Тоқаев жаңадан тағайындалған Қорғаныс министріне әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдады.
Кездесуде елдің қорғаныс қабілетін нығайту, әскердің жауынгерлік дайындығын арттыру және әскери басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау басты міндет болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл талапты барлық деңгейдегі әскери қолбасшылық қатаң сақтауы тиіс.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскери даярлықтың сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту және әскерге заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек, әскердегі тәрбие жұмысын күшейтіп, сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп пен Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
Кездесуде әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселелері де қаралды.