спорт

Тоқсанбаеваның медальдан айырылуына жапондар емес, қазақстандық шенеуніктер кінәлі – сарапшы

Тоқсанбаеваның медальдан айырылуына жапондар емес, қазақстандық шенеуніктер кінәлі – сарапшы

Фото ҰОК

Азия ойындарында медальдан айырылған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның жарыстан шеттетілуіне төрешілер емес, отандық спорт шенеуніктерінің салғырттығы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Кондрат Qumash.kz басылымына берген сұхбатында айтты.

Еске салайық, 27 қыркүйекте Тоқсанбаева 42 шақырымдық спорттық жүріс жарысында мәреге бірінші жеткен. Алайда аяқкиімі халықаралық талаптарға сәйкес келмегендіктен, нәтижесі жойылды. Соның нәтижесінде қола медаль жапониялық Юкико Умэноға бұйырды.

Кейбір жанкүйерлер жапон төрешілерін айыптағанымен, Алексей Кондрат бұл пікірмен келіспейді.

"Жапондар өз спортшысын алға шығару үшін қазақстандық атлетті әдейі жарыстан шеттетті деген айыптаулар – кінәні өзгеден іздеу ғана. Төрешілер өз жұмысын әділ атқарды", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, World Athletics 2026 жылы спорттық аяқкиімге қатысты ережелерді жаңартқан. Алайда Азия ойындары кезінде Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының сайтында 2019 жылғы ережелер жарияланып тұрған.

Сарапшы спортшының аяқкиімі жарысқа дейін тексерілген деген уәжді де негізсіз деп есептейді. Өйткені халықаралық регламент бойынша аяқкиімді тексеру жарыс аяқталғаннан кейін жүргізіледі.

Қазір жағдайға байланысты арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы шешімге қарсы халықаралық Спорттық арбитраж сотына (CAS) жүгінуді жоспарлап отыр.

"Ясмина Тоқсанбаева осы аяқкиімсіз-ақ Азия ойындарында жеңіске жете алар еді деп ойлаймын", – деді Кондрат.

Айта кетейік, спортшы ресми медальдан айырылғанымен, оған тиесілі сыйақы мен мемлекеттік марапат берілетіні хабарланды.

Сайт Әкімшілігі