Қоғам

Тоқаевтың жиені әлеуметтік желіде парақша ашып, Құрылтайдағы жұмысын көрсетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуова Құрылтай депутаты ретінде атқарып жатқан жұмысын алғаш рет көпшілікке көрсетті. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында парламент отырыстарынан, кулуардағы кездесулерден және құжаттармен жұмыс барысынан фотолар жариялаған.

Фото: әлеуметтік желіден

 46 жастағы Медеуова Парламентке «Әділет» партиясының тізімімен сайланып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді. Оның айтуынша, комитетте заң жобаларын әзірлеу және Құрылтай қарауына ұсынылатын мәселелерді дайындау жұмыстарына қатысады.

«Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын жоғары өкiлдi орган, бір палаталы Парламент – Құрылтайдың депутаты болу мен үшін үлкен мәртебе. Заң жобаларын әзірлеу және Құрылтай қарауына жататын мәселелерді дайындау жұмыстарын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жүргізетін боламын», – деп жазды ол.

Дана Медеуова – Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған қарындасы Қарлыға Ізбастина мен Қазақстанның Болгариядағы бұрынғы елшісі Теміртай Ізбастиннің қызы.

Ол 2004 жылы саясаттану саласында докторлық диссертация қорғаған. Кейін тоғыз жыл Абай атындағы ҚазҰПУ-да проректор қызметін атқарды. Сондай-ақ Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарған және Астанада Кипрдің құрметті консулы болған.

Сайт Әкімшілігі