Тараздағы жарылыс: төтеншеліктер тірі адамды «өлтірген»
Жарылыс болған үйде адамдар қайтадан тұрып жатыр. Тараздағы жарылыстан «оқиға орнында мерт болды» деп таратқан төтенше жағдайлар қызметінің ақпаратындағы 1987-ші жылы туған Аида ТӨЛЕГЕНОВАНЫ туыстары қалалық балалар ауруханасынан тапты.
Аида 3-ші қабаттағы бөлмесінде таң намазын оқып тұрғанында жарылыс болып, қатты дүмпу оны терезенің жақтауларымен бірге сыртқа ұшырып, даладағы талға ілініп қалыпты. Бұл жайында ЖАС АЛАШ сайтының өңірдегі тілшісіне Аиданың бөле әпкесі Гүлшан МҰСАҚЫЗЫ айтып берді. Төтенше жағдайға байланысты құрылған штабтағылар «жарылыстан 3 адам қаза тауып, 6 адам жараланды» деген ресми ақпарат таратқан болатын. Олар 1987-жылы туылған Аида Төлегенова, 1996-шы жылы туылған Темірханұлы Бексұлтан мен Назерке Егізбай деп көрсетілген. Бірақ, мәйітті анықтауға барған Аиданың туыстары марқұмның өз қыздары емес екенін айтады.«Бізге көрсеткен қыздың дене бітімі, шашының түсінде ұқсастықтар бар екен. Бірақ, біз ол мәйіт Аиданікі емес екенін басқа да белгілерінен білдік», — дейді Гүлшан. Осылайша, штабтағылар туыстарын біраз әуре-сарсаңға салғанға ұқсайды. Жарылыстан жараланғандардың арасынан да таппай шарқ ұрып іздеген туыстарына ақыры штабтағылар балалар ауруханасында жас қыздың басына ота жасалғанын жеткізіпті. Міне, Аиданы сол жерден тауып, штабтағылардың он бес жасар қыз бала деп балалар ауруханасына жатқызғандары жасы 30-дан асқан келіншек болып шығады. Ол кезде төтенше жағдайлар қызметі тірі адамды «өлтіріп» ақпарат таратып жіберген. Қазіргі таңда мәйіттің иесі анықталғанмен, ақпаратын жарияламады.Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат ОРЫНБЕКОВ: «15 жасар қыз балаға ота жасалып, жағдайы қазіргі таңда қалыпты» деп бізге пікір бергенімен, туыстары Аиданың жағдайы ауыр екенін айтады. Сіңілісінің бас сүйегі, жақ сүйегі сынғанын, әлі есін жинамағанын айтқан әпкесі Гүлшан қазіргі таңда науқасты қалалық ауруханаға ауыстырғанын жеткізді. Жарылыстың ошағы болуы мүмкін деген 49-шы пәтердегі 1954-ші жылғы Сағынбек АРАПБЕКТІҢ жағдайы ауыр. Денесінің 50 пайыздан астамын күйік шалған. Қарияның 2000-шы жылғы Аружан және 2001-ші жылғы Айжан есімді қос немересі де аурухана төсегіне таңылған. Олардың жағдайын дәрігерлер орташа ауыр деп отыр. Сағынбек әулетінен бөлек, апаттан 1994-ші жылғы Айтжан Айбану, 1997-ші жылғы Абенова Альбина және 1972-ші жылғы Остапенко Лариса қатты зардап шеккен.Жарылыс болған осы 62-ші үйдің 4-ші подьездінің 1-ші қабатында тұратын көпбалалы отбасының көрер қызықтары бар екен, көлденең қырсықтан құдай қағыпты. Алдыңғы күні кешкісін Байзақ ауданы Сарыкемердегі туыстарына қонаққа барған олар кеш болып кеткендіктен үй иесінің қолқалауымен сол жақта түнеп қалыпты. Таңертеңгісін келген олар үйлерінің үйіндіге айналып жатқанын көреді. Жарылыс болған үйге көршілес тұрған №59 үйдің тұрғыны Аңсар Ерболұлы қатты дауыстан шошып, далаға шығыпты.- Қатты жарылыстың даусынан оянып, далаға атып шықтым. Көршілес үйдің 2-ші қабатынан егде жастағы ер кісінің көмекке шақырғанын естідім. Сол сәтте төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері де келген екен. Олармен бірге жарылыс болған үйге кіріп, қайтыс болғандарды, жараланған адамдарды далаға алып шығуға көмектестім. Олардың үстіне үйдің қабырғалары құлап, бетондарға бастырылып қалған, — дейді.Жарылыс болған үйдегі бірнеше отбасы өмірлерінің қауіптілігіне қарамастан өз шаңырақтарында түнеп шығып, қазіргі таңда сол жерде тұрып жатыр.Фотолар автордікі.