Live

Тамбовтағы Wildberries логистикалық кешені дрон шабуылынан кейін өртенді

26 тамызға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов облысындағы Котовск қаласында орналасқан Wildberries маркетплейсінің логистикалық кешеніне соққы жасады.

Фото: Tatyana Makeyeva/AFP

 Қоймаға дрон түскенін облыс губернаторы Евгений Первышов растады.

Оның айтуынша, әуе қорғанысы жүйесі мен «БАРС-Тамбов» мобильді топтары 16 дронды атып түсірген. Алайда шабуыл салдарынан Wildberries логистикалық орталығында ірі өрт шыққан.

«Өрт аумағы 40 мың шаршы метрді құрады», – деп жазды губернатор Telegram арнасында.

Шабуылдан қойманың бір қызметкері зардап шеккен. Сондай-ақ дрон құлағаннан кейін облыстағы жеке үйлердің бірі өртенген.

Ашық деректерге сәйкес, Котовскідегі Wildberries логистикалық кешенінің жалпы аумағы 108 мың шаршы метр. Бұл нысан бұған дейін де дрон шабуылына ұшыраған. 18 шілдеге қараған түні қоймаға жасалған соққыдан ірі өрт шығып, жеті адам қаза тауып, 25 адам зардап шеккен.

Кстоводағы мұнай өңдеу зауыты маңында да өрт шықты

Осы түні Нижегород облысының Кстово қаласының тұрғындары «Лукойл Нижегороднефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауыты маңынан шыққан өрттің видеоларын әлеуметтік желілерде жариялады.

Түнде облыста әуе шабуылы қаупі жарияланған. Алайда жергілікті билік дрон шабуылының салдары туралы әзірге ресми ақпарат таратпады.

Кстоводағы «Лукойл» зауыты бұған дейін де бірнеше рет Украина дрондарының нысанасына айналған. Украина Қарулы күштері Бас штабының мәліметінше, 2 шілдеге қараған түні кәсіпорындағы АВТ-6 мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысына соққы жасалған.

Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына шамамен 15 млн тонна мұнайды құрайды. Ол Ресейдегі ең ірі бес мұнай өңдеу зауытының қатарына кіреді және Мәскеу мен Мәскеу облысын жанармаймен қамтамасыз етеді.

Сайт Әкімшілігі