Сараптама

Таразда бүлінген ескерткіш Мәскеудің "мүйізін сырқыратты"

Таразда бүлінген ескерткіш Мәскеудің "мүйізін сырқыратты"

Фото ашық дереккөз

Өткен аптада Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдады. Себебі – қызық. Нота Қазақстанның Ресейге қарсы орынсыз мәлемдемесі немесе Ресей азаматының құқығы бұзылғаны үшін жолданып отырған жоқ. Қазақстанның оңтүстігіндегі әлдебір ескерткіштің бүлінгені қиырда жатқан Кремльдің шамына тиген көрінеді.

Мәселенің мәні мынада: Тараз қаласындағы Қарасу шағын ауданындағы зират аумағында Кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалдық ескерткіш бар еді, жақында соны белгісіз біреулер қиратып кетіпті. Мұнда соғыс жылдары Жамбыл қаласындағы эвакуациялық госпитальда көз жұмған Қызыл армияның 72 белгісіз жауынгері жерленген екен. Ескерткіш сол сарбаздар құрметіне арналған.

Қазақстандағы Ресей елшілігі ресми сайтында осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жариялапты. Елшілік "Тараздағы ескерткішті бүлдіру оқиғасын жай вандализм емес, саяси экстремистік акция" деп бағалап, Қазақстан тарапынан "оқиғаға құқықтық, саяси және моральдық баға беруді" талап еткен. Сондай-ақ "оқиғаға кінәлілерді және осы әрекетке түрткі болған адамдарды тез арада анықтап, қатаң жазалауға" шақырған.

Бұл елшіліктің жария мәлімдемесі. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жолданған дипломатиялық нотаның мазмұны әлдеқайда қатаң болуы мүмкін. Әдетте бір мемлекет екінші елдің әрекетін халықаралық құқыққа қайшы, достық қатынасқа нұқсан келтіретін немесе өз мүддесіне зиян келтіретін әрекет деп санаса, ресми нота жолдайды. Нотаның саяси салмағы мазмұны мен қолданылған сөз тіркестеріне қарай анықталады. Мысалы, ақпарат алу немесе түсініктеме сұрау мақсатында болса, нота барынша дипломатиялық тілде жазылады. Ал талап қою, ескерту жасау, наразылық білдіру мақсатында болса, қатаң позиция нота мәтінінен көрініп тұрады. Ресей елшілігінің мәлімдемесінде "Тараздағы оқиғаға қатты наразылық білдіреміз" деген. Демек, Сыртқы істер министрінің қолына тиген хатта қату қабақтың лебі есіп тұрған болуы мүмкін.

Өйткені ресейлік дипломаттардың наразылығына Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі жедел жауап берді. ҚР СІМ өкілдері көп кешікпей Ресей тарапының нотасын алғанын растады, әрі оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына сауал жолдағанын хабарлады.

Ал облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тіпті елпілдеп кеткендей көрінді. Әдетте өзі басқарып отырған өңірде болып жатқан келеңсіздіктерге мойын бұрып қарамайтын әкім ескерткішті қирату оқиғасын жеке бақылауына алыпты.

"Ескерткішке белгісіз тұлғалардың зақым келтіргені өкінішті жағдай.Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған оқиғаға қатысты жағдайды және мемориалды қалпына келтіру жұмыстарын жеке бақылауға алды. Ескерткіш жуық арада толық көлемде жөнделеді", – дейді Жамбыл әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жамбыл облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. "Бұл дерек бойынша ескерткішті қорлау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір құқықбұзушыларды ұстауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр", – деп хабарлады ПД.

Сөйтіп, Сыртқы істер министрлігі, Жамбыл облыстық әкімдігі және облыстың полиция департаменті жабылып жүріп, ресейліктердің ашуын басқандай болды. Ендігі шаруа – ескерткішті құлатқан адамдарды тауып жазалау және нысанды бюджет қаржысына қайта жөндеп шығару. Қарашөкеевтің қарқынына қарасақ, бұл шаруалар да тез арада шешілетін сияқты.

