Әлеумет

Тараз маңында 15 жастағы оқушы кеудесінен соққы алып, қаза тапты

Марқұмның ата-анасы ұлдарының ауылдағы өзінен үлкен балалардың әлімжеттігінің құрбаны болғанын айтып отыр.

Фото ашық дереккөз

Оқиға жасөспірімдер футбол алаңына барған кезде болған. Марқұмның әкесінің айтуынша, сол жерде үлкендеу балалар жасөспірімдерді ұра бастаған. Миятбек кезекте соңында тұрған. Кеудесінен соққы алғаннан кейін жерге құлаған.

"Бәрін кезек-кезек ұрды. Ұрған сайын балалар құламады. Ал менің балам ең соңында тұрды. Телефонын қарап, ештеңеге араласпай тұрған. Өзі арық, ұзын бойлы, сымбатты бала еді. Бір соққыдан кейін құлап қалғанда, олар есінен танып қалды деп ойлаған. Отырғызуға, тұрғызуға тырысқан. Кейін жарық жерге шығарып, жедел жәрдем шақырған да, өздері қашып кеткен", – деді марқұмның әкесі.

Алайда дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады. Әлімжеттік болғаны әзірге ресми түрде расталған жоқ. Белгілі болғаны – марқұм мен 16 жастағы күдікті бір лицейде оқыған әрі көрші тұрған.

Жерлеуден кейін күдіктінің туыстары марқұмның отбасына келіп, кешірім сұраған. Миятбектің ата-анасы оларды кешіргенін айтты.

Қазір 16 жастағы жасөспірім тергеу изоляторында отыр.

Сайт Әкімшілігі