Талғар ауданындағы кісі өлімі: үш жігіт сот алдында жауап беріп жатыр
Алматы облысының Қаскелең қаласында Талғар ауданының 24 жастағы тұрғыны Жанасыл Сәрсенбайдың өліміне қатысты сот процесі басталды. Іс ашық режимде қаралып жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілердің бірі марқұмды пышақтаған. Жанасыл Сәрсенбай кейін ауруханада көз жұмған.
Сот алдында 19 және 20 жастағы үш жігіт жауап беріп жатыр. Алайда олардың біреуі ғана кісі өлтіру бабымен айыпталған. Қалған екеуі қылмысты жасыру дерегі бойынша күдікке ілінген. Сот отырысының басында айыпталушылар өздерінің жүзін көрсетпеуді сұраған.
Оқиға биыл мамыр айында болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, Жанасыл Сәрсенбай інісімен бірге әкесінің қабіріне барып, үйіне қайтып келе жатқан. Сол кезде жолда тұрған көлік олардың өтуіне кедергі келтірген. Жанасыл сигнал беріп, жолды босатуды сұраған. Бірақ қарсы тарап көлігін алмаған. Кейін ол көлікті айналып өтеді. Болжам бойынша, осы жағдай күдіктілердің ашуына тиген.
Сотта айыпталушылардың бірі сол күнгі оқиғаны баяндады.
"Жүргізуші бізге сигнал берді. Елхан оған айналып өт деген белгі көрсетті. Жанасыл Елханға бірдеңе айтты, шамасы балағаттады. Олар бізден қатты жылдамдықпен өтіп кетті. Біз соңынан бардық. Үйдің жанында Елхан ғана шықты. Ол Жанасылды пышақтады. Сосын маған: "Жүр" деді. Пышақты көргенде есеңгіреп қалдым", – деді сотталушылардың бірі.
Ал марқұмның інісі Еркебұлан Сәрсенбайдың айтуынша, оқиға үйдің маңында болған.
"Үшеуі көліктен түскенін көрдік. Мен жолаушы жақта тұрдым. Ешқандай әңгіме болған жоқ. Кенет Елхан ағамды екі рет пышақтады: алдымен оң қолымен, кейін сол қолымен", – деді ол.
Жанасыл Сәрсенбай ауруханада қайтыс болған. Сотта марқұмның анасы Алмагүл Нұрғызат айыпталушыларға ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.
"Балам жүгіріп келіп: "Мама, ағамды пышақтап кетті" деді. Далаға шықсам, Жанасыл тізерлеп отыр екен. Оны құшақтап алдым. Жедел жәрдем шақырдық. Кейін өзіміз ауруханаға апармақ болдық. Бірақ дәрігерлер: "Ұлыңыз қайтыс болды" деді. Мен кешірмеймін. Мұндайды кешіру мүмкін емес. Үшеуі де қылмысы үшін жазасын алсын", – деді анасы.
Жәбірленуші тарап сотталушылардан 100 млн теңге көлемінде өтемақы өндіруді талап етіп отыр.
Іс "Адам өлтіру" және "Қылмысты жасыру" баптары бойынша қаралып жатыр. Бұл баптар бойынша айыпталушыларға 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.