттерін аралап көрді. Сол сияқты фоеде қойылған лицей оқушылары жетістіктерінің көрмесімен танысты. Осы жерде халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен тілдесті.

«Мемлекет басшысы парасатты, оқитын, ізденімпаз, технологияны, жасанды интеллектті меңгерген, зерделі ұрпақ қалыптастыруға барлық жағдай жасау туралы міндет қойып отыр. Соған сай ел көлемінде, соның ішінде облыста да үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Сіздер де осы үрдістен қалмай, республикадағы ең беделді, өзінің тарихы бар мектеп лицейінде жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жете беріңдер, үлкен азамат болып өсіңдер», - деді облыс басшысы.   

Осы күні лицей оқушыларына «Кітап оқитын ұлт» жобасына енгізілген кітаптар тізіміндегі 60 жинақ сыйға тартылды.

Мектеп директоры Айбек Аширметовтің айтуынша, «Талдықорған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған мектеп-лицейі 1993 жылы құрылған.

- Осы уақыттан бері білім мекемесін 1,5 мыңға жуық түлек бітіріп шықты. Өткен жылы бітірген 48 оқушының бәрі жоғары оқу орындарына оқуға түстін. Мұнда оқыту қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жүреді. Бүгінгі ашылып отырған жаңа ғимаратта 37 кабинет бар, соның ішінде лингвистикалық кабинет және зертханалар жабдықталған. Бұл оқушылардың жетістіктерін еселей түсуге үлкен ықпал етеді, - дейді А.Аширметов.

Фото Жетісу әкімдігі

Мектепте 100-ден астам адам жұмыс істесе, соның 37-сі – педагог. Солардың бірі жас маман Мирас Медетұлы елеулі қуанышқа орай пікір білдірді:

- Мен осы білім мекемесіне биылғы оқу жылында жас маман болып келіп отырмын. Биология пәнінен сабақ беремін. Бұл мектепте жараталыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді, сондықтан биология пәні де ағылшын тілінде жүреді. Өзім Өскемен қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейін бітірдім, кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқыдым. Алғашқы еңбек жолымды осы лицейден бастап жатқаныма қуаныштымын, - деді ол. 

Жаңа оқу ғимаратының ашылғанына ата-аналар да риза.

- Бүгін біз үшін ерекше күн. «Білім-инновация» мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Менің ұлым Жайдар Ескендір бастауышта қаладағы Абай атындағы №1 мектепте, 5-6 сыныптарды № 20 лицейде оқыды, сол алған сапалы білімінің арқасында 7 сыныпта осы мектепке қабылданды. Қазір 11 сыныпта, бұл өте жауапты кезең. Осы жылда жаңа оқу корпусы қолданысқа берілгеніне қуаныштымын. Ішін аралап көрдік әдемі, жайлы, кең, үлкен ғимарат. Жаңа корпустың құрылысына атсалысқан барша азаматтарға ата-аналар атынан алғыс айтамыз, - деді Шынар Ахмадиева.  

Атап өтсек, мектеп-лицейде 266 оқушы оқиды. Соның бірі - Әділет Бекмолда.

- Мен 7 сыныптан бері осы мектепте оқимын. Алдыңғы жылы лицей президенті болдым. Лицей өміріне белсене қатысамын. Республикалық олимпиадалар мен ғылым жобалар байқауының үш мәрте жүлдегерімін. Бүгін лицей тарихының жаңа белесі басталды деп білеміз. Отыз жылдан астам уақытта қалыптасқан білім мен тәрбие құндылықтары жаңа ғимаратта жалғасын табады. Менің ойымша, бізден кейінгі өсіп келе жатқан інілеріміз үшін бұл ғимарат керемет мүмкіндіктер береді. Болашақта осы жерден алған білімімді елдің игілігіне арнаймын деп ойлаймын, - дейді Әділет Бекмолда.

Еске салсақ, бұл «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқу ғимаратының құрылысы 2025 жылы мамырда басталған болатын.

 

Фотографтар: Қанат Өмірәлинов, Жұмабай Мұсабеков.

Сайт Әкімшілігі