Түркияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынды
Түркия парламенті 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң қабылдады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Жаңа заңға сәйкес, әлеуметтік желі платформалары қолданушылардың жасын тексеру бойынша нақты шаралар қабылдауға міндеттеледі.
Сондай-ақ бұл талап ойын платформаларына да қатысты болады – олар ойындарды жас ерекшелігіне қарай жіктеуі тиіс.
Бұдан бөлек, пайдаланушылар саны көп платформалар Түркия аумағында өз ресми өкілін тағайындауы қажет.
Бұған дейін Yeni Şafak басылымы елде балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болған қарулы оқиғалардан кейін үкімет арнайы SIM-карталар енгізуді жоспарлап отырғанын жазған еді. Бұл SIM-карталар балалар үшін зиянды контентті автоматты түрде бұғаттайтын жүйемен жабдықталады.
Сонымен қатар билік VPN-сервистерді бұғаттау және 18 жасқа дейінгі балалардың интернетті пайдалануын шектеу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.