Қоғам

Таразда 24 жастағы жігітті аулада пышақтап кеткен

Таразда 24 жастағы жігіттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға 3 қазан күні кешкі уақытта Абай көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған.

Фото: ашық дереккөз

Алдын ала мәлімет бойынша, сағат 17:00 шамасында бірнеше адам жас жігітке шабуыл жасап, оған пышақ жарақатын салған. Оқиға орнынан күдіктілер бой тасалаған.

Жарақаты ауыр болған 24 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмған. Болған жағдай туралы полицияға куәгерлер хабарлаған.

Жамбыл облысының Полиция департаменті адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдіктілердің бірі жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Әлеуметтік желіде жанжалға қыз мәселесі себеп болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелуі Полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Сайт Әкімшілігі