Live

Тоқтар Төлешов ісін жеңілірек бапқа ауыстыруды сұрап отыр

«Шымкентсыра» зауытының бұрынғы иесі, 2016 жылы сотталған Тоқтар Төлешов адвокаты арқылы Қарағанды облысының Абай аудандық сотына өтініш берді.

"Сыра патшасы" – Тохтар Төлешов. Фото: otyrar.kz сайтынан алынды: Facebook

 Қорғаушы тарап оның әрекеттерін Қылмыстық кодекстің жеңілірек бөліктері бойынша қайта саралауды сұрап отыр. Бұл туралы кәсіпкердің адвокаты Ыдырыс Әбішев мәлімдеді.

«Тоқтар Төлешовке қатысты қылмыстық заңның кері күшін қолдану туралы Қарағанды облысының Абай аудандық сотына өтініш жолданды. Қылмыстық кодекстің 6-бабында сотталған адамның жағдайын жақсартатын заңның кері күші болатыны көрсетілген. Біз осы нормаға сүйеніп сотқа өтініш бердік», – деді адвокат кәсіпкердің ұлы Арсен Төлешовпен Instagram желісіндегі мәлімдемесінде.

Адвокаттың айтуынша, Төлешовке үкім шығарылған кезде оның әрекеттері 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің нормалары бойынша сараланған. Алайда содан бері Қазақстанның қылмыстық заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілген. Оның ішінде Төлешов сотталған баптар да бар.

Қорғаушының сөзінше, бұрын Төлешовтің әрекеттері тиісті баптардың неғұрлым ауыр бөліктері бойынша сараланған. Кейін кейбір саралаушы белгілер декриминализацияланғандықтан, енді оның әрекеттерін жеңілірек бөлік бойынша қайта саралауға мүмкіндік туған.

Осыған байланысты Төлешов пен оның адвокаты қолданыстағы заңның кері күшін қолдану туралы Абай аудандық сотына жүгінген.

Арсен Төлешов адвокаттан әкесін қорғау барысында қандай да бір кедергілерге тап болған-болмағанын да сұрады. Ыдырыс Әбішев мұндай қиындықты байқамағанын айтты.

Ал қорғаушы тараптың бұл өтініш арқылы нақты қандай нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырғаны туралы сұраққа адвокат әзірге жауап беруге ерте екенін жеткізді.

21 жылға сотталған

Шымкент сыра зауытының бұрынғы иесі Тоқтар Төлешов 2016 жылы мамандандырылған ауданаралық әскери соттың үкімімен мүлкі тәркіленіп, қатаң режимдегі колонияда 21 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған сол кезде мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалды деген айып тағылған.

Төлешов 2016 жылғы 30 қаңтарда Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталды. Оның тұрғылықты жері мен жұмыс орнын тінту барысында атыс қаруы, есірткі заттары және кітаптар табылып, тәркіленген.

Кәсіпкерге психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу және сақтау, қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топ құру және оған басшылық ету бойынша да айыптар тағылды.

2017 жылы Тоқтар Төлешов салық төлеуден жалтарды деп танылып, тағы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол мемлекетке 1,4 млрд теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттелді.

Зауыт қазір Алагөзовке тиесілі

Қазір Шымкент сыра зауыты кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовке тиесілі. Ол кәсіпорынды 2024 жылғы ақпанда Тимур Жанабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алған.

Содан бері Алагөзов Шымкент сыра зауытына 40 млн доллар инвестиция салған. Оның шамамен 15 млн доллары жалпы аумағы 20 мың шаршы метр болатын жаңа ғимараттар салуға, қоймалар мен жабдықтарды орналастыруға және коммуникация жүргізуге жұмсалған.

Тағы 7 млн доллар алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа цехтың құрылысына бағытталған. Мұнда Алагөзовке тиесілі Galanz Bottlers компаниясының Maxi Чай және басқа да брендтері шығарылады.

Тұрсынғали Алагөзов Forbes нұсқасы бойынша 160 млн доллар дәулетімен Қазақстанның ең бай азаматтары тізімінде 58-орында тұр. Ол Galanz Bottlers, «Шымкент сыра зауыты» және JFood Kazakhstan компанияларының мажоритарлық иесі.

Сайт Әкімшілігі