Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының үздік ойыншылары қатарына енді
Алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков UEFA Чемпиондар лигасының 2024/25 маусымындағы ең үздік ойыншылардың бірі атанды.
Flashscore порталының бағалауынша, қазақстандық футболшы турнирдің символикалық құрамына енген. Анарбеков жалпы кезеңде алты матч өткізіп, қарсыластардың 26 қауіпті соққысын қайтарды. Бұл көрсеткіш бойынша ол француздың «Марсель» клубының қақпашысы Херонимо Рульимен бір деңгейде тұр.
Ал көш басында норвегиялық «Будё-Глимт» командасының қақпашысы Никита Хайкин мен мадридтік «Реалдың» жұлдызы Тибо Куртуа орналасқан. Темірланның турнирдегі ең жарқын ойыны плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтикке» қарсы матчта өтті. Ол пенальти сериясында үш бірдей соққыны қайтарып, «Қайратқа» тарихи жеңіс сыйлады. Осы жеңістің арқасында алматылық клуб Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Қақпашы бұл кездесуде негізгі құрамдағы голкипер Александар Заруцкий жарақат алғаннан кейін алаңға шыққан болатын.
Анарбеков өзіне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, команданың басты қаһармандарының біріне айналды. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының алтыншы турында өткен «Қайрат» пен грек клубы «Олимпиакос» арасындағы кездесуде де қазақстандық қақпашы ерекше көзге түсті. Сол ойынның қорытындысы бойынша ол матчтың үздік ойыншысы (MVP) деп танылды.
Осылайша Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасы тарихында MVP атағын алған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде ел футболының тарихына есімін жазды.