Трамп Иранға шабуылдарды қайта бастауды қарастырып жатыр
CNN мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққы беруді қайта бастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Телеарна дереккөздерінің айтуынша, Трамп Ормуз бұғазының әлі де жабық тұрғанына байланысты «шыдамы таусылып барады».
Сонымен қатар АҚШ президентіне Тегеранның ядролық келіссөздерде қатысты ұстанымы да ұнамай отыр. CNN дереккөздері мұны Иран басшылығы ішіндегі «алауыздықпен» байланыстырады.
Axios басылымының жазуынша, Трамп Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді әскери сүйемелдеу операциясын қайта бастау мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, америкалық әскерилер бұрын анықтаған, бірақ әлі соққы жасалмаған нысандардың 25 пайызына шабуыл жасау нұсқалары талқылануда.
Алайда шешім АҚШ президентінің Қытайға сапарына дейін қабылданбауы мүмкін. Трамптың Қытайға сапары 13-15 мамырға жоспарланған.
Бұған дейін Трамп АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату режимі «жасанды тыныс алу аппаратында» тұрғанын, ал оның сақталып қалу ықтималдығы небәрі 1 пайыз екенін айтқан.
АҚШ пен Израиль әскері 28 ақпанда Иран аумағына соққы бере бастаған. Бұған жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыстағы АҚШ әскери нысандарына, сондай-ақ Израиль аумағындағы нысандарға шабуыл жасаған.
Кейін, 8 сәуірде Вашингтон мен Тегеран атысты тоқтататынын жариялады. Бастапқыда бұл қысқа мерзімді бітім ретінде мәлімделгенімен, кейін бірнеше рет ұзартылды. 11 сәуірде тараптар Исламабадта келіссөз өткізді, бірақ ортақ мәмілеге келе алмады.
Сәуір айының соңында Иран АҚШ-қа келіссөздің үш кезеңнен тұратын формуласын ұсынды. Оның ішінде Ормуз бұғазын ашу мәселесі де болған. Ал мамыр айында Тегеран Пәкістан делдалдары арқылы АҚШ-пен қақтығысты реттеу бойынша жаңа ұсыныстар жолдады.
Дональд Трамп Тегеранның Вашингтон ұсынысына берген жауабын «мүлдем қабылдауға келмейді» деп бағалады. Ол тіпті Иранның ұсыныстарын «соңына дейін оқымағанын» айтып, оны «қоқыс» деп атаған.