Тоқаев ЕАЭО елдерін жасанды интеллект саласында бірігуге шақырды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында технологиялық жобаларды дамыту және жасанды интеллект саласында бірлескен жұмыс жүргізу қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы кеңейтілген форматтағы ЕАЭО Жоғары экономикалық кеңес отырысында Қазақстанның ІТ-қызметтер бойынша нетто-экспорттаушы елге айналғанын мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, елдегі IT-экспорт көлемі 1 миллиард доллардан асқан. Сонымен қатар Қазақстан E-Government Development Index (EGDI) рейтингінде 24-орынға ие болып, онлайн қызметтер сапасы бойынша әлемнің үздік ондығына кірген.
Тоқаев Астанада халықаралық жасанды интеллект орталығы Alem.ai іске қосылғанын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл орталық талантты мамандарды тартатын және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлейтін аймақтық хабқа айналуы тиіс.
Президент ЕАЭО елдері цифрландыру, мемлекеттік басқару және платформалық шешімдер бойынша әртүрлі бағытта айтарлықтай тәжірибе жинағанын айтып, осы тәжірибелерді біріктіру қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, ортақ технологиялық бастамалар мен тәжірибе алмасу ЕАЭО елдерінің цифрлық дамуын жеделдетіп, олардың жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.