Тоқаев Көшпенділер ойындарындағы жетістігі үшін Қазақстан құрамасына алғыс айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының өнер көрсетуін жіті бақылап отыр.
Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы жетістігіне үлес қосқан азаматтардың барлығы ынталандырылатынын айтты.
Президент туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арқылы қазақстандық спортшыларға сәлем жолдап, жаңа жеңістер тіледі. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен жаттықтырушыларға алғыс айтып, құраманы жарысқа дайындауға атсалысқан барлық маманның еңбегін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан жалпыкомандалық медаль кестесінде бірінші орынға шыққан еді. Жарыстар әлі жалғасып жатқандықтан, медаль саны мен командалардың орны өзгеруі мүмкін.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Оған 100-ден астам елден 3 мыңға жуық спортшы қатысуда. Бағдарламаға ұлттық күрес түрлері, ат спорты, дәстүрлі садақ ату және зияткерлік ойындарды қоса алғанда 43 спорттық дисциплина енгізілген.