Ресейдің бұл іске араласатындай қисыны бар екен. Аталған мемориалды биыл Тараз қаласы әкімдігі мен Ресейдің Алматы қаласындағы Бас консулдығы бірлесіп, жөндеуден өткізіпті. Яғни Ресей елшілігі ақша бөлген. Бірақ бұл жерде де таяқтың бір ұшы Қарашөкеевке тиеді. Облыстық әкімдік әу баста ескерткішті жөндеу үшін Ресей елшілігінен неге ақша алған? Соғыста қаза тапқан сарбаздарға арналған ескерткішті Ресейді араластырмай, өздері жөндеуі қажет еді. Сонда "құда да тыныш, құдағи да тыныш" болар ма еді?..

Бірақ бұған да сенім аз. Кремль кез келген жерге киліге кетуге кетәрі емес екенін бәріміз білеміз. Әсіресе Кеңес одағы тарихы, Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы әңгіме қозғалса, Мәскеудің тынышы кетеді. Ресей кейінгі кезде Кеңес одағы тарихын жаңаша жазуға қарсы шығып жүр. Мысалы, 2022 жылғы сәуірде Ресей президенті КСРО-ны нацистік Германияға теңестіргендерді жауапқа тартатын заңға қол қойған. Бұл заң бойынша Екінші дүниежүзілік соғысты Германия мен КСРО бірге бастағанын айтуға болмайды.

Сондай-ақ Ресей одақтас елдермен ортақ тарихты "қаралауға" жол бермеу туралы келісім жасап алды. 2022 жылғы 28 қарашада Мәскеуде Қазақстан мен Ресей бірге қабылдаған декларация бойынша екі елдің ортақ тарихын бұрмалауға, қайта жазуға және қаралауға жол берілмейді әрі Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығы сақталуы қажет. Басқаша айтқанда, Ресеймен одақтас елдер КСРО кезеңі мен Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын Мәскеудің нұсқасы бойынша жазуы керек деген сөз.

"Тарихты жеңгендер жазады" деген сөз бар. Яғни күшті елдер тарихи фактілерді бұрмалап, бұрып жазуға, өзін зор, өзгені қор етіп көрсетуге құштар. Ал диктаторлық режимдегі мемлекеттер тарихты идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, ғалымдардың емес, саясаткерлердің қолымен жазады. Қазақстанмен көрші отырған Ресей де, Қытай да мұндай әрекеттен ада емес. Яғни күшті елдер тарихты шынайы емес, өз қалауы бойынша жазғысы келеді. Ал олардың көңілін табамыз деп шегініп, жол бере берсек, көп жерде ұтыларымыз анық. Сондықтан тәуелсіз ел ретінде тарихи оқиғаларға қатысты дауда ұлттық мүддемізді басты орынға шығарғанымыз жөн.

Саясаттанушы Ермахан ҚАЛМЫРЗАЕВ Мәскеу соғыстағы жеңісті қазіргі идеологиясы үшін пайдаланып отырғанын айтады.  

"Кез келген мемлекет өткен тарихты өз мүддесіне бейімдеп түсінуге тырысады. Ресей соны істеп жатыр. Әр мемлекет тарихты өз мүддесіне пайдалануға құқылы әрі міндетті деп есептеймін. Қазақстан да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты өзінің ұстанымын анықтап алуы қажет еді, бірақ мұны әлі істемедік. Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан миллиондаған адам қатысты, жүз мыңдаған адам қаза тапты. Бірақ осы соғысқа Қазақстан тұрғысынан қалай қарауды әлі шешкен жоқпыз. Соғысқа Қазақстанның әрбір отбасы атсалысты. Сөйте тұра соғыста кімді жақтайтынымызды әлі білмейміз. Жеңіске жеткенді жақтаймыз ба, жеңілген жақты ақтаймыз ба, әлі шешпедік. Бұл дұрыс емес, мемлекеттік ұстаным болу керек. Демек, бұл – өте күрделі мәселе.

Ресейдің Екінші дүниежүзілік соғысты өзіне меншіктейтіні, бізге ұнамағанымен, кейбіреуге ұнайтыны анық. Осы ұстанымды қолдап отырғандар көп. Оның үстіне біз Ресейдің ықпал ету аймағында отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Мәскеу осындай әрекеттер арқылы өзімен санасуымыз қажет екенін аңғартып отыр. Оны жоққа шығарып, жауласа кетудің қажеті жоқ. Мұндай пікірлерді ушықтырмай, ұлттық мүддемізді қорғай отырып шешуіміз қажет деп есептеймін", – дейді сарапшы.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі