Қоғам

Таразда гимназия аумағында оқушы биіктен құлап, ауыр жарақат алды

Тараз қаласындағы №40 гимназия аумағында болған оқиға салдарынан оқушы ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға таңертең болған. Оныншы сынып оқушысы гимназия ғимаратының сыртындағы өрт сөндіру баспалдағына көтерілген. Бейнебақылау камералары оның баспалдақ қоршауына шыққанын, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, төмен құлағанын тіркеген.

БАҚ мәліметінше, оқиғаға дейін жасөспірім WhatsApp мессенджерінде қоштасуға ұқсас хабарламалар жіберген болуы мүмкін. Құлағаннан кейін ол облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, бас миының зақымдануы, сүйек сынуы және ішкі ағзалардың жыртылуы сияқты ауыр жарақаттар анықталған. Қазіргі таңда оның жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

Сондай-ақ оқушының сабақ үлгерімі жақсы болғаны, түрлі үйірмелерге қатысқаны айтылады. Бұған дейін оған қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілгенімен, анасы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуден бас тартқаны хабарланды.

Оқиғаға байланысты мектеп аумағындағы қауіпсіздік мәселесі де көтеріліп отыр. Атап айтқанда, күндіз оқу орны аумағының ашық болуы бөгде адамдардың еркін кіруіне мүмкіндік беретіні айтылуда.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Сайт Әкімшілігі